Ұлытау

Сарысудағы серпіліс

Кезінде екі шаруашылыққа енші берген, бүгінде солтүстік-шығысы Жаңаарқа ауданымен, оңтүстігі Қаражал қаласының қапталымен шектесіп жатқан Сарысу ауылдық округінің тарихы тасқа басылғалы 65 жылға айналып барады. Бұл аз ба, көп пе білмедім, білетінім – алақандай ауылда үш бірдей Социалистік Еңбек Ері атындағы көше бар. Олар – Абайділда ЖҰМЫРТҚИН, Әзімбай ТІККӨЗОВ, Керімбек ТҰРЖАНБАЕВ. Осының өзі көп нәрсені аңғартқандай.

– Биыл ауылдың кірберісіне үш Еңбек Еріне Құрмет тақтасын орнаттық, – дейді округ әкімі Сәтжан Құрманбаев. Ал, олардың атындағы әр көшенің басына дерекпен дәйектелген пилон қойылғанын көрдік. Еңбек етуге ерінбеген есіл Ер өзінің өміршең есімін қойшының құтты таяғымен-ақ жазып кеткен. Ендеше, олардың ізін басып, ісін жалғастырған бүгінгі буын қайдан осал болсын?! Сарысу ауылдық округі Ұлытау ауданындағы ірі елді мекеннің қатарында және табиғаты мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы жерде орналасқан. Қазір 392 985 гектар жайылымдық пен 6 415 гектар шабындықтың шырайын шығарған жүзге жуық шаруа қожалығы ел ырзығын еселеуде. Жалпы, мыңнан астам адамның атақонысына айналған Сарысу аймағынан 20 мыңдай қой-ешкі мен 8 мыңдай ірі қара күнде өріске шығады. 5 631 мың жылқы мен 76 түйе тағы бар. Шама-шарқынша мемлекеттік және өңірлік әртүрлі бағдарламаға қатысып, қарастырылған жеңілдіктің шапағатын көріп жүргендер жеткілікті. Мәселен, былтыр «Сыбаға» бағдарламасынан 31 шаруа қожалығы 44 млн. теңгеден астам субсидия қаражатын шытырлатып санап алды. Осы бағдарлама арқылы 7 шаруа қожалығы 88 700 000 теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қотанға 129 ірі қара, 700 қой, 50 жылқы қосылды. Осының өзі шаруашылыққа серпін берді. Бұрнағы жылы қызмет бабында 3-4 фермердің қыстағына жолым түскені бар. Сонда еурожөндеу жүргізілген үйге немесе ішке кіргізілген суға емес, кеңестік кезеңнен қалған жоғары кернеулі электр желісін көріп, қайран қалғанмын. Расында, басқа жақта түнмен таласып тонағанда, мұнда аман алып қалу, әлі игілігін көру – үлгі етіп ұсынатын-ақ ерекшелік.

Ауылдық округті бес жылдан бері Сәтжан Құрманбаев басқарады. Ол – осы ауылдың тумасы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлегі. Еңбек жолын №7 Сарысу орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, директорлықтан қазіргі қызметіне келген. Бұрын осы әкімдікте сегіз жылдай жетекші, бас маман болған. Демек, оған ауылдың тыныс-тіршілігі таңсық емес.

Сәкеңнің өзі сөзді былай сабақтайды: «Қолыңнан бірдеңе келетінін көрсеткің келсе, бұрынғы барды бүлдірме. Жаңалық жасаймын деп жанықпаймын, бұрынғыны жетілдірсем де жаман болмас. Ең алдымен, назарда тұратыны – ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы. Әрине, оны ешкім сырттан келіп жасап бермейді, ел екенімізді өзіміз көрсетеміз. Шағын және орта кәсіпкерлікті қаузағысы келетін жас жетеді. Жарықпен жабдықтауды жақсарту үшін көмекші станса мен электр желісін кезең-кезеңмен жаңалау ойда бар. Әр көшеде балалар ойын алаңы болғаны жөн. Жағдай жақсарған жерде салауатты өмір салты қалыптасады. Барлық бастаманың алдында жастар жүруге тиіс. Сондықтан, ауылдың білім, спорт, медицина, мәдениет саласына тыңнан жас маман тарттым. Бұл тұрғыда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының мол мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Биыл аудан әкімі Советбек Медебаевтың пәрменді ықпалымен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сәтбаев көшесінде 6600 шаршы метрге асфальт төселді. Орталық көшеге балалар ойын алаңы салынды. Көше шамдары 40 дана диодты түріне ауыстырылды. Ескі аурухана ғимаратының орны тазаланды. Келесі жылы ауыз су тұщытатын қондырғы орнату, Сүйінбай, Бейбітшілік, Уәлиханов көшелерінің асфальтын жаңарту, көшенің барлық шамын диодты түріне айырбастау жоспарда бар». Әкім екеуміз ауыл аралап жүргенде айтылған азын-аулақ әңгіменің ұзын-ырғасы осындай еді. Өзім білетіннің біразынан көш ілгері клубты көрдік. Ауылдық жерде көп кездесе бермейтін көше бойындағы пилонға бардық. Күтімі келіскен Майдангер монументі әдемі әсер қалдырды. Жауқасыновтар шаруашылығына бет алғанда: «Анау имандылық үйі», – деді Сәкең сол жақ қапталды нұсқап.

Бұл мешітке байланысты ғибратты бір әңгіме естігенмін. Оның көптен жөндеу көрмегені көңілді құлазытып жүргенде осы ауылдың қазір жан-жақта түрлі қызмет атқаратын бірнеше азаматы – Ерлан Малдыбаев, Бағлан Мәуленов, Байқоңыр Рысбеков, Жанғазы Жанділдин, Медет Дүйсембеков, Ерсайын Әбдікеров, Абылай Әшенов, Аманжол Айтханов, Ержан Рахымжанов, Мағауия Сейталинов қаржы шығарып, мешіт күмбезін жөндеп, төбесін ашып-жауып, шатырлап беріпті. Жауқасыновтар отағасы Жетпіс ақсақал – кезінде көш бастаған даңғайыр шопан. Өңірде оны танымайтын адам кемде-кем. Біз де бір адамдай білеміз. Одақ ыдырамай-ақ, сонау тоқсаныншы жылдың басында жеке шаруа қожалығын құрған. Отардан-отар өргізген. Одан өз еншісін алған балалары – Бақыт, Нұрғали, Бисенғали, Алтай бүгінде жеке-жеке шаруа қожалығын дөңгелентіп отыр. Үлкен үймен еншілес қалғаны Ертай мен Дәуір екен. «Малға жем-шөпті өз күшімізбен дайындаймыз. Бала-шағамен-ақ біраз шаруаның басын қайтаруға болады. Техника жеткілікті. Ағалардың айналдырғаны – отар-отар қой. Біз жылқы мен ірі қараға бейімделдік. Бордақылау кешенін салдық», – дейді Ертай. Оның сөзінен санадағы сілкініске сай істегі серпілісті сезінгендей болдық.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button