Руханият

Кестедегі келбет

Адамның қиялы – шексіз. Талант – шектеулі. Ақын әсерін өлеңмен өрсе, әнші ән арқылы жеткізеді. Суретші бейнелеуден ләззат алады. Қиялы мен талантын ұштастыра білетіндер кемде-кем. Соның бірі – тоқу технологиясы арқылы Алаштың зиялыларын кестелеп жүрген – Берік Қарашолақов. Дегенмен, осындай дара талант иесін екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді. Әттеген­айы сол…

Үштөбе ауылы, Үштөбе тірек мектебінде технология пәні мұғалімі Берік Қарашолақов он саусағынан өнер тамған жан болғанымен, болмысы қарапайым. Ел ішінде мұндай өнерлі азаматтың барын естіп, арнайы іздеп бардық. Картинаға толы сыныбында қазақтың арда ұлдарының кестеленген портретінен көз тұнады. Төрде Абай, Қасым, Сәкен, Ахмет пен Әлихан портреті тұр. Берік ағамыздың көз майын тауысып, қыруар уақытын сарп еткенін аңғару қиын емес. Барлық портрет тоқу технологиясы арқылы жасалған. Кейбіреуін сұрағандарға сыйға тартып та жіберіпті.

– Алғашында бұл тәсілдің атауын білмедім. «Тышқанның ізі» деп аталатынын кейін білдім. Әуелі дүкеннен үнді жіптерін көрдім. Содан осындай ой келді. Қолымды үйрету үшін алғашқы кестелегенім аттың суреті болды. Қолымды суытып алмайын деп бірден өзімнің портретіме кірістім. Ол да көңілден шықты. Кейінірек, «Неге Алаш арыстарының портретін салмасқа?» деп ойладым. Сөйтіп, матаға қарындашпен суретін салып, артынша тігіп шықтым. Аяқтап болғаным сол еді, бір таныс ағам келіп, суретке қарады да, көзіне жас алды. Қоярда-қоймай алып кетті. Міне, осылай басталды бұл іс, – деді Берік Амантайұлы.

Берік Амантайұлы бір туындысына бір ай уақыт жұмсайды екен. 7-8 түсті жіпті қолдана отырып, екі планда салады. Бірінші планда – негізгі кейіпкер, екінші де – бір түсті фон. Ол фон, автордың айтуынша, адамның мінез-құлқын, тегін білдіреді.

Мәселен, Әлихан Бөкейхан портретінің екінші планы – қызыл түсті. Бұл тұлғаның мінезін көрсетеді дейді. Және тектілігін аңғартып тұр. Абай портретінің фоны – қызылды-жасыл түс, аралас. Қазақтың бас ақыны, әрі орта жүзден шыққанын осы бір ашық түстермен бейнелепті. Сәкен бейнеленген картинаның екінші планы – ашық және қою қаракөк. Ақынның көпке белгілі «Тау ішінде» әніне үндескен.

Суретші негізгі детальдарын салып біткен соң екін- ші пландағы дүниелерді шәкірттеріне тіктіреді екен. «Шәкірттерім білсін, үйренсін» деп қолына ине-жіп беріп, баулып келеді. Сондай шәкірттерінің бірі 11-сынып оқушысы – Ақниет Аман.

– Ең бірінші салған суретім әлі есімде. Түрлі-түсті қарындаштың сыртындағы мультфильм кейіпкерлері еді. Көп адам жылы лебіз білдірді. Бұл маған үміт пен сенім сыйлады. Анам құрақ көрпе, ою түрлерін тігеді. Үйде қолыма ине алып, киім тігіп жүргеннен болар, сурет тігу аса қиынға соқпады. Ұстазымның берген бағыт-бағдарымен жүріп келемін. Осы технологиядағы алғашқы еңбегім – Ахмет Байтұрсынұлының портреті. Ұстазым портретті салып, артқы фонын маған тігуді тапсырды. Алдағы уақытта дизайнер болғым келеді, – деді шәкірті Ақниет Нұрланқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button