Сергек оқырман серігі
Биылғы жылы бұрынғы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінің алғашқы саны оқырманға жол тартқанына 45 жыл толды. Мысты өңірдің, соған қарасты байтақ дала төсіндегі елдің даму үдерісі мен еңбек дүбірінің шежіресін түзген басылымның заңды мұрагері – Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газеті сол кезеңдерде қалыптасқан ұлағатты ұстанымдарға кіршік түсірмей, мәртебесі биік оқырман алдындағы міндетін абыройлы атқарып келеді.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.
Суретті түсірген
Ғалия ӘБДІҒАППАРОВА.
Әрине, 45 жыл – айтарлықтай уақыт мұғдары. Осынау жылдар аралығында аймақ журналистикасында бірнеше буын ауысты. Соның басым дені кешегі «Жезқазған туының» шекпенінен шықты, қазіргі «Сарыарқаның» қабырғасында тәрбиеленді. Олардың қатарында бүгінде дүйім елге танымал тұлғалар бар. Айталық, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің Бас редакторы болған Мақұлбек Рысдәулет, белгілі баспагер Бейсенбай Сүлейменов – басылымның қазіргі таңдағы қызметкерлерінің шынайы мақтанышы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы – осы газетте қызмет еткен журналист. «Жезқазған туының» шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған Сайлаубек Қожамсейітов, Сайлаухан Нәкенов, Шәкизада Дәрмаханбетов, Итен Қарымсақов, Ізбасар Қабдырахманов, Болат Бабақов, Қасым Орынбетов, Апбаз Қаражігітов, Ескен Хасенов, Балтабек Әбеу – есімдері газет тарихында ғана емес, аймақ шежіресінде ойылып жазылатын жандар санатында.
Әр жылдары редактор қызметін атқарған Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев, Әубәкір Ахметбеков, Амандық Рахұлы, Төлеш Асанов – сан буын өкілдеріне тәлім берген кәнігі «бапкерлер». Сапабек Мырзатов, Рымқұл Сүлейменов, Қуаныш Сихымбаев, солар қатарлас өзге де ағаларымыздың асыл бейнелері қашанда жұрттың жадында. Көбейсін Еңсебаев, Ибрагим Бекмаханұлы, Сара Смағұл бастаған көптеген көсемсөз шеберлері жазудан әлі шеттей қойған жоқ. Қанаттары осы газетте қатайған Базарбай Әлеуханұлы, Ғазиз Ештанаев, Әлібек Әбдіраш, Абдолла Дастанов, Аманғали Әбуов, Сәуле Нұрекенова, Заря Жұманова, Әнуар Омар, Ізтай Белгібайұлы, Мақпал Ештанаева, Ерсін Мұсабеков – қалың қауымға қалам қарымымен танылған дарынды журналистер.
Жарты ғасырға жуық тіні үзілмеген ғибратты ғұрыпты басылымның бүгінгі таңдағы тізгіншісі, жас та болса, төңірегіне жарасымды істерімен жағымды Дархан Мұқан басқаратын шығармашыл топ ұтымды жалғап келеді. «Жас келсе – іске» демекші, жалын жігерлі азамат көңіл төріндегі көрікті ойларын жүйелі негізде, оралымды түрде, орнықты жүзеге асыруда.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»