Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Рухани жаңғыру» — отарсыздану деген сөз»

Серік Ақсұңқарұлы

– Төтесінен бастап, төбесінен түссек, аға. «Рухани жаңғыру, ұлттық код» деген не өзі? Олай дейтінім, нақты істен көрі шара өткізуге бейім қазіргі қоғам Елбасы ұсынған ұлттың рухын өсіретін осынау бағдарламаның өзін саяси науқанға айналдырып жіберген сияқты?

– Ғылымда деколонизация деген сөз бар, оны білуге тиіссің. Белгілі бір елдің қолына көшкен колониясының тәуелсіздік алып, дербес өмір сүруі. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыруы» – сол деколонизацияның бір түрі. Сонда «Рухани жаңғыру» дегеніміз – отарсыздану процесі болып шығады. Брюллов деген суретшінің «Адасқан ұлдың ата жұртына қайта оралуы» атты әйгілі туындысы бар. Қазақстан адасып-адасып, ақыры, аталған бағдарлама арқылы өзінің ата тегіне қайтып келе жатыр. Ежелгі елдік белгілері мен салт-дәстүрі, рухани игіліктерімен қайта қауышу үстінде және онсыз дамудың даңғыл жолы болмайтынын уақыттың өзі дәлелдеп, алдымызға қойып отыр. Осындай ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, елдік ерекшеліктерімізді айқын-дағанда, біртұтас ұлтқа айналамыз. Ал, ұлтқа оралмай, тәуелсіздік болмайды. Ұлт деген біреудің ойлап тапқаны немесе пенделердің шығарған заңы емес, жалғыз Алла ғана жарата алатын қасиетті құбылыс қой. Біз – Қазақ әлі толыққанды ұлтқа айналмаған елміз, менің ойымша. Тайпалық, рулық жүйеде жүрген халықпыз. Ұлтқа айналған ел – Түркия, мысалы. Мен Түркияға бардым, тұрғындарын көргенде, таң қалдым. Кеуделері асқақ, ашық-жарқын сөйлейді. Өйткені, өмірі құл болмаған. Біз жасықпыз, құл болғанбыз. Патшалық Ресейдің қыспағын айтпағанның өзінде, кейінгі 70 жылда Кеңес үкіметінің өзі есеңгіретіп жіберді. Енді есімізді жия бергенде, бір жүйеден екінші жүйе – капитализмге қойып кеттік. Мұның бәрін артқа тастап, ұлттық тамырымызға қайтып келеміз. Сол жолда бұл бағдарламаның атқарар қызметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Мынадай технократтық заманда ұлттық құндылықтарымызды ғана күйттейміз деп жүріп, өркениет көшінен көз жазып қалмаймыз ба? Онсыз да шежіреге жақын әңгімешіл елміз ғой?

– Олай айтуға болмайды ғой! Осы бағытта дамуды біз 30 жылға жуық уақыт күтіп, қолымыз зорға жетіп отырғанда. Мәселен, нағыз ұлттық рухани бағытта жаңғыру – Алашорданың жолы еді. Мынау да соны тектеп тұр. Кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларын «Жапон тыңшысы» деп ұстап, құтылғанша асық болды. Сол тегін емес, негізі. Алашордалықтар жапондық дамуды үлгі етіп алған. Сол Жапон мемлекеті қазір қандай өркениетті ел болып отыр?! Барлық өркениеттің басында тұр. Олар неге осынша дамып кетті? Жапондар дүниежүзілік өркениеттің, білім мен ғылымның ең озық үлгілерін сіңіріп алғанымен, өздерінің самурайлық дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерінен танған жоқ. Керісінше, көне салттарын шамшыраққа айналдырды. Ескіге – жаңаның, жаңаға – ескінің сәулесін құлата білгенінің арқасында. Біз де солар сияқты дүние жүзінің кереметтерін сіңіріп алу керекпіз, бірақ, соған сіңіп кетпеуіміз керек. Ұлттық негізімізден ажырамауға тиіспіз. Онсыз адасамыз. Соны о баста біліп, бағдарлап кеткен Әлихандар неткен сұңғыла!

Саған былай түсіндірейін, қара! Абай Шыңғыстауда туды. Пушкинді оқыды, Гетені білді, батыс мәдениетін толық игерді. Бірақ, батыс мәдениетіне сіңіп кетпеді, керісінше, оларды қазақтың кең сахарасына алып келді. Абайдың Пушкин мен Гетеден аударғандарын оқысаң, қазақтың төл өлеңі сияқты. Ұлттың танымына салып айтты. Қасым, Мұқағали да сондай.

 – Дұрыс қой, аға. Батыс мәдениетіне барып, жұтылып кетіп жатқандар қаншама әдебиетте. Сол сияқты, бәлен жыл өзге мәдениетпен суарылған біздің ұлт ұлттық рухани жаңғыруды бірден қабылдап кете қоюға дайын ба?

– Дайын! Бірақ, Елбасының осындай ең таңдаулы бағдарламасының өзегін ашып, түсіндіріп, насихаттау жағы кемшін соғып жатқаны жасырын емес. Жүзеге асыру тетіктерін айтамын. Көп жағдайда осы бағдарламаны саяси науқанға айналдырып жіберетіні қынжылтады. Мысалы, Құрманғазының күйлері керемет қой! Әлемде ондай құбылыс аз. Құрманғазы, Моцарт деп салыстыруға болады және мұндай ерен жүйріктер саусақпен санарлық жаһанда. Сол Құрманғазының қазақ атын білгенімен, затын біліп отырған жоқ қой. Моцартты білген қандасымыз Құрманғазыны білмеуі мүмкін. Жалпы, күй өнерін жинап-теріп, «Мәңгілік сарын» деп таспаға бастырып қойғанымызбен, халыққа жаппай сіңіре алмай отырғанымыз шындық. Қайта Құрманғазы есімін біледі қазақ. Күй атасы ретінде таниды. Ал, Тәттімбетті, оның терең ойға құрылған философиялық күйлерін кім біліп жатыр? Қазақтың шертпе күй өнерінің атасы Тәттімбетті әуелі Арқа насихаттап, күйлерін күллі қазақ сіңіріп өссе, рухани жаңғыру деген сол емес пе? Бала бесігінде сол күйлермен тербеліп, тәй-тәй басып, экранға телміре бастағанда, бойына бірте-бірте ұлттық құнарды дарыта бермейінше – болмайды. Ал, ұлттық құнар – қазақтың ән-күйі мен өнерінде.

 Қазақ шертпе күй өнерінің атасы Тәттімбеттің қадіріне жете алмай отыр. Ұлттық өнердің айналасында жүрген азғантай топ біледі, не болады ол? Күй өнерін, әдебиетіміз бен мәдениетімізді санаға сіңіреміз десек, халық арасындағы үгіт-насихат жаппай сипат алу керек. Не көп насихатталса, халықтың ынтасы солай ауа бастайтыны белгілі. Рухани жаңғыру сонда жүзеге асады. Бұдан былай бұл үрдісті біз күн тәртібінен түсірмеуге тиіспіз. Өйткені, рухани есеміз кеткен елдің біріміз. Балтық жағалауы елдеріндегідей отарсыздандыру процесі жүрген жоқ бізде. Сондықтан, рухани жаңғыру арқылы коммунистік идеядан, басқа да бөтен дүниелерден арылуымыз керек.

 – Рахмет, аға!

Сұхбаттасқан Жәнібек ӘЛИМАН.