Сарабдал жолда сабақтастық маңызды
Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында және халықпен кері байланыс орнату мақсатын көздеген «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында отандастардың орамды тілек-ниеті назардан тыс қалмаған болатын. Бұл ұсыныстарды іске асырудың іс-қимыл жоспары да бекітілді. Негізгі бағыттар айқындалды…
Мемлекет басшысының сондағы алға тартқаны – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатына негізделген сабақтастық мәселесі. Осы сабақтастықты отандастарымыз кейде дұрыс түсінбей жатады. Алайда, кемел келешекке нық қадам басу үшін де осыған дейін атқарылған ауқымды жұмыстардың, жемісті жетістіктердің сабақтастығы болуы керек емес пе? Әріден бастайын…
Бүгінгі жас буынның басым бөлігі ғасыр соңындағы жоқшылық пен таршылықтың бірін де тұла бойымен сезіне алған жоқ. Ал, мен сезіндім. Жарық та, су да, жылу беру мәселесі де күн тәртібінен түспей тұрған кезең еді ғой ол. Осы күні бірер сағат жарық сөне қалса берекеміз қашатыны бар. Ал, сол жылдары апталап су да, жылу да болмай қалатын. Әсіресе, төсекке таңылған анам үшін қатты алаңдаушы едім. Спиртті таблеткаларды тұтатып, шешеме сорпа жылытқан күндерім күні бүгінге дейін көз алдымда. Газ бен электр қуатының жоғы былай тұрсын, көпқабатты үйлерде орталық жылу беру жүйесінің өзі тұралап тұрды. Сондай сәтте науқас шешемді қолға түскен қалың көрпе, тонға орап қоятынмын. Жұмыста жүргенімде тоңып қала ма деп елеңдеп отырушы едім.
Сол қиындықтарды да бір кісідей өткердік. Ұлт Көшбасшысы таңдай қағарлық табандылық танытып, Ұлы Дала төсінде экономикасы мен саясаты қатар дамыған Қазақстан мемлекетінің іргесін нығайтты. Күні кешегі коммуналдық мәселелер де бүгінгі ұрпақ сене бермес аңызға айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынып, тұтас бір халықтың бары мен жоғын бағамдады. Тарлан тарихқа көз жүгіртіп, өткенге үңілді. Соның барлығы – Елбасының жүйелі жұмысының, жарғақ құлағы жастыққа тимей атқарған ерен еңбегінің жемісі. Оны мойындауымыз қажет.
Ендеше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартып отырған сабақтастық мәселесі де осыған дейін жүргізілген жүйелі жұмысты жалғастыру емес пе?! Әрине, тың бастама, соны қадам да қажет. Бірақ, осыған дейін қалыптасқан ұлтаралық татулықты, достықты, ел ішіндегі ынтымақтастықты ысырып қоя алмаймыз. Онсыз мемлекет гүлденуі де мүмкін емес. Мұны неге айтып отырмын?
Осы күні өзгеріс іздеген адамдар қарасы көбейді. Бұған дейін атқарылған істі жоққа шығарғылары, өзіндік ұстанымдарын ұсынғылары келеді. Шынын айтайын, оған өз басым мүлде сенбеймін. Осынау уыздай ұйыған татулықты, бірлікті нендей дүниеге айырбастауға болатынын түсінбей дал боламын. Бағындырылған белестерді жоққа шығару деген сөз – алдағы алар асуларға сенбеумен пара-пар. Адамзат баласы ЖерАна төсінде тіршілік етіп келе жатқаннан бері небір аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді. Феодалдық дәуірден социализмге, одан барып, капитализмге қадам басқан Қазақстанның өзі соған дәлел. Ал, осы аралықта аштық пен соғысты да, саяси қуғын-сүргін жылдарын да, ішерге ас, киерге киім табылмаған жоқшылық пен кедейшілікті де көрдік. Ал, еліміз Азат болған кейінгі отыз жылға жуық уақыт аралығында соның бірін де көрген емеспіз. Ел – тыныш, іргеміз – бүтін!
Сондықтан, сабақтастықты сынға алмас бұрын, осы айтылғандарды қаперімізден шығарып алмайық. Мемлекет басшысына тән көрегендік – осында! Алауыздық іздегендердің арандатуына илана бермей, айналаға, қолда бар бейбітшілікке бағдарлап қараған жөн.
Вилен МОЛОТОВ-ЛУЧАНСКИЙ,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.