Әр адамның өмірінде спорттың алатын орны орасан зор. Яғни, спортпен шұғылданған адамның денсаулығы мықты әрі шымыр болатыны сөзсіз. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың салауатты да сау болуы үшін бұқаралық спортқа жіті көңіл бөліп, спорт саласын реформалау әрі кешенді түрде дамытуды жиі тілге тиек етеді. «Қазақстан спорт державасы болуы тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз», – деп нақты міндет қойды.
Спорт саласын дамыту әрі оңтайландырудың тиімді тәсілі спорт кластерін құру екенін спорт сүйер қауым жақсы түсінеді. Осы жүйе кенді аймақта қолға алынбақ. «Спорт кластері» жобасын іске асыру бағытындағы бірегей жоба қолға алынып, жұмыс қарқынды жүруде.
– Аталмыш жобаның жоспары бекітілді. Бүгінде спорт кластері нысандарын жобалау үшін техникалық шарттарды алу жұмыстары жүргізілуде. Қазыбек би ауданына қарасты 134 есептік орамнан 70,8 га жер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қала әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Жоба бойынша алдағы уақытты аталмыш аумақта әмбебап мұз және спорт аренасы, жеңіл атлетика манежі сонымен қатар, Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі құрылысын қамтитын «Спорт кластері» бой көтермек, – дейді спорт ғимаратының құрылысы бойынша бас маман Елназар Қасенов.
Жыл сайын спорт саласын дамытуға мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, қолдау көрсетуде. «Спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Алты жыл ішінде өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа, яғни 481-ден 521-ге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға немесе 5,9 миллион адамнан 8,4 миллион адамға дейін өсті» деп нақтылап өтті «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов. Сондай-ақ, маңызы бар әлеуметтік салалармен бірге спорт саласына қатысты 280-ге жуық жобаны жүзеге асыру үшін 194 млрд теңге арнаулы мемлекеттік қордан аударылғаны да жария болды.
Кейінгі жылдары елімізде бұқаралық спортқа жаппай мән беріліп, көптеген спорттық нысандар салынды. Әсіресе, ауыл-аймақ дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт алаңдары мен әмбебап корттарға қарық болып қалғаны бар. Облыс аумағында да спортты және оған қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев жылдық есебінде, жалпы халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 66,6%-ға жеткендігін, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын адамдардың үлесі 39%-ға жеткендігін тілге тиек еткен болатын. Облыста 1259 спорт ұйымы, 39 спорт мектебі жұмыс істейді.
Аймақтан Олимпиада чемпиондары, Азия ойындарының жүлдегерлері, еуропалық, әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде еліміздің туын желбіретіп жүрген спортшыларымызбен мақтанамыз. Бұл спорт саласына деген зор қолдау мен еселі еңбек, маңдай тердің жемісі екенін жоққа шығара алмаймыз. Ал, жүзеге асқалы отырған «Спорт кластері» жобасы Қарағанды өңірінің спорттық әлеуетін арттыратыны сөзсіз
Шетелдік мамандардың зерттеуі бойынша жалпы әртүрлі салаларды дамытуда кластерлік тәсілдің жоғары тиімділігі анықталған. Яғни заманауи технологияларды біріктіре, бір жерге шоғырландыра отырып, адамға ыңғайлы жағдай жасау тәсілі, сол сияқты дене шынықтыру және спорт саласын ілгерілету үшін кластер қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Біздің аймақта да жүзеге асқалы отырған жобаның мақсаты – дене шынықтыру және спорт саласын біріктіре, тиімді тұжырымдамаға негіздей отырып, өзара байланысты, бәсекелес топтарды біріктіру. Сондай-ақ, бұл жоба өзара іс-қимыл ортасын қалыптастырып қана қоймай ғылыми орталықтардың кәсіптік білім беретін мекемелермен тығыз байланыста болуын қамтамасыз етуді көздейді. Географиялық тұрғыдан тиімді шоғырланған бұл нысандар аймақтағы спорт саласындағы жоғары технологияларды дамытуға негіз болмақ. Нақтырақ айтқанда, қаланың бір шетіндегі жеңіл атлетика манежіне барып, одан кейін келесі бір орындағы спорт кешеніне барып дене қыздырып, үшінші бір аймақта орналасқан бассейнге бару кімге де болсын қиынға соғары анық. Ал, спорт кластері дәл осы олқылықтардың орнын толтырады десе де болады. Яғни, үлкен бір аумақтан шықпай-ақ, көңіліңе жаққан спорт түрімен алма-кезек айналыса бер.
Таяқ жерге тасталды, жоба жұмысы басталды. «Спорт кластері» жобасы іске асатын солтүстік- шығыс аймақтың жоспарлау схемасына сәйкес бірнеше ірі спорттық нысандар бой көтереді. Атап айтқанда, 19,16 гектарды қамтитын 25 мың жанкүйерге арналған үлкен стадионда – 105х68 метрлік футбол алаңы, 80 адамдық қонақ үй, тамақтану орны, футбол клубына арналған әкімшілік ғимарат, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер, киім ауыстыратын бөлме, 30 және 50 адамға арналған екі мәжіліс залы, билет сататын кассалар, БАҚ-қа арналған бөлмелер, оңалту орталығы, жаттығу және гимнастика залы, сауна орналасады.
9,42 гектарды қамтитын жабық футбол манежінде – футбол алаңы, жуынатын бөлме, әкімшілік орын, 100 орындық жатақхана, жаттығу залы болады.
3,29 гектар болатын әмбебап спорттық арена – 52х21 метрлік бассейн, 5000 орындық әмбебап спорт зал, спорттық батут, шығармашылық гимнастикаға арналған залдарды, бокс залы, спорттық ойын түрлеріне арналған 2 залды, ауыр атлетика, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, джиу-джитсу, скалодром, фитнес залы мен үстел ойындарына арналған бөлмелерді қамтиды.
2,36 гектар болатын жеңіл атлетика манежінде төмендегі нысандар – 200 метрлік жүгіру жолы, секіру секторы, ядро лақтыру, сергіту зоналары орналасады.
4,09 гектар аумақты алатын мұз айдыны аренасында – 400 метрлік мұз жолы, әрқайсы 1800 шаршы метр болатын 2 хоккей корты, ойын залы, хореография және дайындық залы, төрешілер және баспасөз залы, спортшыларға арналған 13 киім ауыстыру орны болады деп жоспарлануда.
7,33 гектар аумақты қамтитын спорт мектеп-интернат-колледжі салынбақ. 400 орындық ғимарат 500 білім алушыға арналған. 200 орындық тамақтану орны, 500 орындық жабық спорттық-жарыс аренасы, 25 метрлік жабық бассейн, жеңіл атлетика корпусы, бокс, грек-рим, еркін күрес, дзюдо, каратэ, таэквондо, ауыр атлетика залдары болады деп күтілуде.
Ерекше атап өтетіні «Спорт кластер» жобасы мүмкіндігі шектеулі спортшыларды да назардан тыс қалдырмайды. Өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып жүрген жандарға арнап спорт кешенін салуды жоспарға енгізіп қойған. 2,37 гектар аумақты қамтитын кешенде ойын залы, бассейн, таэквондо және дзюдо залы, стол теннисі, шахмат, шашки, тоғызқұмалақ ойындары залы, жаттығу залы, әкімшілік ғимарат, кафетерий және конференц залдар болады деп жоспарлануда.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – аймақ халқының спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау. Сол арқылы, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын ояту, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Сағыныш ӘБІЛ
Суреттер облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасынан