28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні
Бұрын ақпараттың жолы ұзақ еді. Әуелі редакция сүзгісінен өтіп, сызылып, қайта жазылып, содан кейін ғана газет бетіне басылатын. Оқырман қолына жеткенше сағаттар, кейде күндер өтетін. Сол уақыт журналистке ойлануға, деректі салыстыруға, сөздің салмағын сезінуге мүмкіндік беретін. Ал, бүгін бәрі басқаша. Ақпарат секунд сайын тарайды. Қас-қағым сәтте ел ішін былай қойғанда, басқа құрлықтағы оқиғаны да біліп отырамыз. Смартфон экраны бәрін баян етеді. Қоғамдық пікір де сол мезетте қалыптасады. Жалпы айтқанда, журналистиканың жаңа кезеңі басталды. Жаңа кезеңнің артықшылығы да бар, кемшілігі де аз емес. Сараптап көрелік.

Бүгінде «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген жаңсақ пікірлер жиі айтылады. Алайда, бұл – біржақты пайым. Себебі, ақпарат көбейген сайын оны сұрыптайтын, саралайтын, мән-мағынасын ашатын кәсіби журналистиканың маңызы арта түседі.
Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз ойын білдірген болатын.
– Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда, мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті, идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді Президент.
Расында да, дәстүрлі басылымдардың орны қай кезеңде де ерекше. Газет журналистикасы цифрлық дәуірде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, ақпарат тасқыны күшейген сайын салмақты сөзге, сұрыпталған дерекке, ойлы талдауға сұраныс арта түсті.
Қалай десек те, Қазақстан қоғамы цифрлық ортаға толықтай бейімделіп келеді. Интернет, әлеуметтік желі, мессенджер, видео платформа, подкаст, қысқа бейнеролик – мұның бәрі ақпарат алудың күнделікті арнасына айналды. Енді оқырман жаңалықты тек газеттен немесе телеарнадан күтпейді. Ол ақпаратты Telegram-нан оқиды, Instagram-нан көреді, TikTok-тан тыңдайды, YouTube-тен талдайды. Осы өзгеріс журналистиканың форматын ғана емес, табиғатын да өзгертті.
Әлемдік медиа зерттеушілері бұл үдерісті журналистиканың жаңа кезеңі деп бағалайды. Мәселен, ғалым Джон Павлик жаңа технологиялар журналистиканың ақпарат жинау, өңдеу және тарату тәсілін түбегейлі өзгертетінін айтады. Цифрлық дәуірдің ең үлкен мүмкіндігі – журналистиканың аудиторияға бұрынғыдан жақындай түсуі. Әлеуметтік желі арқылы оқырман пікір білдіреді, сұрақ қояды, мәселе көтереді, тіпті, кейде журналистік зерттеуге түрткі болатын дерек ұсынады. Бұл – қоғаммен тікелей байланыс орнатудың жаңа формасы. Бұрын редакция мен оқырман арасында белгілі бір қашықтық болса, қазір ол аралық айтарлықтай қысқарды.
Әсіресе, өңірлік журналистика үшін цифрлық кеңістік үлкен мүмкіндік ашты. Бұрын облыстық немесе аудандық басылымда жарияланған материал сол өңірдің шеңберінде ғана таралатын. Қазір жергілікті мәселе әлеуметтік желі арқылы республиканың түпкір-түпкіріне жетеді. Ауылдағы жол, мектептегі мәселе, ауруханадағы жағдай, қарапайым тұрғынның үні цифрлық платформа арқылы мыңдаған оқырманға тарайды. Бұл тұрғыда өңірлік журналистиканың қоғамдық салмағы арта түсті.
Дегенмен цифрлық кеңістіктің көлеңкелі тұстары да аз емес. Ең алдымен, жалған ақпарат мәселесі өткір тұр. Әлеуметтік желіде тараған кез келген хабар шындық бола бермейді. Кейде бір адамның жеке пікірі қоғамдық дерек ретінде қабылданып кетеді. Кейде монтаждалған видео, ескі фото, контекстен жұлып алынған сөз қоғамда дүрбелең туғызады.
Ал, блогерлік пен журналистиканың шекарасы жер мен көктей. Қазір ақпарат кеңістігінде кез келген адам хабар таратушыға айналды. Бұл демократиялық тұрғыдан жақсы көрінгенімен, жауапкершілік мәселесін күрделендірді. Блогер жеке әсерімен бөлісуі мүмкін, ал журналист дерекке сүйенуі тиіс.
Келесі мәселе – жасанды интеллект. AI құралдары журналистикаға үлкен мүмкіндік әкелді. Ол ұзақ мәтінді қысқартуға, аудиожазбаны мәтінге айналдыруға, дерек сұрыптауға, тақырып ойластыруға, аударма жасауға, үлкен құжаттарды жүйелеуге көмектеседі. Бірақ бұл құрал журналистің орнын толық баса алмайтынын ескеру керек.
Журналист, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті журналистика кафедрасының оқытушысы Әлімжан Жақан да осы мәселеге назар аударады.
– Жылдам ақпаратта сараптама, зерттеу жоқ. Телеарналардан болсын, әлеуметтік желілерден болсын ақпараттың шикілігін байқаймыз. Тіпті, орынсыз дүрбелең тудыратын жалған ақпарат та халыққа тарап кетеді. Ақпарат ағынының көптігі сондай, ненің не екенін ажырата алмаймыз. Жалпылама айтқанда, жылдамдық бар, сан бар, бірақ, сапа жоқ. Бір үзім ой таппайсың. Әр жаңалықта тым құрығанда бір үзім ой болуы тиіс. Мәтіннің стилистикасына, грамматикасына, тіпті, пунктуациялық мәселесіне мүлде мән берілмейді. Мәтіндерде қате өріп жүр. Бұл журналистика ғана емес, қазақ тілінің абырой-беделіне де, тұтастығына да едәуір нұқсан келтіреді. Осыны ұғыну керек, – деді ол.
Оқытушының айтуынша, цифрлық кеңістіктегі басты мәселенің бірі – мәтін сапасы мен тіл тазалығы. Қазір ақпараттың көп бөлігі жедел жазылады. Бірақ жеделдік сауатсыздықты ақтай алмайды. Әсіресе, қазақ тіліндегі медиа кеңістікте термин қолдану, сөйлем құрау, стиль сақтау, ойды анық жеткізу мәселесі өзекті. Кейбір шет тілінен енген терминдердің түсіндірмесі берілмейді. Оқырман көбін түсінбей қалады. Бұл ақпараттың қолжетімділігіне де, тілдің қоғамдық беделіне де әсер етеді.
Цифрлық дәуір журналистиканы әлсіреткен жоқ. Ол журналистиканың әлсіз тұсын да, күшті тұсын да айқындап берді.
Ақпарат тасқыны күшейген заманда қоғамға ең керегі – айқай емес, анық сөз. Даңғаза емес, дәлел. Жылдам тараған қауесет емес, тексерілген ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық журналистиканың алдында үлкен мүмкіндік те, зор жауапкершілік те тұр. Сол жауапкершілікті сезінген медиа ғана цифрлық дәуірдің дауылында бағытынан адаспайды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



