Үштөбе ауылында жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылды
Бүгін Үштөбе ауылында жаңа жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылуы өтті. «Жайлы мектептер» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп 300 оқушыға арналған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі.
– 1 қыркүйек қарсаңында облыста «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында төрт жаңа мектеп ашылды. Оның үшеуі Бұқар жырау ауданында, біреуі Қарағанды қаласында.
Жазғы демалыс кезінде облыста 217 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 19-ы толықтай жаңғыртылып, жаңартылды. Біздің міндетіміз – балалардың қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, жайлы әрі қауіпсіз жағдайда білім алуын қамтамасыз ету.
Биыл облысымызда 16 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа барса, 9546 түлек мектеп бітіретін болады.
Барша оқушыларға қызықты оқу жылын, жаңа білім, жаңа достар мен жеңістер тілеймін. Ал ұстаздарымызға шабыт пен сабыр тілеймін. Бұл жұмыстың қаншалықты күш-жігер мен қажыр-қайратты қажет ететінін жақсы білемін. Менің анам да өмір бойы мұғалім болып еңбек етті, сондықтан бұл күн маған ерекше жақын, – деді аймақ басшысы.

Жаңа білім ордасы Үштөбе ауылы, Қабанбай көшесі, 193 мекенжайында орналасқан.

Мектепте мемлекеттік тілде білім беру жүзеге асырылады.

Білім беру ұйымында бастауыш,

негізгі және жалпы орта білім беру бағдарламалары бар.

Сонымен қатар, оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінеді.

Мектепте танымдық,

шығармашылық және спорттық бағыттағы клубтық жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланған.

Атап айтқанда, хореография, сәндік-қолданбалы өнер, көркемөнер бағытындағы үйірмелер мен түрлі спорт секциялары жұмыс істейді.

Жаңа мектептің ашылуы Үштөбе ауылының білім беру инфрақұрылымын дамытуға және оқушыларға заманауи әрі қолайлы жағдайда сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



