Төл мейрам — Шахтинск төрінде
Шахтинск қаласының тұрғындары Наурыз мейрамын сән-салтанатпен қарсы алды. Ұлыстың ұлы күнінде қала орталығында киіз үйлер бой көтеріп, түрлі қойылымдар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Мейрамды тойлау орталық алаңда “Қош келдің, Әз-Наурыз” хореографиялық композициясымен басталды. Мәдениет үйінің өнер майталмандары қазақтың дәстүрі мен салт-санасына сай дайындалған мерекелік қойылым көрсетіп, концерттік бағдарламаға кезек берді. Қала тұрғындарын мерекемен құттықтауға Қарағанды қаласынан Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің “Әуен”, “Арқа сазы” ансамблдері мен жеке орындаушылар арнайы келіпті.
Алаңға жиналған тұрғындарды Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов Наурыз мейрамымен құттықтады.
-
Бұл шуақты мейрам бізге Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Сонау ерте заманнан бері күллі Шығыс халқына ортақ мейрам болып келген көктем мерекесі құтты болсын! Бұл күнді біз зор қуанышпен және мақтанышпен қарсы аламыз, – деді қала басшысы.
Орталық алаңға екі мыңнан астам халық жиналды. Қыстың ызғары қайтып, көктемнің лебі анық сезіледі. Тұрғындардың жүздері бал-бұл жанып, мерекенің көркін қыздыра түскендей. Әсіресе, бірін-бірі қуалап, шашу теріп шат-шадыман болған балалардың қуанышында шек жоқ.
-
Наурыз – біз үшін ерекше мейрам. Бұл күнді отбасымызбен асыға күтеміз. Әсіресе балалар жағы тағат таппай, Наурыз көжені сағына күтеді. Биыл да жылдағы дәстүріміз бойынша алаңға келіп тұрмыз. Концерттік бағдарламалар аяқталған соң туған-туыс, дос-жаранмен бірге ақ дастарханның басында тойлаймыз, – дейді қала тұрғыны Маржан Бәкірова.
Наурыз тойынан қаладағы этномәдени орталықтар да қалыс қалмады. Олар тіккен киіз үйлерде шағын концерттік бағдарламалар қойылып, ән мен күйден шашу шашылды.
Мерекелік бағдарлама спорттық сайыстармен жалғасын тапты. Ептілер арқанмен жоғарыға өрмелесе, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған жігіттер кір тасын көтеруден сынға түсті. Ал, мәдениет сарайының спорт залында қазақ күресінен “Шахтинск барысы – 2019” турнирі өтті. Спорттық сайыстың жеңімпаздары медалдармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, қазақ күресінен ерекше көзге түскен балуандар облыстық бәсекеге жолдама алды.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
“Ortalyq Qazaqstan”