АймақБұқар жырау

«Сыр сандықта» сырласамыз

«Бұлақ көрсең көзін аш» деген аталы сөзді жадымызға тоқып өскен ұрпақпыз. Үлкеннен алған тәлім-тәрбие мен ұлағат күні бүгінге дейін өзімізге азық болып келеді. Ойлап қарасақ, соңымыздан ерген шәкірттеріміз бізге қарап бой түзеп, өсіп келеді. Ал, сол шәкірттерге білгенімізді үйрету – басты міндет. Мектепте оқушыларға арналған өзін-өзі басқару ұйымы бар. Сол ұйым жеті бірлестікке бөлінген. «Ұлағат» бірлестігіне жетекшілік етіп, оқушылармен Youtube арнасы арқылы подкаст түсіруді қолға алдық.

Өзін-өзі басқару ұйымының басты мақсаты – оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізіп, шығармашылыққа баулу. Қазіргі таңда жастар әлеуметтік желіде көп отырады. Осыны негізге ала отырып, Youtube арнасынан «Сыр сандық» бағдарламасын аштық. Осы орайда келер жылы – Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл екенін ескеріп, бағдарламаның атауын ақынның құрметіне орай «Сыр сандық» атадық.

Жалпы бағдарламаға мектеп ұстаздары мен оқушылары қонақ ретінде қатыса алады. Алғаш саны мұғалімдер күні қарсаңында жарыққа шықты. Мектептің технология пәні мұғалімі, он саусағынан өнер тамған суретші Берік Қарашолақов кейіпкер ретінде қонаққа келіп, көптеген мәліметтер айтты. Бойындағы талантын, еңбегін жас ұрпаққа насихаттап, туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Кейіпкеріміз қазақ өнері, тәрбие мен ұрпақ сабақтастығы жөнінде кеңінен әңгіме қозғап, кеңес айтты.

Алдағы уақытта бағдарламаға ұстаздарды ғана емес, мектеп үздіктерін шақыру жоспарда бар. Осылайша мектеп оқушыларының білімге, ізденіске деген қызығушылығын оятқымыз келеді. Алғашқы бағдарламаны 9-сынып оқушысы Дильнара Серғазықызы жүргізіп, бейнетаспаға 10-сынып оқушысы Нұрислам Жолдас түсірді. Қазір екеуі бірлесе бағдарламаның екінші санын әзірледі. Келесі санын мектеп ұстаздары, оқушылары ғана емес, ата-аналар да асыға күтуде. Бала – өсіп келе жатқан жас шыбық секілді. Қалай суғарып, қалай күтсеңіз, соғұрлым өнім аласыз. Біз жоба арқылы тек ұстазды насихаттаумен шектелмей, баланың құштарлығын, ізденісін де негізге алдық. Әрі осы бағдарлама арқылы тек бір сыныпты ғана емес, бүкіл мектеп оқушыларын әлеуметтік желі арқылы тәрбиелей аламыз деп сеніммен айтамыз.

Құдайберген ӨРКЕН,
Үштөбе тірек мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button