Аймақ

Қарағанды облысында көкжөтелдің зертханалық жолмен расталған 20 жағдайы тіркелді

Қарағанды облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 20 зертханалық жолмен расталған жағдайы тіркелді. Сырқаттанғандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Олардың 80 пайызы көкжөтелге қарсы вакцина алмаған. Вакцина алмаған балалардың ішінде 4 жағдай (25%) медициналық шектеулерге байланысты болса, 10 жағдай (65%) ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты тіркелген. Тағы 2 жағдайда балалар (10%) екпе жасына жетпеген.

Сурет ЖИ

Көкжөтел ауа-тамшы жолы арқылы тарайды. Инфекцияның таралу қаупі науқас адаммен жақын қарым-қатынаста болғанда, адам көп жиналатын жабық орындарда және желдетуі нашар бөлмелерде жоғарылайды.

Аурудың алғашқы белгілері көп жағдайда суық тиюге ұқсайды. Мұрыннан су ағуы, түшкіру, тамақтың жыбырлауы және жеңіл жөтел болуы мүмкін. Кейін жөтел күшейіп, ұзақ әрі ұстамалы сипат алады. Жөтелден соң құсу, әлсіздік, тыныс алудың қиындауы, ал нәрестелерде тыныстың уақытша тоқтауы байқалуы ықтимал.

Сондықтан бірнеше аптаға созылған немесе күшейіп келе жатқан жөтелді жай ғана суық тию деп қабылдауға болмайды. Көкжөтелге күдік болса, дәрігерге жүгіну қажет. Диагнозды нақтылау үшін ПТР және қажет болған жағдайда бактериологиялық зерттеу жүргізіледі. Емдеу науқастың жасына және аурудың ауырлығына қарай белгіленеді. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға болмайды.

Алдын алудың негізгі жолы – вакцинация

Елімізде көкжөтелге қарсы иммундау профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне енгізілген және балаларға тегін жүргізіледі. Негізгі вакцинация 2, 3 және 4 айлық жаста жасалады. 18 айда ревакцинация, ал 6 жаста бустерлік доза қарастырылған.

Көкжөтелге қарсы вакцина көбіне басқа инфекцияларға, атап айтқанда дифтерия, сіреспе, полиомиелит, В гепатиті және b типті гемофильді инфекцияға қарсы компоненттермен бірге кешенді вакцина құрамында енгізіледі.

Вакцинациядан уақытында өтпей қалған балаларға да қажетті екпе жасалады. Бұл ретте вакцинация курсын қайтадан бастау талап етілмейді. Баланың жасы мен бұрын алған вакциналары ескеріліп, кейінгі екпелердің мерзімі мен тәртібін медицина қызметкері белгілейді. Уақытша медициналық шектеу болса, қарсы көрсетілім жойылғаннан кейін вакцинация жалғастырылады.

Вакцинациядан бөлек, күнделікті қарапайым сақтық шараларын сақтау да маңызды. Үй-жайды жиі желдету, қолды сабынмен жуу, жөтелгенде ауыз-мұрынды жабу және ауырған баланы мектепке немесе балабақшаға жібермеу қажет. Үйде нәресте немесе вакцинациясы толық аяқталмаған балалар болса, оларды инфекциядан қорғауға барынша көңіл бөлген жөн.

Көкжөтелдің алдын алу бір ғана шарамен шектелмейді. Уақтылы вакцинациялау, ауруды ерте анықтау және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Баланың денсаулығын қорғау үшін екпе күнтізбесін сақтап, ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну маңызды.

Айгерім ЖЫЛҚЫБАЕВА
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button