Бас тақырыпЖәдігер

Әсеттің домбырасы табылды

Қазақ рухани мұрасы тағы бір құнды жәдігермен толықты. Адамзаттың бұлбұлы, ән падишасы Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ домбырасы табылды. Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген жәдігер қазір Балқаш қаласының тұрғыны Шалғынбай ҚАШҚЫНБАЕВТЫҢ шаңырағында сақтаулы тұр.

Сурет:автордан

Шалғынбай Сатыбалдыұлының айтуынша, әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсет домбыраны өзі сыйға тартыпты.

  • 1920 жылы болса керек. Қараталдағы ағайынмен бірге Сатыбалды әкем Қоянды жәрмеңкесіне барыпты. Азық-түліктерін алып, қайтар жолда керуен тамақтану үшін бұлақ басына тоқтайды. Сол бұлақтың басында Әсет ақын демалып, ән салып отырыпты. Амандық-саулық сұрасқан соң, Әсет «араларыңда ән шырқайтын адам бар ма?» деп сұрапты. Жұрт қолқалап қоймаған соң әкем ортаға шығыпты. Әкеміз әнші, домбырашы, ағаштан түйін түйген шебер еді. Ортаға шыққан әкеме Әсет домбырасын ұсынып, «Ал, енді шырқа» деген екен. Сонда әкеміз «Жер шоқтығы – Көкшетау, Бауыры толған бақша-бау. Төңірегің сексен көл, Иісің жұпар аңқиды-ау» – деп Біржан салдың әнін әуелеткен екен. Әкемнің дауысына, әншілік шеберлігіне дән риза болған Әсет домбырасын сыйлапты. Міне, содан бері бұл қасиетті домбыра біздің әулеттің құнды жәдігеріне айналған, – дейді Шалғынбай аға.

Әсет бабамыздың жан серігі болған қалақ домбыра балқарағайдан жасалған. Домбырада өшіңкіреген жазу бар. Бұл араб әліпбиіндегі «Әсет» деген жазу екен.

  • Әкеміз 70 жасында дүние салды. Ол кезде мен 5-сыныпта оқимын. Домбыра ескі үйде тұрды. Алғаш ән айта бастағанда осы домбыраны іздедім. Ескі үйдің бір бұрышынан тауып алдым. Мойыны, құлағы сыныпты. Бет қақпағы шіріп кеткен. Басында тоғыз пернелі болған. Өзім пернесін көбейттім. Кейін домбырадағы жазуды оқыту үшін Мұсақан Жұманов деген араб әліпбиін танитын ақсақалға апардым. Сонда ақсақал: «Мына жерде «Әсет» деп жазылған екен. Бұл домбыра Алаштың бағына біткен асыл перзенттерінің бірі – теңдессіз әнші, бірегей сазгер, суырыпсалма ақынның көзі. Ешқашан төмен түсірмей, жоғары іліп жүр» – деді. Содан бері киелі аспапты төрімнен түсірген емеспін. Менің шаңырағымда сақтаулы тұрғанына 45 жылдан асты, – дейді Шалғынбай Сатыбалдыұлы.

Әсет Найманбайұлының Қоянды жәрмеңкесіне барып, елді Арқаның ән мектебінен сусындатқанын білеміз. Арқаның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізіп, Біржан, Ақан мен Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратты. Осындай сапарларының бірінде әншінің Сатыбалды Күлімбаев ақсақалға сыйлаған домбырасы бүгінге жеткені көңілімізге қуаныш ұялатты.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button