Өткен жылы Энергетика министрлігі өңіріміздің жылыту маусымына дайындығын төмен деп бағалады. Қателеспеді. Былтыр қазандығы, құбыры тозған бірнеше қала қалтырамаса да, жылу беру шаруашылығында шикіліктер болды. Әсіресе, осы мәселе бойынша Шахтинск қаласының тұрғындары шамырқанды. Сол себепті «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС-інде шаруа қауырт, қысқа қамданыс қызу.
Жылыту маусымына дайындық қызу. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск ЖЭО-на бірнеше рет барып, жөндеу жұмыстарының сапасын тексеріп, станция басшылығымен және мердігерлермен жиі кеңес өткізіп, қадағалауында ұстап отыр.
– Қазір үш қазандық агрегатында монтаждау, бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Екі турбоагрегатта ағын бөлігі бойынша жұмыстар аяқталды. Генераторлар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталуда. Қазандықтарға келетін болсақ, екеуі дайын, қазір монтаждауға дайындық жүріп жатыр, алдағы уақытта тағы үшеуі орнатылады. Бұл жұмыстар қыста жылу энергиясының сапалы бөлінуіне септігін тигізеді. Жұмыс кесте бойынша уақытымен жүргізіліп келе жатыр, – дейді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.
Қазіргі кезде үш қазандық пен екі турбогенераторды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші қазандықтағы жұмыс 1 қыркүйекке дейін, №4 қазандықтағы жұмыс 15 қыркүйекке дейін және №3 қазандық алдағы жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады деп отыр мердігер ұйым.
Мұнымен қоса, кәсіпорында магистральдық және тоқсандық құбырларды ауыстыру жұмыстары қызу. Жоспарланған 7 учаскенің 6 учаскесі, яғни, Молодежная көшесінен Индустриальная көшесімен қиылысу аумағында, №5 павильонға қарай, Молодежная көшесі бойынша Орталық-3 шағын ауданына қарай, Жеңістің 40 жылдығы бойынша Парковая көшесіндегі 43а үйге қарай, ТК-1А-дан ЖЖС қарай, Қазақстан көшесіндегі 124 үйден Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі 62 үйге қарай, «Шахмарт» сауда үйінен Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі ТК-327-ге дейін жөндеу жұмысы жүргізілген.
Жылу желілерінің учаскелері бойынша «Шахмарт» дүкені аумағында құбырларды монтаждау жұмысы сәтті жүргізілді. Қазір тротуарды қалпына келтіріп, аумақты абаттандыру жатыр. «Крокус» дүкені аумағында құбырларды бөлшектеп, бірден монтаждау жұмыстарына кірісті.
Шахтинск қаласында осы жазда жалпы 3,7 шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланған болатын. Жұмыстың негізгі көлемі орындалды. Сонымен қатар, 2 шақырым құбырдың жылу оқшаулағышы қалпына келтіріледі.
Шахтинск қаласының жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кешені 70 пайызға, Шахан кентінің қазандығын жөндеу жұмыстары 85 пайызға орындалған. Жауапты мердігерлер жөндеу жұмыстары жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталады деп сендірді.
Онымен қоса, осы аптада көмір жеткізу бойынша тендер қорытындыланады.
Өткен аптада жоғарыдағы жұмыстарды бақылап қайтқан аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы қала басшылығы мен ЖЭО-ға жылу беру маусымына дайындықтағы жауапкершілікті сезіну керектігін жеткізді.
– Сіз қысқа дайындық үшін жеке жауап бересіз. Қаржыландыру бар, барлық мәселелерді уақытылы шешіңіз! Нақты нәтижелерді күтеміз. Қала тұрғындарының үйіндегі жайлылық жылу көзінің тұрақты жұмысына байланысты, – деді облыс әкімі.
Қыстың қамын қазір ойлаған олардың бұл жолғы қысқа дайындығы қауырт. Жұмыстың кестеден кешікпеуімен қоса, сапасы да қатаң бақылауда дейді. Дегенмен, жер қарайғаннан бергі жүйелі жұмыстан соң Шахтинск тұрғындары қалтырамауы тиіс. Оны алдағы қыс айқындайды.
Қыстың қамын жазда ойлағандардың өкінбесі анық.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»