Жаңалықтар

Серозды менингиттің алдын алу

Энтеровирус жұқпасы – энтеровируспен таралатын аурудың бір түрі. Серозды менингит энтеровирус жұқпасының ауыр түрі саналады. Аурудың көбінесе жазғы, күзгі мерзімдерінде тіркелетіні анықталған. Серозды менингит ауруына көп жағдайда мектеп оқушылары мен 19-39 аралығындағы жастар шалдығады. Жұқпаны таратушы – сырқаттанған және вирусты тасымалдаушы адамдар.

Энтеровирус ішкі ортаға төзімді және тұрмыстық ағын суларда, бассейндерде, ашық суаттарда, тұрмыстық бұйымдар мен азық-түліктерде (сүт өнімдері, жеміс-жидектер, көкіністер) ұзақ уақыт сақтала алады. Вирус қайнаған суда тез өледі.

Энтеровирус жұқпасы – қарым-қатынас арқылы өте тез таралатын ауру. Ол үш жолмен таралады. Ауа-тамшы жолдары, қарым-қатынас кезінде және су арқылы жұғуы мүмкін. Бірінші жағдайда жұқпа ауа арқылы сырқаттанған адамдардан жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Сондай-ақ, жуылмаған көкөністер мен жемістерді, жылумен өңделмеген азық-түлік тағамдарын қолданғанда, қайнатылмаған суды ішкенде, не болмаса, жұқпа таралған тұрмыстық бұйымдарды пайдалану арқылы жұқтыру қаупі бар. Су арқылы таралуы көбінесе жаз айларында ашық суатта шомылған жағдайларда кездеседі.

Серозды менингиттің алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтаған дұрыс. Арнайы рұқсат етілген орындарда шомылу керек. Бұл ретте әсіресе, балаларға көңіл бөлген жөн. Қайнатылған немесе тазартылған суды ішу, көкөністер мен жемістерді тазартып, қайнаған сумен жуу қажет. Сонымен бірге, қолды күнделікті жақсылап жуу, жеке бас гигиенасын сақтау сынды шаралар бұл ауруды жұқтырмауға септігін тигізеді. Жұқпаның клиникалық белгілері пайда болған кезде бірден медициналық көмекке жүгіну керек екендігін қатаң ескертеміз.

Анаркүл АЗЫХАНОВА,

Қарағанды облысы қоғамдық денсаулық департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларға қарсы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button