Сағал — Сапақ кесенесі — ғасырлар куәсі (Ақселеу Сейдімбектің жеке мұрағатынан)

    Қазақтың ауызша тарихнамасы бойынша Қара деген кісі үш әйел алған адам екен (кейінгі, қожадан шыққан сауаттылар жүргізген шежірелерде Қарақожа деген атпен берілген). Қараның бірінші әйелінен Нұржан атты бір қыз бен Тарақты туған. Екінші әйелінен Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат туады. Үшінші әйелінен Керей, Уақ туған.

Қараның бірінші әйелі Нұржанды туғаннан кейін көпке дейін бала көтермесе керек. Содан кейін екінші, үшінші әйелдеріне үйленген. Нұржан бой жетіп, ұзатылып, күйеуі жаугершілік кезде мерт болып, үйіне қайтып келеді. Осы кезде Қараның көптен бала көтермей кеткен бәйбішесі бала көтеріп, дүниеге Тарақты келеді. Қара дүние салғанда Нұржан мен Тарақтыда шаңырағы қалған. Тарақтыны әпкесі Нұржан тәрбиелеп өсірген. Ел ішіндегі кейбір шежіре сөздердегі «Тарақты қыздан туған» дейтін әңгіме осы жағдайға байланысты айтылса керек. Бұл – жаңсақ пайым. Өйткені, жиен «Ноқта ағасы» − бола алмайды.

Қара өлер алдында ұлының үлкені Арғынды шақырып алып: «Тарақтыны саған тапсырдым, Тәңірімнің алдына барғанда, тағдырын сенен сұраймын» депті. Арғын әке аманатына адал болады. Әпкесі Нұржан мен ең кіші інісі Тарақтыға бас-көз болып, ел қатарына қосады. Кейін есейген шақта, әке шаңырағына ие болған Тарақты бүкіл Орта жүзге ноқта ағасы болады. Міне, Шежіре аңыз дерегі осындай.

Ал, енді тарихи-этнографиялық деректің қисынына ден қойсақ, Тарақтының шын мәнінде Арғын, Найман, Қыпшақ, Үйсін, Алшын, Қаңлы сияқты ру-тайпалармен бір кезеңде тарих сахнасынан көрінгенін аңғарамыз. Тарақты «Тарақ» таңбасы Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта, тіпті, Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей) бойындағы тастағы таңбалардан ұшырасады.

Көшпелілердің мемлекеттік жүйесіндегі «ноқта ағасы» болған рулардың (Ұлы жүзде – Жалайыр, Орта жүзде – Тарақты, Кіші жүзде − Табын) ел билігіне қатысты айрықша статусы болған. Бұл орайда, ел ішінің салт-дәстүрін, дау-шарын реттеп отыруда ноқта ағасы руларға ерекше хақы (хұқық) берілген. Мұның айғағы ретінде кісі қазақ арасында жол-жоралғының алдымен ноқта ағасына берілуі, ұлы жиындарда ноқта ағаларына оңаша үй тігілуі, билер пәтуаға келе алмаған даулардың шешімді түйінін ноқта ағаларының айтуы сияқты бертін келгенше сақталған тарихи-этнографиялық үрдістерді айтуға болады.

Үш жүздегі ноқта ағасы рулардың үшеуінің де таңбаларының тарақ болып келуі. Бұл рулардың мемлекеттік істегі статустық деңгейлерінің бірдейлігін ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, көшпелілер қоғамының әлеуметтік-саяси өміріне ертеден-ақ араласқан рулар екенін аңғартады.

Жалайыр, Тарақты, Табын руларының үш жүзге ноқта ағасы болғандығынан ба екен, бұл рулар байтақ қазақ даласының барлық өңірлерінде кездеседі. XIX ғасырдан жеткен шежіре деректер бойынша Тарақтылар Орaл, Елек бойында 11 болыс, Жиделі-Байсында 22 болыс, Түркістанда 1 болыс, Есіл бойында 2 болыс, Торғай-Терісаққан бойында 1 болыс, Шажағай бойында (Жезқазған облысының Жаңаарқа, Ағадыр аудандары) 2 болыс ел болыпты. Осы орайда, Тарақты Наймантай батырдан туған Есқараның балалары Ақкөз бен Көтібақ ұрпағы Түркияда екенін айта кетуге болады.

Тарақтылардың ұраны – «Жауқашар». Арқа тарақтылары Байғозы батырдың да атын ұранға қосқан.

Тарақты руынан Наймантай, Байғозы сияқты батырлар, Тұяқ сияқты шешендер, Тышқанбай (Қарқаралыда), Мәделбек (Тәшкентте) сияқты аға сұлтандар, Әміре Қашаубаев сияқты әншілер, Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева сияқты еңбек ерлері, Спатай Сүлейменов сияқты Кеңес Одағының Батыры шыққан. Абылай ханның бас батырларының бірі Байғозы туралы Шоқан Уәлиханов қызықты деректер жазып қалдырған. Байғозы батырдың шешесі Шолпан деген кісі Жетіру Есет батырдың қызы екен. Байғозының әкесі Наймантай батырдың сүйегі Түркістандағы Яссауи кешен-қорымына қойылған. Байғозы батырдың бейіті Жезқазған облысының Ағадыр ауданында Жаман өзенінің бойында тұр. Батырдың туы, бойтұмары бұл күндері Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында тұратын ұрпағы, Әбдіғұлов Саламаттың қолында сақталған. Бұл ту қазір Президенттік Мәдениет орталығында сақталуда.

Байғозы заманында Арқадағы Қыдыр – Қармыстың қыстауы мен жайлауы Ақтау, Қызылтау, Ортау және «Көктің көлі» екен. Оған дәлел – Байғозының сүйегі Ортаудың алдында жатса, Апай Еркебұлан батырдың күмбезі: Ақтау совхозының жерінде, Манақа өзенінің бойында тұр.

Ал, Арқадан іргесі аумаған көпсары Құдайназар балалары: Сағал мен Сапақты ата қонысы Сарысу өзенінің бойы және жатқан жерлері де сол жерде. Ертеде көк тірген күмбез бүгінгі күні жартылай құлаған. Заманында Сағал мен Сапақ кісілігі зор, маңайындағы елге сіңірген еңбектері үлкен болған, өздеріне біткен байлығын (мыңдап жылқы айдаған) ел ырзығына шашқан. Оған қоса, сері және сирек кездесетін еркектің сымбаттысы екен. Оған мысал: Керей Советник (кеңесші) Тұрлыбектің Қызылжар жанындағы Белқарағанда берілген асында, жеті дуан ел жиналыпты. Осы аста дәстүрлі ақындар айтысы, палуандар күресі, батырлар сайысы, ат жарысынан басқа бір жаңалық болыпты – адамның, аттың және ер-тұрманның әдемілігіне бәйге жарияланыпты. Сонда келбеттілігімен Тарақты Сағал мырза, аттан Алсай Қонақбайдың Қарақұлақ аты, ер-тұрманнан Аралбай Кенженің алтын ері бас бәйге алған екен.

Тағы бір мысал: Қаракесек елінде болған үлкен бір асқа Тарақтыдан бірыңғай киіндіріп, қырық жігітті бастап, қырық ақбоз атпен, күміс ертоқыммен Сағал мен Сапақ барыпты. Астың иесі Тіленшінің Алшынбайы болса керек. Тарақтылар әрі жиен, әрі құда деп ыңғай қаракөктен бір үйір жылқы апарыпты. Сонда нағашысы тарақты атынан тартуын тапсырып Сағал-Сапақ сәлем бере барғанда:

Бұлар мен көрмеген қай балалар? – депті Алшынбай, жасы ұлғайған кезі болса керек.

Бұлар біздің ағаларымыз, Тарақты Сағал мен Сапақ, – депті туған жиені Жәуен.

Е, Тарақтыда тамағы тоқ екі бала бар деуші еді, солар екен ғой, – депті Алшынбай.

Сағал-Сапақ сәлемдесіп үйден шығып кеткен соң, Жәуенді қасына алып қалып:

Тарақтыда сендердің алдарыңа түсетін кім бар, өздері талапсыз-ау деп жүруші едім. Сағал мен Сапақ адамның қызыл қайың сұлтаны екен, солардан кейін жүрсең де кем болмассың, – депті Алшынбай.

Аста сән-салтанатымен, өнер-сауығымен және сыпайы-әдептілігімен Сағал-Сапақ бастаған Тарақты жігіттері және жеке басының ерлігімен, күш-қайратымен керейлерді бастап келген Барақ төре көптің көзіне түсіпті. Ат бәйгесінің алдын Тарақты алса, сайыста Бараққа жан шақ келмепті. Ас тарқар алдында жақсы мен жайсаңдарды бастап, құдасымен қоштаса отырып, тобықты Құнанбай:

Алшеке, сізге ерден кім ұнады, елден кім ұнады? –депті.

Сонда Алшынбай біраз ойланып отырып:

Қазіргі ер жақсысы Барақ екен, ел жақсысы Тарақты екен, − депті.

Сағал мен Сапақ атамыздан тараған, бүгінде ел басқарып, азаматтығымен көзге түсіп жүрген азаматтар аз емес. Олар – кеше Қарағандыдағы Әділет басқармасын басқарған Дәркен Әйкешұлы Батталов, бүгінгі заңгерлер – Қаржаубай Сейілханұлы, Болат пен Жомарт Имашевтер, Мұрат Жұмаділов, «Қазақмыс» корпорациясындағы Бауыржан Хакимұлы Искаков, «ҚТЖ» АҚ-дағы Жанкелді Төреханұлы Ибраймов және кәсіпкер Саят Адыханов.

Бүгінгі күні Сағал – Сапақ кесенесі Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи мәдени мұраларды сақтау орталығы мекемесінің қолға алуымен қайта көтеріліп, мемлекет қамқорлығына алынды. Бұл істің басы-қасында болған осы мекеменің қызметкерлері – Түлкібай Сақтағанұлы Төлеуовке және Жанболат Мәжитұлына алғысымыз шексіз.

Асылхан СЕЙДІМБЕК,

ҚР Прокуратурасының Құрметті қызметкері, заңгер.

АСТАНА қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.