Су тасқынына дайындық мығым
Бұқар жырау ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары басталып кетті.
Ауданда су тасқыны кезеңіне дайындық жаз мезгілінде басталған. Су басу қаупі төнген аумақтарда жүргізілген жұмыстар жайлы төтенше жағдай бөлімінің басшысы мәлімдеді. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін қауіпті аумақтарға топырақ төгілді, арналар қазылып, су өткізгіштер орнатылды.
Көктемде Жастілек ауылындағы тұрғын үйлерге су басу қаупі төнді. Сондықтан, аталған учаскеде мамандар арықты кеңейтіп, тереңдетіп, қосымша үш құбыр орнату шешімін қабылдады.
Ғабиден Мұстафин кентінде және Нұра станциясында қорғаныс құрылыстарын күшейту үшін ұзындығы 330 метр жаңа білік салынды. Бұндай шаралар Ынтымақ және Сарытөбе ауылдарында да жүргізілді.
– Қазіргі таңда Сарытөбе ауылындағы Новостройка көшесінде қорғаныс бөгетінің құрылысы аяқталуда. Жаңаталап ауылындағы қорғаныс бөгеттерінің шөгіп қалған бөлігі нығайтылып, оны көтеру жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнда жұмыстың 90 пайызы аяқталды, – дейді Бұқар жырау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерсін Жүнісбеков.
Самарқанд су қоймасынан жыл сайын су ағынының көбеюіне байланысты Чкалов ауылын да су басу қаупі бар. Нұра өзенінің бойында бөгет салу арқылы аталған аумақтағы бөгеттерді нығайту туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Теміртаудан басталған тазарту құрылғысының каналы Нұраға қарай бұрылды. Жаңа жасалған каналдың ұзындығы 300 метрді құрайды. Бұл мамандардың пікірінше, су тасқынының қаупін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі. 14 мыңнан астам тонна инертті материал дайындалды. Қауіп төнген жағдайда, материал қолданылатын болады.
Сонымен қатар, Ботақара кентіндегі Төреғожин көшесінде жаңбыр суын өткізетін жүйе аяқталды. Байқадам су қоймасының су өткізу учаскелері нығайтылды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz