Бас тақырыпБілімЖаңалықтар

Ермағанбет Бөлекпаев мүгедектігі бар балаларға қажетті жағдайларды 100 пайыз қамтамасыз етуді тапсырды

Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдауды күшейту бойынша бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы тамыз конференциясында айтылды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Жаңа оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат 130 орындық №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта ұйымдастырылады. Өңірде аутизмі бар балаларға арналған екі қолдау орталығын ашу, сондай-ақ «Уақыт мүмкіндіктері» ерте көмек көрсету қызметінің қамту аясын кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар ПМПК базасында алты жаңа қолдау орталығы жұмысын бастайды. Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «педагог-ассистент» мамандығы ашылады. Жыл соңына дейін 800-ге жуық маманның біліктілігін арттыру көзделіп отыр.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептердегі педагог-психологтардың жұмысы күшейтіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу шаралары да жалғасады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жыл соңына дейін барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балаларға қажетті жағдайларды 100 пайыз қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ бейінді мамандар санын арттыру және ведомствоаралық жұмысты күшейту міндеті қойылды.

Шахтинск қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығының жұмысын жыл соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Орталық педагогикалық, медициналық және әлеуметтік көмекті бір жерде көрсетіп, Шахтинскпен қатар Саран және Абай өңірлеріндегі балаларды қамтиды.

Келер жылы осындай кешенді қолдау жүйесін облыстың басқа да өңірлерінде енгізу жоспарлануда.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button