Жаңалықтар

Сәкенді жасырған Жәңгір төре

Газетіміздің 2020 жылғы 14 шілдедегі №75 (22 816) санында марқұм Марат Шайкиннің «Қарамұрын, Қара ойдың айналасы…» атты мақаласы жарияланған-ды. Мақалада автор «Красная Поляна» ауылына осы өңірде 15 жылдай болыс (Қареке-Алтай немесе Шерубай-Нұра) болып, сол кезеңдегі мемлекеттік жүйеге де, халыққа да жаққан Жәңгір төренің есімін беру туралы мәселе көтереді. Біз бүгін осы мәселеге қайта оралып отырмыз.

Жақында облыстық мәдени мұраларды қорғау инспекциясының мұрындық болуымен «Қарамұрын» станциясы маңындағы Жәңгір төре кесенесі (суретте) жаңғыртылып, мемлекет қорғауына алынды. Осы бір орайлы сәтті пайдаланып, біз де «Тоқсан жыл топта толғаған» ата басылым бетінде елдік мұратты көздеген Марат ағамыздың аманатын жаңғыртуды мақсат тұттық.

Жалпы, Жәңгір кім? Ақмола уезінің аға сұтаны болған Құдайменденің шөбересі. Жомарттығымен елге жағып, іскерлігімен, парасатымен патша сарайының да назарында болған қайраткер тұлға. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановпен дос-жар болғаны туралы, Шортанбай жыраумен мүдделес ғұмыр кешкені, Мәшһүр Жүсіппен сыйластығы, Сәкен Сейфуллинге қамқор болғаны тағы бар. Әкесі Бегалы Қоңырқұлжаұлы 1855 жылы Санкт-Петербургте ІІ Александр патшаны ұлықтау рәсіміне қатысқан. Ал, Жәңгір төренің өзі 1902 жылы сол Петерборда өткен халықаралық көрмеге қазақ халқының ұлттық киімдерін жөнелткені туралы архив құжаттарында бар.

Жәңгір төренің қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткерлігі ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы діни-саяси қозғалыстар барысында айқын байқалады. Қазақтарды шоқындыру бойынша астыртын саясаттың ауанын алғаш аңғарғандардың бірі де – осы Жәңгір. Ол өз ауылында (қазіргі «Красная Поляна») медресе ашып, мешіт салдырған. Мұсылманша оқуға ынталы балалар жыл бойы Жәңгір ауылында жатып оқыған. Ол үшін интернат та салып берген.

1919 жылы «Анненковтың азап вагонынан» қашып шыққан сұңқар Сәкенді ауылында жасырып ұстаған жанашырлығын қайда қоясыз?! Ол туралы Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» романының «Өзіміздің елге оралу» тарауында әсерлі баяндайды. Біз бүгін Сәкен романының осы Жәңгір ауылына қатысты тарауынан үзінді жариялай отырып, идеологиялық тұрғыдан ескірген «Красная Поляна» ауылының атауын ұлт жанашыры, қазақ қайраткері Жәңгір төре есіміне ауыстыру туралы ұсынысты қайталап еске саламыз.

Үн қосамын десеңіздер, мархабат!

Ерсін МҰСАБЕК.

ӨЗІМІЗДІҢ ЕЛГЕ ОРАЛУ

Сәкен СЕЙФУЛЛИН «Тар жол, тайғақ кешу» романынан үзінді

Бұрын, біздің ел жаз жайлап отыратын Сабыр қожа деген өзенге келдік. Соңғы жылдарда Сабыр қожаға біздің ел келе алмай кейін, Есен деген өзеннің бойында қалған екен. Сабыр қожа мен Есен өзенінің арасы (100) жүз шақырымдай. Арада, жолда, жол маңында ел сирек. Тек, Сабыр қожадан он бес, жиырма шақырымдай жерде, жолымызда «Құндызды» деген өзенде бір-екі ауыл бар. Одан шыққан соң 15-20 шақырымдай жерде, «Шөптікөл», «Жаманкөл» деген көлдердің басында бір-екі ауыл бар. Одан шыққан соң жолда «Нұра» деген өзеннің бойында бір-екі поселке бар. Одан әрі біздің елге шейін ел жоқ. Жұрттың айтуынша елсізде жол тосқан жүргінші ұры көп. Қорқыныш. Бұл хабарларды әркімнен әр түрлі естіп, торы шолақ айғырды айдап, күн еңкейген кезде Сабыр қожа өзенінен өттік. Жөнімізде, өзеннің біз өткен жағында бір – екі ауыл отыр Бай ауыл, ақ ауыл. Мал көп. Өзеннің бойында қалың көгалды бырт-бырт жұлып, пысқырып, қаптап қыбырлап құлалы жылқы жатыр. Ауылдардың сыртында қаптап, бырдай болып, ызыңдап қалың ақтылы қой жатыр. Ауыл маңында сиыр, түйе қара – құра көп. Ауыл бай, атақты ауыл. Заманында Ақмола уезін билеген ағасұлтан Құдайменде – Қоңырқұлжа төренің баласы Жәңгір төренің ауылы. Бергі ауыл Жәңгірдің өз ауылы. Арғы қасындағы ауыл бір байлау Төленгіттің ауылы. Жәңгір ауылында күмбездей үш ақ орда тұр. Шағаладай шаңқан ауылдың сыртында жекерек тағы бір аппақ үй тігіліп жатыр. Екі көзім ауыл мен малда. Біздің елмен жапсар отырса да бұрын Жәңгір ауылын көрген жоқ едім. Бірақ Жәңгір ауылы туралы көп әңгімелер естуші едім.

Біз Сабыр қожа өзенінен өтіп бір өзекке түсіп, енді одан шыға келгенімізде алдымыздан, қарсы, бір ат жетектеген салт атты жігіт шыға келді. Сақал-мұрт жоқ. Аша, ақ құба жігіт тәуір киінген… Тани кеттім. Сәлемдестік. Жөн сұрасып, тұра қалдық. Мұқай сөйлесіп тұр. Танымаған адамша, мен жай ауылға қарап отырдым. Бұл жігіт, осы елдің баласы еді. Аты Әуесқан, әкесі Ахметжан қожа. Әуесқан Ақмолада мен оқыған қалалық орыс школында оқыған еді. Менімен бір класта емес, кейінгі класта оқыған еді. Өзі 1916 жылғы қазақ көтерілісі тақырыпты патша үкіметі құлағанша бір қыс бұртиып отыр еді. Жігіт былш еткізіп қатынды тұмсыққа беріп кеп қалды. Қатын шалқасынан түсті. Қолындағы шыны аяғы ұшып түсті…

«Шіркіндердің сыпайысы – ай!» – дедім ішімнен.

Енді біраздан соң азырақ бой үйренісіп, Байтуғанмен әңгімелесе бастадық. Мен білмеген болып, Жәңгір төрені сұрап отырмын. Байтуған Жәңгір төрені, ой, мақтады! Мақтады! Мырзалығын мақтады.

– Бір жылы, бір тұмса күшіктеген қаншыққа тоқты сойып салды… Зекет бергенде санап, алдынан өткізіп, жүз жылқыдан жүз біріншісі айғыр болса да, аягөз ат болса да, молдаға ұстатып беруші еді… Құрбанға өгіз союшы еді. Малайларына бір бөлек арнатып құрбан шалғызушы еді. Бұл төреден мырза жан жоқ еді ғой … – деді. Әбден бажайлап сұрап болып, Байтуған әбден төресін мақтап болған соң, мен төрені жамандауға кірістім. Байтуғанды бірсыпыра ыза қылдым…

Түнімен жаңбыр жауды… төсексіз бүрісіп, Мұқай екеуміз төр алдында жаттық. Ертеңінде ерте тұрып, әлгі кемпір бізді тағы да боқтап, үйге кіргізіп қойған қамыт-саймандарымызды тысқа атқылап лақтырып жүр екен… Мен кемпірдің шаңқылдаған даусымен оянып кеттім. Саймандарымен жиып алдым.

– Қарашы, қамыт доғасын үйге кіргізіп қойыпты! Бұл адыра қалғыларын жау әкетеді деп ойлама екен?! – деп лақтырды қамыт доғаны…

Атты суғарып біраз шалдырып алдым. Ат суғарғанда әдейі Жәңгір төренің ауылының тұсынан дәл төренің өз үйлерінің тұсына барып суардым. Үйткенім: төренің екі-үш әсем ерке қыздары бар дейтін соларды көруге ақ орданың тұсындағы өзен жағасында ат шалдырып көп жаттым.

Басқа материалдар

Back to top button