Дауылпаз жырдың дабылы
Қарағандының брендіне айналған әдеби іс-шаралар көп. Солардың бірі – қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» атты республикалық мүшәйра. Жыр додасын жыл сайын Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалы облыстық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырып келеді. Жыл сайын кеншілер шаһарына қатысушылардан бөлек Қасымның аруағына бас иіп, Алаштың мүйізі қарағайдай қаламгерлері ат басын бұрады. Биыл шайырлардың жырын бағалауға киелі Маңғыстаудан Алаштың айтулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан, Есілдің жағасынан қазақтың Ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан жетті. Алатаудың бөктерінен жеткен қазақтың көрнекті ақыны, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Бауыржан Жақып қазылар алқасының төрағасы болды. Қазылар алқасының құрамында Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы да бар.

Дәстүр бойынша марапаттау рәсімінің алдында құрметті меймандар Қасым Аманжоловтың ескерткіші алдында өлең оқыды. Ақынның рухына өлеңмен тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Қарағандының аспанында поэзияның үні қалықтады. Светқали Нұржан Қасым Аманжоловтың қазақ руханиятындағы орнына тоқталды.

– «Қасым деген – қалғыған жанартау ғой, Жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп» деп еді қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали. Тұтас бір дәуірдің дауылпаздары болады. Сол дауылпаздары болмаған жағдайда, ұлттың рухы сөніп, шырақтары өшіп, ұмыт болып кетуі мүмкін еді. Міне, сондай бір кезеңде Жаратушы Алаш жұртына Қасым ақынды жіберді.
«Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
Ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді,
Менің үшін, жетіп жатыр
өзімнің Қасым ағам», – деп осы топырақта кен қазған Жұмекен Нәжмеденов жырлаған. Бұл сөзде үлкен астар бар. Бұл өлеңде Қасымның орнын айқындау бар. Қазақ руханиятындағы Қасым рухының орнын айқындау. Үңіліп қарасаңыз, отаршылдықтан әбден езілген, еңсесі түскен, қалғып бара жатқан қазақтың рухын Қасымның дауылды жырлары оятып, көтеріп алды. Сондықтан, біз Қасымға айналып келе береміз, келе береміз! Тірі болсақ, өзіміз келеміз, тірі болмасақ, сөзіміз келеді, – деді Светқали Нұржан.
Бауыржан Жақып Қасым атындағы мүшәйраның мәні мен маңызына тоқталды.
– Қасым Аманжоловтың 80, 90, 100 жылдығына да қатыстым. Биылғы мүшәйраға республикамыздың түпкір-түпкірінен 45 жасқа дейінгі ең дарынды деген ақындар қатысты. Шын жүйрікті анықтау оңай болмады. Барлығы дерлік Қасым ғұмырын сан қырынан жырлаған. Бұл – бүгінгі қазақ поэзиясын дамыту үшін өте маңызды жыр додасы. Дәл осы додаға үкілеген үміттер келеді. Қасым поэзиясының алауы еш уақытта өшкен емес, өшпейді де. Абайдан кейінгі үлкен шоқтығы биік ақындар кім дегенде, көзге Мағжан мен Ілияс түседі. Содан кейінгі үлкен бір шоқтығы биік ақын ол – Қасым Аманжолов. Қазақ поэзиясының 60 жылдардағы қуатты толқыны Қасымның шекпенінен шыққан. Қазіргі жастар да Қасым рухынан от алып, кереметтей жақсы өлеңдер жазып, қазақ поэзиясына өздерінің үлесін қосып жүр. Қазақтың қаламгерлері Қарағандыға қашан да ерекше ілтипатпен, құрметпен қарайды. Бұл мүшәйра да жұртты осы Арқа төріне жалт қаратып отыр, – деді Бауыржан Жақып.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қабырғасында өткен марапаттау рәсімінде былтыр дүниеден озған қазақтың талантты ақыны Қайрат Асқардың «Дауыс» атты кітабының тұсауы кесілді.
Кітаптың лентасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қиды. «Қайрат Асқар – талантты ақын. Оның жырлары толқыннан толқынға жететініне кәміл сенемін», – деді Рымбала Омарбекова. Ал, Нұрлан Бикенов Қарағанды өңірі Қайрат Асқардай ақындарымен мақтанатынын, «Дауысын» жұрты жүрегінде сақтайтынын айтты.
Ақынның 115 жылдығымен тұспа-тұс келген биылғы «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» мүшәйрасына 80-ге жуық ақын қатысыпты. Қазылар алқасының шешімі бойынша, I орынға талантты ақын Мирас Асан лайық деп танылды. II орын Қасымның ізі қалған Оралдан келген Мәрлен Ғылымханға берілді. Жамбыл облысынан қатысқан Нұржан Қыдырәліге III орын берілді. Дәуітәлі Стамбеков атындағы арнайы сыйлықпен Ұларбек Нұрғалімұлы, Дәулет Ырысбайұлы атындағы арнайы сыйлықпен Төлеген Меллат, Қайрат Асқаров атындағы арнайы сыйлықпен Сезім Мергенбай марапатталды.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



