АймақБалқаш

Құрылысшы қолтаңбасы

Кейінгілерге үлгі боларлық алтын қазықтай аға дәрежесін арқалап жүрген жақсылар жалқы емес. Сол тау тұлғалы азаматтардың бірі «NURASYL и К» ЖШС директоры Азамат ­Төребеков.

Балқаш

Азамат Төребеков 1987 жылы Жезқазған педагогикалық институтының көркемөнер факультетін тәмәмдап, Ә.Ермеков атындағы мектеп мұғалімі және мектеп кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Ұстаздық жолды таңдаудың да себебі бар. Марқұм әкесі Рамазан Төребеков тұтас төңірекке есімі белгілі ұстаз болған.

Қолынан іс келетін азамат Ақтоғай аудандық бірінші шақырылымның мәслихат депутаттығына сайланып, халықтың қалаулысы атанды. 1995 жылы Балқаш кен-байыту металлургия комбинатының жарнама бөлімін басқарып, біліктілігін көрсетті. Басшылықтың шешімімен 1998-2002 жылдар аралығында «Қазақмыс» корпарациясына қарасты «Агропром» кешеніне жетекшілік етті. 2002 жылы толағайдай азамат «Толағай» ЖШС директоры қыз­метін мінсіз атқарды. 2007-2010 жылдар аралығында белгілі кәсіпкер, ҚР Құрметті құрылысшысы Серік Қасымбековтің «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС фирмасында ұйымдастырушы болып, тізе қосып жұмыс жасады. Құрылыстың қыры мен сырына қанықты, тәжірибе жинақтап, толыса түсті. Көп ұзамай өз алдына еңбек етуді ойлаған ол «NURASYL және К» ЖШС құрылыс фирмасын ашты. Бұл 2011 жыл болатын.

Жұмыссыз жүрген бірнеше азаматты жұмысқа алып, құрылыс саласына біржола бет бұрды. Бүгінде құрылысқа қажетті техникамен толықтай жабдықталған құрылыс фирмасында өз ісін жетік меңгерген қырық адам жұмыс істейді.

Балқаш қаласына, Ақтоғай ауданына іскерлігімен, жомарттығымен белгілі. Айтып келмейтін апат орын алып, аймақтағы су тас­қынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңадан үй салып, баспана мәселелерін шешуге, ауданның маңызды жолдарын қалпына келтіруге атсалысып, қайырымдылық шарадан қалыс қалмады. Ақтоғай ауылында қараусыз қалған қосқабатты 3 үйге жөндеу жұмысын жүргізіп, айналасын абаттандырып, ел алғысын алды. Ел мүддесін, халық игілігін басты орынға қойып, Ақтоғай, Нұркен, Тораңғалық, Шабанбай би ауылдарының аз қамтылған, толық емес отбасыларға, мұқтаж жандарға, зейнет­керлерге үнемі қайырымдылық жасап, қолдаудан танған емес. Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданындағы алты отбасыға арналған екібасты үш үйдің құрылысын жүргізді.

Құрылысшының қолтаңбасы Ақтоғай ауданында және Балқаш қаласында қалды. Ақтоғайдың 90 жылдық торқалы тойына тарту еткен «Домбыра» монументі Азамат Төребековтің қолынан шыққан төл туынды. Ауданның ажарына айналған 12 метр монументтің аумағы 82 шаршы метр.
Нәтижелі істері еленбей қалған жоқ. Талай марапатты иеленді.

Ал, бүгінде құрылысшы мамандығы әулетке жалғасты. Балалары Тұрар мен Ұлан құрылыста әке салған сара жолмен жүріп келеді. Жас та болса, өз ісінің білгірі атанған мамандар. Үйдің кенжесі Нұрасыл да әкесі мен анасының мейіріміне бөленіп ержетіп келеді. Немерелері де атасы сынды азамат боламыз деген пейілде. Расында, еңбек – әлем әміршісі. Еңбекпен өмірін өрнектеген отбасы қашан да бақыттың құшағында болмақ.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button