Жаңалықтар

Қазақстанда атом саласына 4,5 мыңнан астам маман даярланды

Қазақстанда 2000 жылдан бері жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы саласында 4,5 мыңнан астам маман даярланды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігі Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітов айтты,деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Cуреттер Egemen.kz

Қазір инженерлер, физиктер, энергетиктер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары Сәтбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы энергетика және байланыс университеті және басқа да оқу орындарында даярланып жатыр.

Студенттер Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталықта тәжірибеден өтіп, ядролық қауіпсіздік, реакторлық технологиялар және радиациялық мониторинг бағыттарында зерттеу жұмыстарына қатыса алады.

«Атом саласына кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында кәсіби стандарттарды жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен МАГАТЭ ұсынымдарына бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаларды дамыту және жастарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр. Басты мақсат – мамандар санын көбейту ғана емес, білім, ғылым, өндірістік тәжірибе және халықаралық даярлықты біріктіретін ұзақ мерзімді кадрлық жүйе қалыптастыру», деді Данияр Жансейітов.

2026 жылдан бастап атом саласының мамандарына арналған «Болашақ» бағдарламасының жеке санаты енгізіліп, жыл сайын 20 стипендия бөлінеді. Олар магистратура, докторантура және кәсіби тағылымдамаларға бағытталады.

Сонымен қатар кадр даярлау жүйесін жетілдіру үшін білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды бағдарламаларды дамыту жоспарланып отыр.

Биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында жұмыс істейтін МИФИ атом саласы бойынша алғашқы мамандарын даярлап шығарды

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button