Биыл Қарағанды облысының медицина ұйымдарына 467 жас маман келеді
Биыл Қарағанды облысының денсаулық сақтау ұйымдары 467 жас маманмен толықпақ. Өңірдегі ауруханалар мен емханаларға 77 дәрігер-резидент және орта буындағы 390 медицина қызметкері жұмысқа орналасады. Жас кадрларды тарту және оларды өңірде тұрақтандыру мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы төлеу, сондай-ақ коммуналдық шығындарды өтеу сияқты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасының іске асырылуы туралы облыс әкіміне Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев баяндады.
Қазіргі таңда өңірдің мемлекеттік медициналық ұйымдарында 11 мыңнан астам маман еңбек етеді. Соған қарамастан, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр және оны азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Негізгі басымдық Қарағанды медицина университеті мен медициналық колледждердің түлектері қатарынан өз кадрларымызды даярлауға берілген. Биылғы резидентура түлектерінің 77-сі медициналық ұйымдарға алдын ала бекітілген. Болашақ қызметкерлердің кәсіби бейімделуіне тәлімгерлер көмектеседі.
– Көтерме жәрдемақы төлеуді қоса алғанда, әлеуметтік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп келеді және кадрларды тартудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Сондай-ақ жаңадан келген мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады, – деп атап өтті Самат Кенжебаев.
Оның айтуынша, Жол картасы аясында 80 қызметтік пәтер беру көзделген. Қалалар мен аудандарда келетін мамандар үшін тұрғын үй қорының резерві жасақталған.

Сонымен қатар облыстық бюджет пен медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен резидентурада мамандар даярлау жалғасуда.
Бұл шаралардың барлығы, әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған.
– Біз облысқа медициналық кадрларды тарту және оларды тұрақтандыру үшін жүйелі түрде жағдай жасап келеміз. Көтерме жәрдемақылар төленеді, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған, тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсетіледі. Алайда бұл жұмыстардың басты мақсаты — облыс тұрғындарының қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Сондықтан денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



