Біздің сұхбатШет

Шет ауданының әкімі Мұхит МҰХТАРОВ: “Проблема бар, оны шешу – біздің міндет”

Ежелден Шет жұртының жүйкесін жұқартқан мәселенің бірі – электр қуаты еді. Тіпті, өткен жылдары Нұраталды, Талды жағы тәуліктеп жарықсыз қалып, тоқсаныншы жолдардың кебін кигені бізге аян. Алдағы қыс тағы сынаққа алатыны белгілі. Бірақ, аудан басшылығының «қыс шанасын жаз сайлаған» түрі бар. Жылдар бойы маңайдағы бірнеше ауылға тоқ таратып келген Ақшоқыдағы подстанция жүгі жеңілдеді биыл жазда. Яғни, Нұраталды, Талды ауылдарында қосымша подстанциялар қойылды. Бұрын Ақшоқыға қарасты бір қыстақтың маңында электр желісі тұйықталса, бес-алты ауылдағы мыңдаған жан жарықсыз қала-тұғын… Қыстың алдында қамсыз отырған билік жоқ, қысқасы. Бізбен емен-жарқын сұхбаттасқан аудан әкімі Мұхит МҰХТАРОВ кейбір шенеуніктер сынды атқарылған жұмыстың есебімен шектелмеді. Көпшіліктің көңілін күпті қылған күрмеулі мәселелердің де түйінін тарқата сыр ашты…

БҰҚАРАҒА ҚЫЗМЕТ – БИЛІККЕ МІНДЕТ

Мұхит Сайлауұлы, Шет ауданы – аймақтағы халық саны, жер көлемі бойынша ірі өңірлердің бірі. Ауданда жүзеге асқан жұмыс жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан, ресми органдар мәлімдемесінен таныспыз. Бізді көптің көкейінде жүрген мәселелердің шешу жолында қолға алынған шаралар қызықтырады. Мәселен, электр энергиясымен қамту мәселесі…

Иә, проблема бар, оны шешу – біздің міндет. Яғни, бұқараға қызмет – билікке міндет. Электр қуатымен қамту жұмысында ақаулар болғаны рас. Бұл Шет ауданының ертеден келе жатқан проблемаларының қатарынан саналады. Алайда, біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Өздеріңіз білетін боларсыздар, әсіресе, Нұраталды, Ақшоқы, Талды ауылдарында электр қуаты үлкен проблема болды биылға дейін. Электр жеткізуші компания инвестициялық міндеттемелеріне атүсті қарап келген. Тоқ желілерін, подстанцияларды жөндеп, тозығы жеткендерін ауыстыру жұмыстарын жасамаған. Соның салдарынан жиі желі үзіліп, жабдықтар істен шығып отырды. Бұрын Ақшоқы ауылындағы подстанциядан Нұраталды, Талды, Шопа, Ақсу ауылдарына желі тарайтын. Егер, бір жерде тұйықталу болса, бірнеше ауыл электрсіз қалатын. Маман да тапшы, жүздеген шақырым желінің қай жерінде кінәрат барын анықтауға бірнеше күн кететін. Биыл бұл ауылдардың әрқайсына қосымша подстанциялар қойдық. Нәтижесінде, алдағы уақытта электр энергиясына қатысты проблема болмайды деп ойлаймын. Келешекте шешілуі тиіс тағы бір шаруа – бізде ірі кенттерде подстанциялар жетіспейді. Енді, көше сайын болмаса да, бірнеше көшеге біреуден қоюды көздеп отырмыз. Қазір Шет ауданына екі кәсіпорын қызмет көрсетеді. Яғни, «Шет-Энерго» ЖШС – 31 елдімекенге, «Электржабдықтау» ЖШС Ақадыр өңіріндегі 18 елдімекенге электр жеткізеді. Аталған кәсіпорындар жұмысына жауапкершілікпен қараса, жоспарлы жұмысты дер кезінде жүзеге асырып отырса, электр қуатына алаңдамауға болады. Әлеуметтік-экономикалық даму да қарқын алады. Біле білсеңіз, аудандағы шағын және орта бизнестің өркендеуіне де осы электр тапшылығы кері әсерін тигізіп келген еді.

Шет ауданында жол сапасына қатысты сын халық тарапынан жиі айтылып жатады. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы не айта аласыз?

Жол басты проблеманың біріне айналып отыр. Әсіресе, Мойынты, Киікті ауылдарына апаратын, кеңес уағында салынған көтерме жолдар. Сапасы сын көтермейді. Бұл жол бойында 4-5 мың халық тұрады. Біз мәселені реттеуді қарастырып отырмыз. Әзірге, ауылішілік, кентішілік жолдарды жөндеуде біраз шаруаның басын қайырғанымызды атап өткім келеді. Мұнда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының көптеп көмегі тиді. Ақадыр кентінде Қыздарбеков, Мәметова, Мәдиев, Жұмыскер, Теміржолшылар және Оспанов көшелері орташа жөндеуден өтті. Красная Поляна ауылындағы Қарамұрын, Байқоңыр, Комаров көшелері жөнделді. Аудан орталығындағы Шортанбай, Абай, Сейфуллин және Жаңқұтты би көшелері көрікті кейіпке енді. Аталмыш бағдарламадан бөлек, облыстық бюджет есебінен 54 млн. теңгеге Кеншоқы ауылының Мұқанов, Шабанбай би, Әбдіров көшелері, аудандық бюджеттен Ақой ауылы, Сейфуллин, Ақадыр кенттерінің бірнеше көшесі және Қызылтау ауылына кіреберіс жолдың 9 шақырымы жөнделді. Сонымен қатар, Дария кентіне кіреберіс жол тегістелді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының көптеп көмегі тиді дедіңіз. Жол жөндеуден өзге бағыттарға тоқталсаңыз…

Бағдарлама аясында былтыр 8 жобаға 686 млн. 331 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлыдағы орталық аурухана, 3 мектеп – Ы.Алтынсарин, Ж.Ақылбаев және Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ғимараттарының қасбеттері күрделі жөндеуден өтті. Биыл Ақадыр кентіне республикалық бюджеттен І транш бойынша 7 жобаға 446 млн. 130 мың теңге бөлінді. Жоғарыда атап өткенімдей, көшелердегі асфальт төсеу жұмыстарынан бөлек, кәріз жүйесі мен су құбыры құрылысы басталды. Сондай-ақ, кенттегі Ермеков атындағы орта мектептің спорт залы мен асханасының құрылысы жүріп жатыр.

КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Аудандағы ірі елдімекендер түрлі бағдарламалар шарапатын көріп отыр. Әрине, Үкімет бекіткен бағдарлама шарты сол – келешегі жарқын, іргелі қоныстарда адам тұрмысы үшін тиісті жағдай жасалуы тиіс. Ал, күні еңкейген ауылдардың тағдыры қалай болмақ? Мәселен, Жамбыл ауылы…

Жамбыл ауылында алты үй өмір сүреді. «Осы жерден көшпейміз» деп шешім қабылдаған әулеттер. Өздерінің әкімшілігі, әкімі бар. Біз адам саны аз екен деп ауылды жапқан жоқпыз. Бірақ, ауылда электр энергиясы жоқ, ауыз су тапшы. Су кеңес уағында 120 шақырымнан тартылған құбырмен берілген. Бір кездері бұл жерден вольфрам өндірілді. Бес мыңға тарта халқы болды. Кеніш жабылғанда ел тарап кетті. Білуімше, кеннің сапалық құрамы өте жоғары. Инвестор тартуға жұмыс жасап жатырмыз. Алайда, әзірге, ынта білдірген адам жоқ. Егер, инвестор табылмаса, ауылды жабамыз. Қызылтау ауылына қарайды. Тек, ауыл басында маман ұстауымыз мүмкін. Күрмеулі мәселелер назардан тыс қалмайды.

– Басынан «бұлт арылмаған» мекеннің бірі – Ақшатау. Ауыз су мәселесі баспасөз беттерінде оқтын-оқтын көтеріледі. Радиациясын және қосыңыз…

– Келісемін. Бірақ, бұған қарап, Ақшатаудың келешегі жоқ деп айтуға болмайды. Абаттандыруға, көшелеріне жарық шамдарын қоюға қаржы бөлініп отыр. Ауыл ішін құрылыс қирандыларынан тазарту мүмкіндігі қарастырылуда. Биыл ауылдан 9 шақырым жерден су көзі табылып, барлау жасату үшін облыс әкімдігіне хат жолдадық. Егер, қоры нақтыланса, суға қарқ боламыз. Дегенмен, қазір ауыл ішіп отырған Жылыкөңнің суы жетпей тұр. Қосымша Ақжалдан төтенше жағдай көлігімен тасымал жасалып келді. Сондықтан, тағы бір ұңғыма қазбақшымыз. Бұл мәселеде де облыстан көмек сұрадық. Облыс қолдайды деген үміттемін. Ауыл маңындағы су қоры көлемі белгісіз. Сондықтан, біз басқа жерасты суларын іздестіру үстіндеміз. Радиацияға келсек, қазір ауыл маңында шахталардың опырылуы жиі орын алуда. Қазір қауіпті аймақ тегіс қоршалды. Халық арасында ескерту жасалды. Көшу туралы ұсыныс айтылды. Әйтсе де, қалған мыңға жуық адам – Ақшатаудан көшпейміз деп үзілді-кесілді бас тартқан жандар. Жақын жылдары Ақшатаудан кен өндіруді бастауды жоспарлаған инвестор бүгінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер, аталған кәсіпорын іске қосылса, ауылдың тамырына қан жүгірер еді. Бұдан бөлек, шахта қалдығын қайта өңдеуді жоспарлаған шағын жобалар жүзеге асады деп күтілуде.

БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Ауылдың келешегі туралы айтқанда мектеп мәселесін де айналып өте алмаймыз. Биыл қанша мектеп жабылды?

Биыл Қарасаз бен Қызылтудағы бастауыш мектептер жұмысын тоқтатты. Ақбауырдағы мектеп бастауыш мектепке айналды. Мектептер бала саны аздығынан жабылды. Бірақ, бала санының аздығы елдің үдере көшіп кеткенін көрсетпейді. Ел орнында, ауыл орнында. Есігін шегелеп кетіп жатқан ешкім жоқ. Тек, балаларын қалада оқытқанды жөн көреді. Көбісінің қалада бір-бір үйі бар. Әркім баласының сапалы білім алғанын қалайды. Білім сапасына келсек, қазір аудан басшылығы тарапынан да, жергілікті азаматтар тарапынан да мұғалімдерді ауылға тартуға түрлі тәсілдер қолданып отырмыз. Үй береміз, көтерме ақы береміз. Фермерлер малмен көмектеспекші. Мысалы, Ортау ауылының қожалықтары ауылға келіп, бала оқытамын деген адамға басына үй, алдына мал салып бермекші. Білім беру саласы салғырттықты көтермейді. Біз бұл мәселелерді жіті назарымызда ұстап отырмыз. Жалпы, биыл аудан бойынша 46 білім беру ұйымы жұмысын бастады. 679 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Тек, Ақадыр, Берекетті, Қармыс, Тұмсық бастауыш мектептері 6 жасқа толған баланың болмауына байланысты 1-ші сыныпқа оқушы қабылдаған жоқ. Аудан көлемінде мектебі жоқ 24 елді мекен анықталды. Сол елдімекендерде мектеп жасындағы 259 бала бар. 127 оқушы 10 елдімекеннен 6 мектепке күнделікті тасымалданады. Ал, 14 елді мекендегі қалған бала Ә.Ермеков және Ы.Алтынсарин атындағы мектептер жанындағы интернаттарда жатып оқиды. Алайда, бір жерде халық азайса, бір жерде көбейіп жатады ғой. Жарықта қазір екінші мектеп салу қажеттілігі туындады. Үш мыңнан астам адам тұрады. Әлі арта түсетіні сөзсіз. Бала жалғыз мектепке сыймай тұр.

Аудан орталығындағы Алтынсарин атындағы мектептің интернатына қатысты проблема шешімін тапты ма?

Бұл мектептің интернаты бұрыннан бар. Бірақ, ауылдың басқа шетінде еді. Балалардың сабаққа баруына қиын болды. Алыс. Қауіпсіздік мәселесінде де қиындық туындады. Қазір мектеп жанынан интернат салуды ойластырудамыз. Жылдың аяғына дейін интернаттың жобалық-сметалық құжаттамасын бітіріп, келесі жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына енгізсек деген жоспарымыз бар. 100 балаға арналған интернат болады.

АГРАРЛЫ СЕКТОР АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЛОКОМОТИВІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

Үкімет бос жатқан жерлерді игеруге күш салуда. Мемлекет басшысы тарапынан тиісті тапсырма берілді. Шет ауданы – ауыл шаруашылығы саласы ертеден қалыптасқан өңір. Ауданда мал шаруашылығына қажет жер жеткілікті ме?

Аграрлы сектор аудан экономикасының локомотивіне айналуы тиіс деген мақсатымыз бар. Дегенмен, жайылым, жер мәселесі қиын бізде. Ауданда 1194 шаруа қожалығы бар. Бірақ, сол тізімдегі шаруашылықтардың кемі үш жүзі – аты бар, заты жоқ ұйымдар. Қолдарындағы жерді пайдаланбай, азын-аулақ малының азығын дайындауға немесе шөбін шауып, сатуға ғана ұстап отыр. Қазір ауыл шаруашылығына қаржы салғысы келетін қалталы азаматтар көп. Бізге түрлі ұсыныстарымен келеді.

Бірақ, біз оларды тарта алмаймыз. Себебі, бос жатқан жер жоқ. «СтепШет» деген инвестициялық жоба көтерілді былтыр. Үш ауданнан жер берілді. Бізден 600 мың гектар бөлінді. Әйтсе де, әлі жұмысын бастаған жоқ. Жер бос жатыр. Қазіргі ірісі – осы, басқа да ұсақ-түйек көлемдегі пайдаланылмай тұрған жерлер баршылық. Біз алдымызға келген инвесторға орын тауып беруге тырысамыз. Өйткені, олардан түсер пайда мол. Мәселен, «Тау» серіктестігі ауданға ақша салды. Жылқы шаруашылығын ашты. 40-50 адамды жұмыспен қамтыды. Бюджетке салық түсірді. Бірінші рет биыл егін салды. Аудан орталығынан бір адамға үй әперді. Келесі жылы тағы бір адамды үймен қамтиды. Алдағы жоспары ауқымды. Мал қарасын 5 мыңға жеткізбек. Бетпақдала беттен жер сұрауда. Міне, мұндай серіктестіктерге біз барынша жағдай жасауға міндеттіміз. Тағы бір мәселе, ауыл маңындағы жерлер де тозып барады. Көп шаруашылықтар ауыл ішінде отырып, мал өсіргісі келеді. Бірақ, пайда табуды ойлаған адам қора-қора малмен қалың ел ішінде отырмасы анық. Сондықтан, қазір өркендеуді көздегендер далаға кетіп жатыр. Біз ешкімді мәжбүрлемей-ақ ауыл маңын ретке келтіріп аламыз деп ойлаймын.

– Жайылымға, мал өсіруге аудан арқылы өтіп жатқан күрежолдың кедергісі бар ма?

– Күрежол бойындағы апат алаңдатады. Жылқы, сиырды қағып кету оқиғасы жиілеп кетті. Әрине, бұл уақытша мәселе деп ойлаймын. Құрылыс аяқталған соң қоршауы орнатылады, кездейсоқ оқиға азаятыны анық. Ал, жайылымға әсеріне тоқталсақ, иә, жері жолдың екі бетінде қалып қойған шаруашылықтар бар. Мәселен, Батыстауда бір шаруашылық жері екіге бөлініп қалды. Біз болашақта қожалыққа жолдың бір бетінен қосымша жер алуды ұсынып көреміз. Бұдан басқа жолға қатысты қиындық туындап жатқан жоқ. Есесіне, күрежол аудан экономикасына оң әсерін тигізбек. Қазірдің өзінде бірнеше іргелі қызмет көрсету желісімен меморандум жасалды. Жол бойында қонақүй, дәмхана, жанармай бекеті сынды нысандар тұрғызатын бұл желілік ұйымдар ауданға қомақты көлемде салық төлеуге міндеттеледі. Елу шақты адам жұмыспен қамтылады. Жол толық қолданысқа берілгенде аудандағы халық саны өсе түсетініне сенімдімін. Қазірдің өзінде ауданда – 42 мыңның шамасында, Ақсу-Аюлыда 6 мыңнан аса халық бар.

Ертеде Жарық сүт фабрикасының атағы алысқа тарап еді. Бүгінде жұмысы ақсап тұрғанын білеміз. Жалпы өңдеу өнеркәсібінің аяқ алысы қалай?

Жарықта сүт фабрикасы бұрынғыдай жұмыс істемесе де, «Нәтиже» компаниясы сүт қабылдайды. Бірақ, дайын өнім жасамайды. Ауданда өңдеу саласы өзге өңірлердегідей тоқсаныншы жылдары құрдымға кеткен. Сүт, ет сол қалпында тұтынушыға жол тартады. Ал, жүн мен теріге республика бойынша қажеттілік жоғы белгілі. Биылғы 9 айда 17,1 мың тонна ет (өсім 4,6%), 78,1 мың тонна сүт (өсім 5,2%), 7,3 млн. жұмыртқа (2,4%) өндірілді. Ірі қара 5,4%- ға (94,3 мың) жылқы 11,1%-ға (59,8 мың) қой-ешкі 2,6%-ға (198,4 мың), құс 2,2%-ға (53,8 мың) өсті. Міне, төрт түліктен түсетін осы қыруар өнімді өңдеп, тауар ретінде өткізсек, шаруалардың табысы еселеп артар еді. Қазіргі таңда бұл бағытта құрылған жоспарымыз бар.

Соңғы сұрақ – көмір жеткілікті ме?

Қыс қарсаңында көмір мәселесі өткір тұр. Қазір көмір бар. Бірақ, жұрт іздеп жүрген Шұбаркөл көмірі жоқ. Әйтпесе, Кузнецкий сынды шахталардың көмірі жеткілікті. Көмір Жарық пен Ақадырға теміржол арқылы жеткізілуде. Сол жерден басқа ауылдарға тасымалданады. Ал, «шұбаркөлді» аудан азаматтары облыс орталығынан жеке көлігімен әкеліп жүр. Екі-үш күн бойы кезекте тұрады. Сөйтіп, ауылға жеткенде бағасы қымбаттай түседі. Қазір аудан орталығында Шұбаркөл көмірінің тоннасы 20 мың теңгеден саудаланып отыр. Аудан бойынша көмірге қажеттілік 65,5 мың тонна. Бүгінде барлық әлеуметтік нысандар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілді.

Риясыз әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызға жеміс тілейміз.

Сұхбаттасқан Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button