Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту маңызды екенін атап, іскерлік белсенділікті ынталандыруды тапсырған болатын. Мемлекет ұсынған бағдарламаның тиімділігі арқасында Приозерск қаласында кәсіпкерлікпен айналысушылардың саны артқан. Олар еліміздің экономикалық қуатын шағын және орта бизнес арттыратындығына сенімді. Жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасы арқасында алға қойған мақсатын іске асырып жатқандар аз емес. Солардың бірі – жас кәсіпкер Ержан Нұрланбекұлы. Өзі туған қаладағы жерлестер сапалы кофе ішсін деген ниетін жүзеге асыруға мемлекеттік грант сеп болған.
Ержан жаңа кәсібінің арқасында екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Істің көзін тапқан жігерлі жас мемлекеттік қолдауға дән риза.
– Қазіргі таңда кәсібін ашамын дегендерге «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытындағы «Бастау Бизнес» жобасы, «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы зор мүмкіндік беріп отыр. Мен «Еңбек» бағдарламасы аясында 583 мың теңге және Қарағанды облысы әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ұсынылған 1 миллион теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру нысанын ашу үшін қажетті жабдықтар мен құралдарды сатып алдым. Жұмыспен қамту орталығы арқылы екі адамды жұмысқа қабылдадым. Бірі «Күміс жас» жобасы бойынша еңбек етіп жатыр. Жалпы алпауыт елде жұмыс істейтін халық санының 52 пайыздан астамы кәсіпкерлік саласында қызмет етеді екен. Кейде кәсіпке, тәжірибенің жетіспеуі де әсер етеді. Сол үшін бизнес-әдебиеттер оқып, бизнес тренингтерге қатысу арқылы білімімді арттыруға тырысамын. Бұл көмектеседі және ынталандырады, – дейді кәсіпкер Ержан Абдурахманов.
Кофехана қаланың орталығында ашылған. Бүгінде онда үш адам жұмыс істейді. Кофе және басқа да сусындардан бөлек, кәсіпкер барлық кондитерлік өнімді өзі пісіреді. Кофені тұтынушылардың көзінше дайындайды. Оның айтуынша, кофені дәмді етіп дайындап, сұранысқа орай өзге де жылы-жұмсақтарды қосып ықыласпен ұсынуды, яғни тұтынушыны баурап алуды үйрену қажет.
Жұмыспен қамту орталығының мамандарының айтуынша, бүгінде кәсіп ашуға ұмтылған жастар көп. Олар сұранысы жоғары, баламасы жоқ кәсіп ашуға құлшынады. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлік – қаланы дамытудың берік негізі екендігін жақсы түсінеді.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz