Жаңалықтар

Сан қырлы қаламгер еді

Замандасым, сан қырлы қаламгер Сәбит Бексейітов дүниеден озды деген суық хабар жетті. Жылап-сықтамай-ақ, осындайда оның шығармашылығының кейбір қырларына көңіл аударсам деп едім.

Сурет: Қаламгердің жеке мұрағатынан

Сәбит – алдымен ақын, жазушы. Немере ағасы, Орталық Қазақстан аймағының айтулы ақыны Мақсұт Байсейітовке еліктеді ме екен, жастайынан өлеңге құштар болды. Қиялы – биік, ойы өршіл еді. Оны «Орталық Қазақстан» газетінде бірге жұмыс істеген жылдардан білемін. Өлеңдерін жергілікті баспасөзде және қазақ жырының һас тарланы Қалижан Бекқожиннен бата алып, республикалық газет-журналдарда жариялап жүрді. Танымал ақын, талантты журналист атанды.

Оның шығармашылық шұратына (өз сөзі) қайта құру, демократияландыру кезеңі, тәуелсіздік дәуірі тың серпін берді, шырқау биікке көтерді. Ұлттық рух, отаншылдық сезім мөлдір лирикамен астасты. Бір ғана мысал келтірейін, 90-шы жылдардың басында белгілі диссидент, жазушысымақ А.Солженицин «Комсомольская правда» газетінде Ресейді қалай қайта құру туралы мақаласында «суын ішкен құдыққа түкіріп» дегендей Қазақстанның басым бөлігін Ресейге беру керек деп сандырақтады. Сәбит оған «Орталық Қазақстан» газетінде «Солженицын, жер иесі сен бе едің?» деген асқақ рухты өлеңімен жауап қатты. Өлеңді бұрыннан қалыптасқан қағиданы бұзып, 1-бетке салдық. Әсері өте зор болды.

Ол Сарыарқаның майталман еңбек адамдарының, ақын-жазушы, ғалымдарының портреттерін астарлы сөзбен, нәрлі бояумен жазды. Белгілі азаматтардың өмірі мен шығармашылығының белгісіз тұстарын анықтап, мақала, дастан шығарып, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады. Қоғам өмірінің алуан тақырыбына, өзекті мәселелеріне қалам сілтеді.

Сәбит бауырымыздың бір ерекшелігі – екі тілге де жүйріктігі. Жаңа заман туып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан соң, ана тілінде іс жүргізу проблемалары туындағанда өзінің қалған өмірін соған арнады. Аударма саласының проблемаларымен айналысты, «Нарықтық экономиканың орысша-қазақша қысқаша сөздігін» жасасты.

Ол өзінің рухани ағасы, жерлесі І.Жарылғаповтың үлгісімен батыл түрде жаңа сөзжасам үлгілерін ұсынды. Талай танымал ғалымдар таласып шығарған отыз томдық терминологиялық сөздіктерді де қисынды сынға алды.

Көркем аудармасы – өз алдына бір төбе. Ол А.Вознесенский, А.Плещеев, Э.Межелайтис, Ю.Марцинявичус сынды ақындардың өлеңдерін орысшадан қазақшаға, ал Ұ.Есдәулетов пен Ғ.Жайлыбайдың жырларын қазақшадан орысшаға аударды. Баласы Ақниетпен бірге Елбасы Н.Назарбаетың «Елім менің» атты жүрекжарды әнінің мәтінін орыс тіліне аударып, тұңғыш рет 1997 жылы «Экспресс-К» газетіне жариялады.

Сәбит Алаштың дарынды және жаңашыл ақыны деген баға алды. Ол білімді, интеллектуалды (С.Ақсұңқарұлының пікірі), жоғары мәдениетті азамат еді. Кітапқұмар болатын. Әлі есімде, 90-шы жылдардың басында, бәрі де тапшы заманда Мәскеуге іссапармен барған едім, сонда әркім әртүрлі қат заттарды алып келші деп ақша қосқанда Сәбең А.Вознесенскийдің кітабын сатып әкелші деп қолқа салған. Сәтін салғанда, Арбатпен келе жатқанда ұзын-сонар кезекке тап болдым. Сөйтсем, А.Вознесенскийдің кітабын сатып жатыр екен. Сондағы Сәбиттің әкесі базардан келгендей қуанып, мәз болғанын сөзбен жеткізе алмаспын.

Ол мәнді де сәнді өмір сүрді. Бақыт қарындасымыз екеуі балаларын тәрбиелеп, немере қуынышына кенелді. Қаламын қолынан тастамады. Оқырман ризашылығына бөленген 15 шақты кітап шығарды. «Түрксойдың» мәдениет саласындағы «Ұлы Түрік қыраны» медаліне ие болды.

Қош, аяулы Сәбит, ақын замандас! Топырағың торқа, жатқан жерің мамық болсын!

Аман ЖАНҒОЖИН, ардагер журналист,

 Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button