Жаңалықтар

Ою – кодталған ақпарат

Оюдың мағынасы жоғалып бара ма? Соңғы жылдары қазақтың ою-өрнегі ұлттық киімнен бастап, интерьер дизайнына дейін кеңінен қолданыла бастады. Бұл – ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтың артқанының белгісі. Дегенмен, мамандардың айтуынша, оюдың сыртқы бейнесін сақтағанымызбен, оның ішкі мағынасы мен қызметін ұмытып барамыз. Көпшілік үшін ою-өрнек тек әдемілік пен сәннің белгісі ғана. Ал, шын мәнінде, қазақ оюлары ғасырлар бойы халықтың дүниетанымын, сенімін, өмір салтын және табиғат туралы түсінігін жеткізген ерекше таңбалық жүйе болған.

Сурет ЖИ

Дизайнер әрі ою-өрнек зерттеушісі Жанар Мұратова оюларды «Ата-бабалар қалдырған кодталған ақпарат» деп атайды. Оның пікірінше, әрбір өрнектің өзіндік міндеті, мәні және қолданылатын орны бар.

– Ою-өрнек жай ғана сурет емес. Ол – тілек, бата, қорғаныш, өмірлік тәжірибе мен дүниетанымның көрінісі. Адамдар оны тек киімге немесе кілемге сән үшін салмаған, – дейді зерттеуші.

Жанар Мұратованың зерттеулері қызықты оқиғадан басталған. Өзінің айтуынша, ауыр науқастан кейін түсінде қайта-қайта көрінген «Құмырсқа оюы» оны осы салаға алып келген. Кейін ол кітапханаларда ізденіп, кілем фабрикаларының суретшілерімен сөйлесіп, ескі қазақ үйлеріндегі кілемдерді зерттеген. Зерттеушінің айтуынша, бұрын адамдар кілемдегі өрнектерді оқи алған. Яғни, кілем тек тұрмыстық зат емес, белгілі бір хабарды жеткізетін мәдени мәтін болған. Бүгінде бұл қабілет ұмытылып барады. Біраз отбасылар үйіндегі көне текемет пен сырмақтың қандай мағына беретінін білмейді. Оюлардың тарихы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткендіктен, уақыт өте келе, көптеген түсініктер жоғалып кеткен. Зерттеушілер арасында оюлардың шығу тегі жөнінде түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар қазақтың геометриялық және космогониялық өрнектерінің тамыры бірнеше мың жыл бұрынғы сақ, ғұн, түркі кезеңдеріне дейін баратынын айтады. Археологиялық қазбалардан табылған бұйымдардағы таңбалар қазіргі кейбір оюлармен ұқсас келеді. Мысалы, күн бейнесін білдіретін шеңберлер, толқын тәрізді иректер, төрт бағытты көрсететін геометриялық белгілер ежелгі көшпелілер мәдениетінде жиі кездескен. Ал, кейбір зерттеушілер бүгінгі күні айтылып жүрген «барлық оюлардың нақты құпия мағынасы бар» деген пікірлерді ғылыми тұрғыдан дәлелдеу қиын екенін алға тартады. Яғни, оюларды зерттеу саласында әлі де көптеген ашылмаған сұрақтар бар. Соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланған мәселенің бірі – оюлардың жынысқа байланысты қолданылуы. Жанар Мұратова кейбір өрнектердің ерлерге, ал, кейбірінің әйелдерге арналғанын айтады. Оның пікірінше, «Құс қанаты» өрнегі әйелдің арманы мен ұмтылысын білдіреді. Осы себепті ол UFC жауынгері Асу Алмабаевқа сыйланған шапандағы «Құс қанаты» өрнегін сынға алған болатын. Алайда, бұл мәселеге қатысты ортақ ғылыми пікір қалыптаспаған. Этнографтардың бір бөлігі қазақ қолөнерінде шынымен белгілі бір өрнектердің жас ерекшелігіне немесе әлеуметтік мәртебеге қарай қолданылғанын мойындайды. Бірақ оюларды қатаң түрде «ерлердікі» және «әйелдердікі» деп бөлуге сақтықпен қарайды. Сондықтан бұл тақырып бүгінгі күні зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі болып отыр.

Қазақ оюларының ішіндегі ең танымалы – Қошқармүйіз. Көпшілік оны жай ғана ұлттық ою деп қабылдайды. Алайда, мамандар оның мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі халықтың дүниетанымын бейнелейтін символ екенін айтады. Қой қазақ үшін байлықтың, тоқшылықтың және берекенің белгісі болған. Сондықтан қошқардың мүйізі де күш-қуат пен молшылықтың нышаны ретінде қолданылған. Бір қызығы, бүгінгі күні көптеген адамдар ұлттық оюлардың бәрін «Қошқармүйіз» деп ойлайды. Қазақ оюларының жүздеген түрі бар. Олардың қатарында «Құсқанаты, Итқұйрық, Түйетабан, Құмырсқа, Ирек, Су өрнегі, Айшық, Ботагөз, Раушангүл, Сарғалдақ, Шынжыр, Қарғатұяқ» сияқты көптеген өрнектер кездеседі. Әрқайсысы табиғатпен, жануарлар әлемімен немесе адам өміріндегі белгілі бір ұғымдармен байланысты.

Бүгінде ұлттық стильдегі киімдер шығаратын брендтердің саны көбейді. Бұл қуантарлық жағдай. Өндірушілер оюлардың тарихы мен мағынасын зерттеуге жеткілікті көңіл бөлмейтіні жасырын емес. Нәтижесінде кейде оюлар өз орнына сәйкес келмей қолданылады немесе бірнеше түрлі мағынадағы өрнектер бір бұйымға ретсіз орналастырылады. Бұл мәселе ұлттық мәдени мұраға деген жауапкершілік туралы ойлануға мәжбүр етеді. Өйткені, ою-өрнек – тек дизайн элементі емес. Ол – халықтың тарихи жады. Қазақ қоғамында ою-өрнекке қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.Оюды сақтау оны тек киімге басып шығарумен шектелмеуі тиіс.

Жансая ҚОПОБАЕВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button