Шолпан Исатаева: «Адам – денсаулығына өзі жауапты»

      Ақпаратқа қолжетімділік заманында интернеттен көзі шалған дүниеге сүйеніп, өзі жанына дауа іздеп келген ақ халаттыларға кінә тағатын кездер жиілеп кетті. Бір жақты қараған да артық. Маман иесінің берген кеңесіне де құлақ асқанның артық болмайтынын өмірдің өзі дәлелдегені аз емес. Бұл турасында Қарағанды қаласындағы №3 емхана директорының орынбасары, дәрігер-онколог Шолпан Исатаевамен әңгімелескен едік…

Шолпан Құдайбергенқызы, қазір емделушілердің дәрігердің тағайындаған еміне көзқарастары өзгерді ме?

Заман ағымына қарай, технологияның дамуымен ад­ам­зат медицина саласында айтарлықтай алға басты. Бірақ, бір өкініштісі, емделушілердің көпшілігі, оның ішінде жасы біразға келген адамдардың бір затқа бет бұрып алып, соған көзсіз сеніп, «панацея» деп алатындығында. Осындай жаңсақ пікірлердің ішінде жиі кездесетіні күндізгі стационарда жиі қолданылып келген емнің бірі – көктамырға дәрі құю. Себебі, жасы болсын, үлкені болсын, тұрғындар арасында тамырдан дәрі құю арқылы ем алмаса, ешқандай ем жасалмағандай көретін кері түсінік бар. Медицина тілімен айтқанда инфузиялық терапия деп аталатын көктамырға дәрі құю кез келген адамның ағзасына келе бермейді, ол стационарлық және төтенше жағдайларда жүргізілетін ем. Бірақ, қазір адамдардың көзқарасы өзгеріп, түйіршік дәрі қабылдағаннан гөрі, тамырға дәрі қабылдаған дұрыс деген пікір қалыптасып қалған.

Пайдалы дүниенің де зияны болады дейсіз бе?

Жас кезінде адамның ағзасы сексен пайыз сұйықтықтан құралады. Ал, жас ұлғайған сайын, яғни 50-60 жастан асқанда ағза құрылымына байланысты сұйықтық азаюы керек. Біз оған сырттан күштеп, көктамыр арқылы әжептәуір сұйықтық жібереміз. Жасы ұлғайған адамдардың ағзасында бұл қарама-қайшылық туғызады. Жүрек қағысы өзгереді, ағзадағы сұйықтық көбейеді. Медицина дамуына қарай, біз кез келген емделушіге қарсылық жасай алмаймыз. Жылына 3 немесе 4 ретке дейін көктамырдан дәрі алып, емделетіндерді кездестіруге болады. 8 күндік ем қабылдап, барлық сырқатымнан айықтым деу үлкен қателік. Керісінше, жүректің жұмысы ауырлайды, қан айналысы өзгереді. Егер, жасы келген адам көктамырға берілетін дәріні түйіршік түрінде қабылдайтын болса, ағза өз қалыбымен, ішке қабылданған дәріден өзінің қажеттілігін алу мүмкіндігі болады.

Дұрыс қабылданған болса, таблетка түріндегі дәрінің ықпалы көбірек қой…

Ағзаның тозуына байланысты жасы ұлғайған адамдардың ағзасы ақырындап жұмыс істейтін болады. Түйіршік дәрі асқазанға түседі, ол жерде қортылады, сосын асқазанның ұсақ қан тамырлары арқылы бос түрде қанға түседі, ешқандай қысым көтерілмейді, бөгде асқынулар болмайды. Қазір көршілерінің, жолдастарының айтуымен, не интернеттен оқып, өз-өзін емдеумен айналысу көбейіп кетті. Қазір емханаларда клиникалық фармакологтар бар. Олар жалпы қабылданған дәрілердің адам ағзасына тигізетін әсерін зерттеп, дәрігерлерге ем тағайындау кезінде дұрыс көмек көрсетеді. Сондықтан, ешқандай интернетке сүйенбестен, дәрігердің тағайындауымен ғана ем алған жөн.

Тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?

Қазір экологиялық ахуалдың, ішіп-жейтін тамағымыздың, өмір сүру үрдісіміздің өзгеруі, режимнің бұзылуы салдарынан онкологиялық аурулардың көбеюі мен жасаруы белең алып тұр. Дұрыс тамақтанбау, уақытылы ұйықтамау қалыпты жағдайға айналды. Ал, аурудың алдын алу үшін тұрақты түрде профилактикалық тексеруден өтіп тұру керек. Адам ағзасыдағы өзгерісті уақытылы тексермесе – ауру асқынады. Кез келген адамның денесінде рак жасушалары бар. Пайда болған ауруды уақытылы анықтап, дұрыс ем жасалмаса, жасушалар өсіп-өнуі мүмкін. Сондықтан, әр адам салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарына жауапкершіліктерін күшейтуі керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Салтанат

ИЛЬЯШОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.