Бас тақырыпЖаңалықтар

«Кітап оқитын ұлт» марафонының үздік 10 оқырманы 10 млн теңге алады

Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталды. Жоба аясында алты ай бойы кітап оқып, бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен еліміздің үздік 10 оқырманының әрқайсысына 10 млн теңгеден беріледі.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Марафонға қатысу үшін қыркүйек айынан бастап ресми сайтта жеті бағыттың біріне тіркелуге болады. Қатысушылар өз бағыты бойынша ұсынылған 15 кітапты алты ай ішінде оқып, мектеп, ұйым, аудан, қала және облыс деңгейлеріндегі іріктеу кезеңдеріне қатысады.

Өңірлік кезең командалық форматта өтеді. Оның қорытындысы бойынша әр бағыттан үздік командалар анықталып, жүлдегерлерге 600 мың, 450 мың және 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.

Өңірлік кезеңде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жеке сайысқа жолдама алады. Олар эссе жазып, оқыған шығармалары бойынша сарапшылар алдында таныстырылым жасайды. Нәтижесінде Қазақстанның 20 өңірінің әрқайсысынан 10 үздік оқырман іріктеледі.

Осылайша, жалпы саны 200 финалист Астанада өтетін республикалық финалға қатысады. Ақтық кезеңде олар тестілеу, арнайы тапсырмалар және көпшілік алдында сөйлеу сынақтарынан өтеді.

Қорытындысында республиканың үздік 10 оқырманы анықталып, олардың әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде бас жүлде табысталады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button