Шертпе күйдің шебері

    Ұлтымыздың ұлық өнерін қаншалықты дәріптеп қаншалықты бағалап жүрміз деген ой жиі мазалайды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегенімізбен, домбыра мен күй құдіретін жете түсінген жоқпыз әлі. Қабырғалы қазақтың мәдениетіне сүбелі үлес қосқан дарынды тұлғалар алақандай Ақтоғай өңірінен аз шыққан жоқ. Солардың бірегейі, шертпе күйдің шебері – Мағауия ХАМЗИН.

Бес жасынан бастап қоңыр домбыраның үніне қорғасындай балқып, қолына алған ауыл баласы келе-келе құлағында ойнапты. Оған негіз де жоқ емес. Ұлы күйшінің атасы Әшімтай – Тоқырауын бойындағы күйшілік мектептің қалыптасуына ықпал еткен дәулескер күйшілердің бірі. Бүгінгі күнге Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін бел баласы Хамза жеткізді. Әкесі Хамза ақсақал да ән мен күйге қара жаяу адам болмаған. Дарынды баласы арқылы бізге жеткен Хамзекеңнің “Қосбасар” күйі өміршеңдігімен құнды.

М.Хамзин – бұл қасиетті өнерге жан-тәнімен берілген адам. Күйші тұңғыш рет сахнада 1934 жылы, 7 жасында Балқаш мыс қорыту зауытының мәдениет сарайында өнер көрсетеді. Сахнада Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Бес төресі», «Терісқақпайы», Тоқаның «Қосбасары», Ахметжанның «58 зарзаман» күйлерін тартып, халықтың құрметіне бөленеді. Шашубай ақын Мағауияға бата беріп, тұсауын кескен. Осы деректі Мағауияның туған інісі Данелия Хамзиннің қолынан алдым. 1934 жылы алғаш сахнаға шыққаны туралы «Балқаш жұмысшысы» газетінде жазылыпты.

Жылдар өте ол орындаушылықтың өзіндік үлгісін танытады. Бала күнінен күй шығарып, 17 жасында Қарағанды филормониясында күйші-артист болды. Бозбаланың бойындағы дарынды байқап қалған А.Жұбанов оны Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ оркестріне шақырып алады. Содан бері шертпе күйдің шебері атанған Мағауия атамыз қазақтың күй қоржынының бүйірін шығаруға барынша атсалысты. Хамзиннің репертуарында Тәттімбет, Әшімтай, Тоқа, Дайрабай, Әбді, Аққыз, тағы басқа халық композиторлардың дүниелері бар. Сонымен қатар, «Қосбасар» (2 нұсқасы), «Шахтер күйі», «Космонавтар», «Алтын астық», «Жайлау», «Тоқырауын толғауы», «Жас қазақ» сияқты бірнеше күйлерді жарыққа шығарды. Осы аталған күйлердің ішінде нотаға түспей қалғандары да бар. «Балқаш толқыны», «Жас қазақ», «Алтын астық», «Жарыс», «Бес қарагер» сияқты күйлерін нотаға түсіріп, 2015 жылы шыққан «Тоқырауын шертпе күйлері» атты еңбегіме енгіздім. Аталмыш күйлердің тарихын баяндап берген бауыры Дәнелия Хамзин. Дәкең ақсақалмен шертпе күй шеберінің Алматыда тұратын шәкірті Сәуле Қаниеваны іздеп бардық. Ұлы адамның шекпенінен шыққан Сәуле апайдан сол жолы М.Хамзиннің ғаламат күйлерін үйреніп қайттым. Тағылымды дәріс алдым. Мағауияның алғаш ұстаған домбырасын Сәуле Қаниеваға тарту еткен, сол домбыраны қолға алып, үніне құлақ түрдім.

Хамзин Мағауияның жұлдызды жылдары 1949 жылы Қытай Халық Республикасымен достық орнап, Қазақстаннан Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Роза Бағланова сияқты өнер тарландарымен бірге бірінші рет шетелге шығып, құрметпен оралуы. 1961 жылы жаңадан құрылған Қазақтың Мемлекеттік «Қазақконцерт» гастроль концерт бірлестігіне орналасқан күндері кезінде Жүсіпбек, Шара, Роза, тағы басқа да саңлақтармен бірге шертпе күйдің шебері Мағауия өз тобымен республикамыздың талай үлкен сахналарында, шалғайдағы қыстақ, түпкірдегі ауыл-аймақтарда да өнер көрсетті. Осындай қажырлы еңбегінің арқасында Мағауия Хамзин 1966 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі атанып, 1979 жылы Қазақ КСР-інің халық артисі деген құрметті атаққа ие болды. Домбырада тұңғыш рет классикалық шығармаларды шет елдерде орындаған дарабоз күйші екендігін Ермек Серкебаев Мағауияның 70 жылдық мерейтойында мойындап айтқан. Қазақстанның қай бұрышында болмасын Мағауия шертпе күйді шарықтатып, төкпе күйді жаңбырлатып, Моцарт, Монти, Огинский, Чайковский, тағы басқалардың классикалық шығармаларын да тамылжыта ойнап Италия, Польша, Латвия, Қытай, Сирия, Моңғолия, Германия, Венгрия, Канада сияқты шетелдің талғампаз көрермендерінің алдында қос ішекті домбырасын оркестрдей ойнатып, бұлбұлша сайратып талай рет тамсандырып таң қалдырған. Соның бірі – 1967 жылы өткен дүниежүзілік «ЭКСПО-67» көрмесінде байқалды. Бұған Қазақстаннан КСРО Халық артисі Ермек Серкебаевпен бірге Мағауия да қатысқан болатын.

1988 жылы «Қазақконцерттен» құрметті еңбек демалысына шыққан Мағауия Балқаш өңірінде өзінің мектебін ашып, жас өрендерге жылдай шертпе күй сырын, жоғарғы профессионалдық дәрежеде орындау мәнерін, өзіндік стилін, бағдарламасын үйретті. Туған елге туын тіккен еңбегі үшін 1998 жылы Мағауия Хамзинге «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Атақты күйшінің домбыралары басқа домбыраға ұқсамайтын ерекше екені бірден көзге түседі. Құрылысы өзгеше. Кеудесі үшбұрышты және бет қақпағы ішке қарай жасалған. Домбырасының пердесі мойнының ішінен тағылған. Мағауия домбыраны өз қолымен жасаған. Тиегі де өзгеше, қол бетке тигенде музыкалық үнге әсер етіп, кедергі жасамайды. Перделік дыбыстар тегіс анық, бір домбырасында 33 перде бар. Бәрі де дыбысты анық береді. Өзім де сол домбыраны қолға алып, Мағауияның бірнеше күйлерін орындағанмын. Бұл домбыралары Данелия ақсақалдың үйінде сақтаулы тұр. Мағауия Хамзин өзінің қолынан өңдеп жасап тартқан домбыраларының сырт пішінін өзгертуіне қарағанда түрлі әуендер іздегендігі аңғарылады.

Биылғы жылы М.Хамзиннің туғанына 90 жыл толады. Бұл торқалы той атаусыз қалмаса екен дейміз. Әрине ас ішіп, аяқ босататын той емес облыс орталығында немесе осы кісінің атындағы Балқаш қаласындағы мәдениет сарайында республикалық конкурс өткізсе һәм ол дәстүрге айналса бұл жалғыз Мағауия атамызға ғана емес, қазақтың күй өнеріне деген құрметтің белгісі болар еді. Еліміздің түкпір-түкпірінен шертпе күйдің шеберлері келіп, жыл сайын Арқа даласын домбыраның күмбірімен тербетіп тұрса – осы ғой ұлттың өзін-өзі танығаны.

Биылғы жылы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі өтеді. Оған келетін миллиондаған туристер жалғыз Астананы ғана емес, жалпы Қазақстанды аралап жергілікті ұлттың өнері мен тарихына қызығушылық танытатыны аян. Сол тұста Елорданың іргесіндегі Қарағандыда М.Хамзиннің 90 жылдығына арналған шертпе күйден республикалық конкурс өтіп жатса, қонақтардың құлағына жетері анық. Себебі, шертпе күйдің құдіреті кез келген адамды баурап алады. Бастысы, мерейтойды атаусыз қалдырмасақ болғаны.

Манап АНЫҚБЕКОВ,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің магистранты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.