Статистикаға сыймайтын тағдыр
Инклюзивті қоғам – мемлекет дамуының басты көрсеткішінің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеті екенін ұдайы айтады. Қарағанды облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі. Дегенмен, мәселе толық шешілді деуге әлі ерте. Өйткені инклюзия – есептегі пайыз емес, әр баланың тағдыры мен болашағы.

Қоғамның өркениеттілігі ерекше баланың қоғамнан өз орнын қаншалықты еркін таба алуымен өлшенеді. Соңғы жылдары инклюзивті білім беруге қатысты заң қабылданды, мектептер бейімделді, жаңа кабинеттер жабдықталды. Дегенмен, ата-ананы толғандыратын бір ғана сұрақ бар. Ол – «Менің балама қажетті қолдау уақытында көрсетіле ме?»
– Облыста бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 17 632 бала бар. Оның 16 283-і, яғни 92,1 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Олардың 8 818-і жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Бұл – инклюзивті білім беру енді жекелеген тәжірибе емес, жалпы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді. Аймақтағы мектептердің 96,7 пайызында инклюзивті білім алуға қажетті жағдай жасалған. Бұл көрсеткіш – республикадағы жоғары көрсеткіштің бірі. Бірақ, жағдай жасаудың өзі жеткіліксіз. Басты мәселе – сол мүмкіндіктің балаға қалай жетіп жатқаны. Өйткені ерекше бала үшін мектепте сапалы білім алып, қатарластарымен тең қарым-қатынас орнатуы маңызды, – деді білім басқармасының бас маманы Галина Абишева.
Инклюзивті білім берудің тиімділігі тек көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы нәтижесі күн сайын сыныпта өтетін сабақ барысында, мұғалімнің әр оқушымен жүргізетін жұмысында көрінеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ортаға бейімделуі, қатарластарымен қарым-қатынасы және білімге деген қызығушылығы ең алдымен педагогтердің кәсіби қолдауы мен мектептегі қолайлы ортаға байланысты. Осы бағыттағы тәжірибесімен Қарағанды қаласындағы № 88 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мерей Айтмұхамедқызы бөлісті.
– Сыныбымда ерекше білім беру қажеттілігі бар екі оқушы оқиды. Олармен жеке де, топтық форматта да жүйелі жұмыс жүргіземіз. Әр баланың ерекшелігіне қарай оқу үдерісін ұйымдастыруға тырысамыз. Сыныптағы оқушылар оларды жақсы қабылдады. Бір-бірімен еркін араласады, қажет кезде қолдау көрсетіп, бірге жұмыс істейді. Бұл балалардың ортаға тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізді. Қазір олардың сабаққа қызығушылығы артып, өздерін сенімдірек ұстай бастағанын байқаймыз. Әрине, қиындықтар да кездеседі. Кейде сабақ барысында оқушылардың бірі қатты дауыстап немесе айғайлап қалуы мүмкін. Мұндай сәттерде сабыр сақтап, баланың көңіл күйін реттеуге тырысамыз. Осындай жағдайда педагог-ассистенттің көмегі өте маңызды. Жалпы, бұл жұмыста педагог-ассистент, психолог, дефектолог, логопед және ата-аналардың қолдауы ерекше рөл атқарады. Барлығы бірлесе әрекет еткенде ғана баланың дамуына қолайлы жағдай жасап, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді ол.
Биыл Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернаты қайта ұйымдастырылып, психикалық дамуы тежелген және интеллект бұзылыстары бар балаларға арналған №11 облыстық арнайы мектеп-интернаты болып жұмысын бастайды. Бұл қосымша 130 баланы арнайы біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінде, Қарағанды қаласында және Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Әсіресе, ауылдық жерлерде мұндай орталықтардың пайда болуы – ата-аналар үшін үлкен қолдау.
– Баламыз алғаш мектепке барған кезде қатты алаңдадық. «Құрдастарымен тіл табыса ала ма, сабаққа бейімделе ме?» деген сұрақтар көп болды. Бірақ, мұғалімдердің, мектеп мамандарының қолдауының арқасында баламыздың бойындағы өзгерісті көріп отырмыз. Ерекше баланы тәрбиелеу оңай емес. Кейде мінез-құлқына байланысты қиындықтар кездеседі. Осындай сәттерде мектеп ұжымының бізбен тығыз байланыста болуы – демеу. Біз үшін ең маңыздысы – баламыздың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі, – деді ерекше баланың анасы Қамқа Мұқашева.
Дегенмен, инклюзивті білімнің ең әлсіз тұсы – кадр мәселесі. Қазір облыста ерекше балалармен 776 арнайы педагог, 567 педагог-ассистент және 8 жеке көмекші жұмыс істейді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Мамандарға сұраныс әлі де жоғары. Осы қажеттілікті азайту үшін биыл академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті 46 дефектолог-бакалавр мен 13 магистрді даярлап шығарады. Сонымен бірге, әкім гранттары бөлініп, қайта даярлау курстары ұйымдастырылып жатыр.
Инклюзивті білімнің сапасы мұғалімнің дайындығына да тікелей байланысты. Қазіргі таңда облыстағы 12 048 мұғалімдердің 75,9 пайызы инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда алты пайызға жоғары. Жаңа оқу жылынан бастап, барлық алты психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ресурстық орталықтардың қызметін атқарып, мектептерге әдістемелік қолдау көрсетеді.
Ата-аналардың көтеретін мәселесі де өзгерген жоқ. Олар ең алдымен, түзету көмегінің қолжетімділігіне, мамандарға кезекке, оңалту орталықтарының аздығына алаңдайды. Осы бағытта облыста Telegram арнасы арқылы тұрақты кері байланыс орнатылып, тоқсан сайын облыс әкімінің қатысуымен кездесулер өтеді. Мұндай ашық диалог нақты проблемаларды дер кезінде анықтап, шешуге мүмкіндік береді.
Алдағы жоспарлар да ауқымды. Шахтинск пен Теміртауда аутизмі бар балаларды қолдау орталықтарын ашу қарастырылуда. Бұдан бөлек, 500 дене шынықтыру мұғалімі бейімделген дене тәрбиесі әдістемесіне, ал, 300 мектепке дейінгі ұйым педагогі ABA-терапияның заманауи тәсілдеріне оқытылады. Бұл – ерекше балалардың әлеуетін ерте жастан дамытуға бағытталған маңызды қадамының бірі.
Инклюзивті білім – әлеуметтік жоба емес, бұл – әр баланың конституциялық құқығы. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі статистикамен емес, мектепке қуана баратын ерекше балалардың саны мен олардың қоғамға еркін бейімделуі арқылы бағалануы тиіс.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



