Әскер дақпыртындағы «даңқсыздар»
Соғыс жылдарында еңбек армиясы қатарында болған «трудобойлардың» ерен еңбегі күні бүгінге дейін еленбей келеді. Олар Жеңісті жақындатуға қарумен емес, қара күшімен өлшеусіз үлес қосты. Жау жасағымен «жым-жырт қана» соғысты. Өкініштісі, олар жайлы архив деректері мүлдем жоққа тән…«Трудобойлар» туралы әдеби туындылар да жоқтың қасы. Тек, Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан» повесін оқысаңыз, біраз жайтқа қанығасыз. Оның кейіпкері – еңбек армиясы сапына тап болып, азап лагеріндегі тұтқыннан әрмен күн кешкен Ақанның әр жыл сайын Ұлы Жеңіс күні мерекесінде «бір өліп, бір тірілетін» көңіл толқынысын жете суреттеген жазушы.
Неге екенін кім білсін, еңбек армиясы туралы деректер тарих парақтарына енбей қалған. Жеңіс тарихы жазылғанда ұмыт қала берген. Оның қандай да бір сұрқия саясатпен қасақана жабық-жасырын болуы да әбден мүмкін-ау деген ой келеді кейде. Өйткені, оған қатысты сөз еш құжатта кездеспейді. Тіпті, «Трудовая армия» деген атауы да ресми емес. Оған «таңдалғандарды» бір-ақ күнде жылы киімдерін ғана жинатып, алды-артына қаратпай ала жөнелген. «Әскерге алынды» деген дақпыртпен кетіп, бірақ, қолына қару алып, жаумен бетпе-бет шайқаса алмай, майдан шебінде адам төзгісіз жағдайда қара жұмысқа жегілгендер, тұтқынның ар жақ, бер жағындағы өлмес күндері үшін намыстан күйіп, өздерін өздері осылай атап, жұбанған тәрізді.
Соғыс басталған сәтте ішкі істер халық комиссариатына (НКВД), кейін КСРО ІІМ жүйесіне қарасты әскери үлгідегі жұмысшылар батальонын құру жөнінде шешім қабылданған екен. Әрине, алдымен бұл жұмысқа «саяси сенімсіздер» алынды. Оларды ресми түрде тұтқындамай, бостандықта қалдырып, күш-қуатын тегін пайдалану әлдеқайда тиімді еді. Осылайша, «сенімсіздерді» тұрақты бақылауда ұстап, екінші жағынан жұмысшылар қатарын толықтырған. Сөйтіп, өкімет бір оқпен екі қоянды атып, ұпайын түгендеді.
Бұл қатарға кімдер қосылғаны айтпаса да, түсінікті. Әуел баста жау жағына өтіп кетеді деген сезікпен этникалық немістер, олардан кейін өзге де ұлт өкілдері кіруі керек-тін. Бұл тізімде қазақтар да бар. Ілуде бір кездесетін ресми деректерде 200 мыңдай қазақ еңбек армиясына алынды деп көрсетілгенімен, олардың кейінгі тағдыры беймәлім.
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының А.Пушкин атындағы облыстық кітапханасы тың жобаны іске асыруға кірісіпті. Кітапхана ұжымы Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясында болған шығысқазақстандықтарды іздеуді қолға алған. 2013 жылы Омбы облысындағы неміс ұлттық автономиясының тапсырысымен түсірілген «Трудовая армия» атты деректі фильмінен кейін «трудобойларға» қатысты салынған қозғау – осы ғана.
Біз де Қарағанды облысынан еңбек армиясына алынғандардың тағдырын зерделеу ниетімен облыстық архивке хабарласқан едік. Өкінішке орай, ондай деректер мүлдем жоқ болып шықты.
Жоғарыда аталған 200 мың қазақтың ішінде, әрине, біздің аймақтан шақырылғандардың болғаны анық, бәлкім, жер басып жүргендері әлі де бар шығар. Егер, азаматтардың еңбек армиясына 15-16 жастан бастап алынғанын ескерсек, олардың біршамасының тірлікте татар дәм-тұзы таусыла қоймауы ықтимал…
Ендеше, шығысқазақстандықтардың бағалы бастамасын бізде неге жалғастырмасқа? Сол арқылы тарихтың жаңа беттері ашылып, тың деректерге тап болуымыз мүмкін ғой…
Салтанат ІЛИЯШ.