Сыныптасы жоқ бала

Қара бастың қамы үшін қала барып,
Жұртымыздың жүрегін жараладық.
Бауырынан көк белдің ұшқан құс та,
Ауылымнан келеді хабар алып

Сол хабардан ұққаным,
Шетке бөтен,
Шеру тартқан аз емес, көптен екен.
Бізден соң да көбі елдің кіндік үзіп,
Ауа көшіп аулаққа кеткен екен.

Туған жерді (тұратын жаным қалап),
Ойлар болсам уайым қалыңдамақ.
Бал күнімнің куәсі ескі үйіме,
Ескі көршім жүр дейді малын қамап.

Тілімдеген жүрегін тірі адамның,
Жайын естіп қалайша жұбанармын.
Сыныптасы жоқ екен бір інімнің,
Түлік басы көп екен бір ағамның.

Болмаған соң болаттай ірге мықты,
Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.
Сырласы жоқ кәріні көріп едік,
Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?!

Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,
Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.
Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,
Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала.

Өміріме өң берген өңір еді,
Жүрегімді осы жайт кеміреді.
Көзімді ілсем түс көрем…
Түсімде ылғи,
Сырын айтып бір бала егіледі.
Сырын айтып бір бала мұңаяды,

Қинаған жоқ мені ешкім бұлай әлі.
Сол баланың тағдырын кім түсініп,
Сол баланың тағдырын кім аяды?!
Қандай белгі қалады өткенінен,

Балалықтың балауса көктемінен.
Жалғыз аяқ жолменен жалғыз барып,
Жалғыз қайтар жабырқап мектебінен,
Құрдасы жоқ бауыр-ай, досы да жоқ,

Қалай айтам жабықпа, жасыма деп.
…Қараша үйде қариям отыр дейді,
«Көрсеткенің, е-е-е, тағдыр, осы ма деп»…

Ілияс МҰҚАЙ