Бас тақырыпОблыс әкімі

Саранда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі шешімін тапты

Облыста Президенттің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тәуелсіздік күні қарсаңында сарандық көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамту мәселесі толық шешілді. Әзірге, Саран қаласы – кезекте тұрған көпбалалы аналар баспанамен түгел қамтылған аймақтағы алғашқы өңір.

Бұған дейін Сарандағы үй кезегінде 46 көпбалалы отбасы тұрған еді. Басыбайлы баспанаң болмаған соң, жағдай белгілі… Әркімнің босағасын бір сағалап, үй жалдап келген-ді. Енді, бұл отбасылар баспана әуресінен құтылған жайы бар. Ұлттың ұлы мерекесіне орай 120 отбасы жаңадан салынған пәтерлер кілтіне ие болды.

Салтанатты рәсімге арнайы келген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек пәтер иелерінің қуанышын бөлісті.

  • Бүгінгі күні осы бір керемет оқиғамен баршамыздың есімізде қалары анық. Біз жаңа көпқабатты үйлердің кілттерін тапсырып отырмыз. Менің ойымша, бұл Тәуелсіздік күніне және алдағы Жаңа жыл мереке қарсаңында жасалып отырған тамаша сыйлық. Бұл бес қабатты үйде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолайлы жағдай жасалған, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қаладағы үй құрылысы мұнымен тәмамдалмайды. Бұл туралы әкім өз сөзінде атап өтті.

  • Тұрғын үй құрылысы белсенді қарқынмен жалғасады. Келесі жылы қалада әрқайсысы 100 пәтерлік тағы үш көпқабатты үй салынатын болады, – деді әкім.

Ал, жалпы, Қарағанды облысында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй салуға және сатып алуға 11,5 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама шеңберінде аймақта 194 пәтер пайдалануға берілді.

Аталған үй де «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғызылған. Пәтер кілттеріне ие болғандар қатарында көпбалалы, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалар асырап отырған отбасылар да бар. Тиісінше, үй ғимаратында мүгедек жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай қарастырылған.

Үй кіреберістеріне мүгедек арбадағы адамдарға арналған көтергіш орнатылыпты. Пәтерлер есіктері – кең. Жуынатын бөлмелерде арнайы тұтқалар бар.

Бұл үйді жергілікті «ККК ЛТД» компаниясы тұрғызған. Кілт тапсыру салтанатына аталған компания басшылығы да қатысып, үй тұрғызудағы тәжірибесімен бөлісті.

  • Қысқа мерзімде осындай жайлы үйді тұрғыздық. Сапаға барынша мән бердік. Осыдан жеті жыл бұрын біз үй құрылысы комбинатын іске қосқан едік. Жеті жылда табысты жұмыс істеп, жүздеген жұмыс орнын құрдық. Саран қаласының 130 тұрғыны біздің кәсіпорында еңбек етуде. Олардың барлығы да осындай үйлерде өмір сүргісі келеді. Бұл – біз тұрғызып жатқан үйлердің сапасын көрсетеді, – дейді компания басшысы Александр Кику.

Салтанатты жиыннан кейін жаңа пәтерлер қожайындары жақсы жаңалықты естігенде ерекше қуанғандарын жеткізді.

  • Әрине, қуанышымыз шексіз. Бұған дейін Ақтаста ата-анамызбен бірге бір үйді паналадық. Төрт жыл кезекте тұрдық. Енді, міне, өзіміздің кең пәтерімізге қол жеткізіп отырмыз. Жақында қоныс тойын тойлаймыз. Мемлекет пен билік өкілдеріне қамқорлығы үшін үлкен рахмет, – дейді көпбалалы ана Жанна Жұмашева.

Жаннаның отбасында төрт бала өсіп келеді. Отағасы зауытта жүк тиегіш тракторды жүргізуші болып жұмыс істейді. Жаннаның өзі жұмысқа орналасу үшін бүгінде тігінші курсында оқиды. Баспана мәселесі шешілген соң отанасының да көңілі жайланған. Сүйікті ісімен алаңсыз айналысуға мүмкіндік пайда болғанына қуанышты. Тігін ісін әбден меңгерген маманға кез келген жерден жұмыс табыларына сенімді…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Басқа материалдар

Back to top button