Бас тақырып

Мамандар ұстаханасы

Уақыт шіркін тоқтаусыз зырғып, замана көші ілгері жылжыған сайын қоғамның тыныс-тіршілігін, ұлттың үні мен жүрек дүрсілін дөп басып, тарих тақтасына таңбалайтын бірден-бір құдірет – сөз өнері екені даусыз. Қаламның ұшы мен камераның объективі тоғысқан, ақпарат тасқыны мен шығармашылық шабыт астасқан киелі кеңістікте ұлы шындықтар мен соны соқпақтар дүниеге келеді. Қарағанды университетінің филология факультетіне қарасты журналистика кафедрасының жанынан қанат қаққан Оқу телевизиясы – болашақ медиа сардарларын шыңдайтын алтын ұя, талай жас дарынның тұсауын кесіп, үлкен өмірге жолдама берген алтын бесік.

Сурет автордан

Құрғақ білім жаңбырсыз бұлт секілді, маңызы болғанымен, нәрі кем. Студенттің нағыз кәсіби деңгейі дәрісханада алған ілімін тәжірибе алаңында тер төге жүріп ұштастыра білгенде, шынайы өмірдің тынысын сезінгенде ғана толысып, кемелдене түспек. Осы орайда, Оқу телевизиясының тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты, жастардың жанашыр тәлімгері, білікті маман Жанель Мадиярова бұл шығармашылық шеберхананың негізгі мұраты мен атқарып отырған ауқымды жұмысын өзінше сабақтайды.

Тәжірибелі маманның пайымдауынша, бүгінде бұл құтты шаңырақта шығармашылық жұмыс еш толастаған емес. Оқу телевизиясының құрамында студенттік толқынның еркін үніне айналған «BUKETOV Radio», заманауи халықаралық талаптар мен техникалық стандарттарға сай толықтай жабдықталған кәсіби студия, сондай-ақ, жедел ақпарат тарататын баспасөз орталығы қызмет етеді. Бұған қоса, қазіргі жаһандық медианың күретамыры және ажырамас бөлігі болған SMM бағыты бойынша да студенттерге терең тәжірибелік, өндірістік бағыт-бағдар беріледі. Осында жүріп жас өрендер кәсіби фотоаппараттың қыр-сырын меңгеруді, бейнематериалдарды сауатты түсіруді, күрделі монтаждау дағдыларын, радио және телевизиялық тікелей эфирлерді жүргізу мәдениетін, сондай-ақ, ұтқыр да мазмұнды сұхбат алу өнерін кәсіби деңгейде игеріп шығады. Жетекші маманның: «Ізденуге, үйренуге ынтасы бар, көзінде оты лаулаған әрбір студентімізге оқу телевизиясының есігі әрдайым айқара ашық», – деп ағынан жарылуы сөзіміздің айқын дәлелі.

Университетте өтіп жатқан іс-шараларды және апталық жаңалықтарды шығарып отыратын «BUKETOV life» жаңалықтар бағдарламасы студенттерге сюжет дайындауды, мәтін жазуды және сұхбат алуды тәжірибе жүзінде үйретуді мақсат етеді. Сонымен қатар, университетімізде көп жыл қызмет атқарған, ғылымның дамуына үлес қосып жүрген доктор-профессорлардың бейнесін ашу мақсатында айына бір рет «КЕЛБЕТ» портреттік бағдарламасы жарық көреді. Кафедра оқытушыларының белгілі бір қоғам қайраткерімен немесе университетке сыйлы профессор-оқытушылар құрамымен емін-еркін форматтағы сұхбатын ұсынатын «СҰХБАТ times» бағдарламасы да айына бір рет көрерменге жол тартады. Бұдан бөлек, «Қоғаммен байланыс» мамандығының студенттері өздері ізденіп, белгілі бір тақырып аясында материалдар жинап, тың ақпараттарды «CІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?» танымдық бағдарламасы арқылы көрерменге ұсына алады.

Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button