Қазақтың атақты ақыны, жазушы, драматург, ҚазақКСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 127 жыл толды. С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. Ол халықты егін егуге тартып, ауыл шаруашылығына да көңіл бөлген. Қазан айының 15 күні ұлы ақынның 127 жылдығына орай, аудан әкімдігі ғимаратының алдында орналасқан С.Сейфуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Қ.Шабанбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Мақсұтов және ауданымыздың бірқатар ардагерлері мен мекеме басшылары қатысты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтұлы Сәкеннің өмір жолына тоқталып, шығармалары жайлы сыр шертті. Жиналған көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қоймас бұрын, бір минут үнсіздікпен тұлға рухына тағзым етті. Нұралықтар ақынның рухына осылайша құрмет көрсетті.
Өз тілшімізден.
НҰРА ауданы.