Ұлытау

Сапар орталығы – сәтті бастама

Ұлт ұясы Ұлытаудың туризмнің мекеніне айналатынын, бұл өңірге сапарлап келгенде сезгендей болдық. Өйткені, тау бөктерінде салынған «Сапар орталығы» бізді осындай сезімге бөледі. 2018 жылы Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы базасында Сапар орталығының құрылысы басталып, оны 2020 жылы толық аяқтаған. Инфрақұрылым мәселесі аудандық бюджет есебінен жүргізіліпті. Басында су мәселесі қиындық туғызса да, аудан әкімі Советбек ТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ қолдауымен арнайы ұңғыма қазылып, судың жайы толық шешілген.

Орталық құрылысына республикалық бюджеттен 546 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілген. Қазір орталық бір мезетте 70 адам қабылдауға қауқарлы. Жылу қазандығы газбен жұмыс істейді. Орталықта туристерге қажетті барлық инфрақұрылым – кафе, сувенир дүкендері, конференц залдар және басқа да бөлімдер жұмыс істейтін болады. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, келушілерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге, мәдени­ -ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға үлкен үлес қосады деп жоспарланып отыр. Асханасы да жеке орналасқан, өте ыңғайлы. 30 адамға арналған лэд-экранды, 70 адамға арналған заманауи конференц зал, кофе­-брейкке арналған орындар бар. Түскі асты да осында ұйымдастыруға болады. Еден астына жылу тартылған. Жатақхана бір мезгілде 15-ке жуық адамды қабылдай алады. Бірақ, қонақ үй емес. Осында зерттеу жұмыстарымен айналысатын археологтар мен басқа да мамандарға арналған жатақхана. Ақылы қонақ үй ретінде жоспарланған, бірақ ол әлі мақұлданбапты. Болашақта жатақхана қонақ үй форматына ауысуы мүмкін. Келесі бір бөлігінде Ұлытау қорық музейінің 30 жылда атқарған игі істері мен тарихи әлеуеті орналастырылған. Мұндағы 25 кешен жайлы мәліметті осы жерден алуға болады. Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл сынды ескерткіштерге осы қорық музейі жауапты екен.

– Әзірге орталықтың жөндеу жұмысы толық бітсе де, пайдалануға берілген жоқ. Бұл – Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын мекеме. Ашылу рәсімі 2022 жылы министрлік қолдауымен маусым айында өтеді. Орталықты биыл ашу жоспарланған еді. Жазда ЮНЕСКО президенті келмекші. Соның қарсаңында конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жылу жүйесі іске қосылмағандықтан, салқын. Мамандар әзірге қор сақтау ғимаратында отыр. Ашылған соң, осында көшіп келеміз. Мұнда арнайы зал, бөлмелермен қатар, асхана, аула да қарастырылған. Әулиетаудың етегінен салынғаны да бекер емес. Ұлытаудың бір қастерлі орны – бұл. Болашақта алдымен туристер тоқтап, кейін Әулиетауға жаяу шыққанын қалаймыз және басқа жерлерге апаратын мамандар да бар, – дейді Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы Аман-Серік Есенғалиев.

Олай дейтініміз, туристер мұндағы қасиетті орындарды аралау үшін алдымен осында келіп, өңірдегі киелі орындардың қысқаша бейнежазбасымен танысады. Ол үшін арнайы табло-экран орнатылған. Танысып, жолына кететін уақытты есептеп, баратын жерін таңдайды. Сондай-ақ, орталық базасында арнайы жылжымалы киіз үйлер қарастырылған. Қажет болса ас-ауқатын да дайындап береді. Тек, ақысын төлесе болды. Мәселен, Хан ордасына барғыңыз келсе, апарады. Киіз үйді қанша күнге қалайсыз, құрып береді. Ақшасын төлейсіз, бітті. Басқа да қосымша қызметтер ақылы жүзеге аса береді. Киіз үйдің бағасы шамамен 30 мың теңге. Ақысы қандай қызмет қоса ұсынғанына байланысты. Әлеуметтік желіде де парақшалары бар. Мәзір арқылы жұмыс жүргізеді, қысқасы. Сондай-ақ, мұнда 1993 жылы Хан ордасында Тұңғыш Президентіміз Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми ұлықтау салтанатына арнайы жасалған алғашқы тағы сақталған. Қасындағы асатаяғын ұлттық музейге өткізіпті. Мамандар мұнда орталық ашылатын кезеңде тағы да экспозициялар қойылатынын айтады.

– Ресепшн арқылы туристерді рәсімдеп, санақ жұмысын жүргіземіз. Яғни, Ұлытауға келген туристер осы орталықтан бағыт-бағдар алады. Аудан аумағында 300-ге жуық тарихи ескерткіш бар, солар жайлы мәлімет алып, таңдау жасайды. Ақшасын осында төлейді де, қалаған тарихи орынға мамандардың көмегі арқылы барады. Бізде «Жезкиік», «Көк майса», «Терісаққан көктемі» сынды ірі фестивальдар өтеді. Қанша турист келгенін білу үшін осы орталық ауадай қажет. Жұмысты ұйымдастыруға да қолайлы, – дейді Аман-Серік Есенғалиев.

– Жәй ғана мысал, қыркүйек айында газеттің ұжымымен келіп кеткен едік. Сонда біз де турист ретінде келдік, киелі жерлерді аралап. Тіркелген жоқпыз. Мұндай мысал көп. Қарқаралы санақ жүргізе бастаған екен,биылғы маусымда 35 мың турист келіпті, – деп қолдады «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабек. Заманға сай жабдықталған Сапар орталығы Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына бекітіп берілген. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемеде 42 қызметкер бар. Ашылған соң көшіп келеді. Дерекке сүйенсек, ел көлемінде осындай 12 қорық мұражай бар екен. Енді, Ұлытаудан Ұлттық парк ашу да жоспарланған көрінеді. Бұл әрине, алдағы күн еншісінде. «Әулиетауға осы Сапар орталығы арқылы өтеді. Көліктерін осында тастап, жуынып-шайынып қасиетті Жеті әулиеге тәу ете алады. Қазір орман шаруашылығы бөлімімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Орталық аумағында киіз үйлер де болады» деп қосты мамандар.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button