Жаңалықтар

Ш.Л.Монтескьенің саяси-құқықтық көзқарастарының маңызы мен ерекшелігі

 Француз ағартушыларының Монтескье, Вольтер, Руссо, Дидро, Гельвеций сияқты көрнекті өкілдерінің шығармалары бүгінгі таңда әлем тарихында ерекше орын алады.  Олардың философиялық, әлеуметтік-саяси шығармаларында адам, қоғам, мемлекет, азаматтық құқықтар мен бостандықтар, басқару формалары сияқты өзекті мәселелер жайындағы көзқарастар тереңінен баяндалады.

Заңдар мәселесін жан-жақты зерттеген ғалымдардың бірі – Ш.Л. Монтескье. Ш.Л. Монтескье кім? Бізге жеткен еңбектері қандай дәрежеде зерттелді? қандай ойлар айтылды осыған тоқталсақ.

Монтескье Шарль Луи – француз ағартушысы, философ, социолог 18 қаңтар 1689 дүниеге келген.  «Парсы хаттары» (1721), «Заңдардың рухы туралы» (1748) атты әлемге таңылған еңбектері бар. Монтескье теология мен дінді қатты сынға ала отырып, адамзат қоғамының дамуында белгілі бір объективті заңдылық бар екендігін мойындайды. Дінді қоғамда тәртіпті сақтау үшін, адамгершілікті қалыптастыру үшін қажет деп есептейді. Монтескье адамның табиғи еркіндігі теориясына сүйене отырып, оның бақытты болуға құқылы екендігін түсіндірді. Оның саяси идеялары классикалық либерализмге негізделген.

Монтескье «Заңдардың рухы туралы» еңбегінде заңдардың шығу себептерін, қалыптасуын зерттеді. Монтескье пікірі бойынша, нағыз әділ заң адамның табиғи құқығына негізделуі қажет. Монтескье адамның ақыл-ойы, парасаты құдай белгілеп берген нәрсе емес, оның өмір сүріп отырған ортасының жемісі, сол ортаның өзгеруімен ол да өзгеріп отырады, заңды қатаң сақтау бостандықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік төңкерістерді болдырмауға қызмет етеді деген пікірде болды. Ол мемлекеттік биліктің үш сатысына бөлді: Заң шығарушы, Атқарушы, Сот билігін бөлу арқылы басқару азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, өкімет билігін теріс пайдаланып, қиянат жасауды болдырмайды деген ой айтты.[1]

Аталған еңбекте басқарудың республика, монархия және деспоттық түрлерін айқындап, олардың өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетті. Билікті бөлу теориясына ерекше көңіл бөлді. Билікті әділ бөлмейінше, оны заңдастырмайынша еркіндіктің, саяси бостандықтардың жүзеге асуына жол жоқ. Монтескье мемлекет, демократия басқару жүйесін ұсына отырып, оның объективтілігін негіздеуге ұмтылды. Қоғам, оның ойынша, біртұтас әлеуметтік құрылым және тек халықтың жалпы рухы арқылы тануға болатын процесс. Монтескье философия тарихында алғаш рет географиялық орта мен оның қоғам дамуындағы орнына ерекше көңіл бөлді. Оның ойынша табиғаттың объективті заңдылығы әрбір халықтың психологиясы мен тұрмысына ерекше әсер етеді. Әсіресе климаттың, топырақ пен жер қыртысының адамдардың мінез-құлықтары мен халықтық әдет-ғұрыптардың қалыптасуына ықпал ететіндігін айтты. [2]

«Заңдар рухы» атты еңбегін Монтескье өзінің осы негізгі еңбегін 20 жыл бойы жазады. Мұнда ол заңдар табиғаты туралы өз көзқарасының жүйесін жасайды. «Әділ заң адамның табиғи құқықтарынан туындайды. Ол қоғамның ар-ұяты болады. Заң бәрінен де биік тұруы қажет. Халықтың және жеке тұлғаның еркіндігі заңға бағынғандығынан көрінеді. Заңға қанаушылардың қолын сұқпауын қамтамасыз ететін мемлекеттің болашағы бар» деген ой айтады. Дидро мен Гельвеций Монтескье ойларына сыни көзбен қарады. [3]

Ағартушалардың шығармалары бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жойған жоқ.

 

Қазақстан Республикасы ІІМ

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды

академиясының аға оқытушысы,

полиция аға лейтенанты

Қ. Монай


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б. ISBN 9965-808-89-9
  2. Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
  3. Артамонов С.Д. История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІвв. Москва, Просвещение, 1988

Басқа материалдар

Back to top button