Қарағандыда «Жастар – Заң мен Тәртіптің тірегі» форумы 15 мыңға жуық студенттің басын қосты
Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған «Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі» атты форум өтті. Оқу жылының басталуына орай ұйымдастырылған ауқымды шараға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 15 мыңнан астам студенті офлайн және онлайн форматта қатысты.

Форумды облыс прокуратурасы облыс әкімдігімен, полиция және экономикалық тергеу департаменттерімен бірлесіп өткізді. Форумға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Ішкі істер министрлігі комитетінің төрағасы Арман Саданов, Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Әнуар, Экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және әр шешімге жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру – форумның негізгі мақсатының бірі болды. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілетуге арналған жиында жастарға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіптер нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Форум қатысушыларына есірткі таратуға, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлікке тартылған жастардың өмірлік оқиғалары көрсетілді. Құқық қорғау органдарының өкілдері асығыс қабылданған шешімнің немесе «тез ақша табуға» деген ұмтылыстың адамды ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Жаңа технологиялар дамыған сайын отбасында алған тәрбиеден бөлек, интернет, әлеуметтік желі, жалпы цифрлық кеңістік жас өрендердің көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына қатты әсер ететінін байқаймыз. Әсіресе, оң-солын білмейтін жеткіншектер оңай олжаға қызығып, теріс жолға түсіп кетеді. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқандай, бүгінгі ұрпаққа адамгершілік, жауапкершілік, заңға құрмет секілді құндылықтардың мәнін түсінікті тілмен, заманға сай тәсілдермен жеткізе білуіміз керек, – деді өңір басшысы.

Форум аясында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде прокуратураның бастамасымен «Болашақ прокурор аудиториясы» ашылды. Арнайы аудитория прокуратура органдарының қызметі туралы тақырыптық стендтермен және ғылыми әдебиеттермен жабдықталған. Мұнда прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерінің қатысуымен «Прокурорлық қадағалау» пәні бойынша сабақтар өткізіледі. Мұнда студенттерге тек теориялық білім берілмейді. «Прокурорлық қадағалау» пәні аясында қазіргі таңда қызмет етіп жүрген прокурорлар келіп, тәжірибесімен бөліседі. Өмірден алынған нақты оқиғалар арқылы болашақ құқық қорғау саласының мамандарына қызмет барысында кездесетін қиындықтар мен жетістіктер туралы түсінік беріледі.

Бас прокуратураның Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Әнуар жастардың құқық қорғау саласына қызығушылығын арттыруда осындай жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

– Кәсіпке деген сүйіспеншілік, заңға деген құрмет – барлығы осы университет қабырғасында бізге іргетас болып қаланды. Бүгінгі форумның тақырыбы – «Жастар – заң мен тәртіптің тірегі». Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – прокурорлық қадағалау аудиториясының ашылуы. Мемлекет басшысы жастарды қоғамды алға бастайтын қозғаушы күш және еліміздің болашағы ретінде ерекше атап өтеді. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде жастар мен балаларға арналған көптеген нысан салынып, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Тамшыдан теңіз құралады» дейді. Бүгінгі прокурорлық қадағалау аудиториясын да осындай маңызды бастамалардың бірі деп айтуға болады. Соңғы жылдары жүргізілген осы жұмыстардың нәтижесінде Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына түсетін үміткерлер саны алты есеге өсті. Бұл прокуратура органдарына жоғары білімді, жан-жақты даярланған, білікті әрі тәрбиелі мамандарды тартуға деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсетеді. Бүгінгі аудиторияның ашылуы – прокуратура органдары мен университеттің бірлескен жұмысының жемісі, – деді Аида Әнуар.

Форум барысында облыс прокуроры да цифрлық технологиялардың дамуы қоғамға жаңа мүмкіндіктермен қатар, қылмыстың алдын алуда заманауи тәсілдерді қажет ететін жаңа сын-қатерлер әкелетінін атап өтті. Осыған байланысты құқықтық түсіндіру жұмыстарын жастарға жақын форматта жүргізудің маңызы айтылды.

– Бүгінде жастар үшін есірткі тарату мен дропперлік негізгі қауіптердің біріне айналып отыр. Интернеттегі қылмыстық топтар «жеңіл жұмыс», «жоғары табыс», «тез ақша» деген ұсыныстар арқылы жастарды өз қатарына тартуға тырысады. Жыл басынан бері елімізде есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін 63 кәмелетке толмаған жас ұсталды. Өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Ал, дропперлік бойынша биылғы жылдың ортасына қарай қозғалған қылмыстық істердің саны мыңнан асып, жауапқа тартылғандардың 75 пайызы 18-29 жас аралығындағы жастарды құрады. Бір қателік адамның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан, жастар кез келген «оңай ақша» ұсынысынан аулақ болып, өз болашағына жауапкершілікпен қарауы керек. Осы бағытта ата-ана, ұстаздар, достар және құзырлы органдар бірлесе жұмыс істеуі маңызды. Ең бастысы, бала санасына адал еңбектің қадірін сіңіріп, құқықтық сауаттылығын арттырып, қылмыстың салдарын нақты мысалдар арқылы түсіндіруіміз қажет, – деді облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев.

Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбановтың айтуынша, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ең алдымен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу қажет.
– Бүгінде жыл басынан бері Қарағанды облысындағы қылмыс деңгейі 35 пайызға, ал жастар жасаған қылмыстар 58 пайызға төмендеді. Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіп жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі. Ең басты міндет – жастар арасында сауатты профилактикалық жұмыс жүргізу. Қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған тиімді. Жастардың әлеуметтік желілердегі мінез-құлқына да ерекше назар аударылуда. Жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады, сондықтан, интернеттегі қарым-қатынас мәдениеті мен құқықтық сауаттылықтың маңызы зор. Ойланбай жазылған пікір немесе айтылған сөздің өзі құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Осыған байланысты форум аясында әлеуметтік желідегі қауіпсіздік пен мәдениет мәселелері де талқыланды. Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағытында да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте психологтар мен психиатрлар тартылып, балалардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін факторларды ерте анықтау үшін скрининг жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тиісті профилактикалық және түзету шаралары қабылданады. Жалпы, мұндай форумдар мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы ашық диалогты қалыптастырып, жас буынның заң мен тәртіпке деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Еділ Жұбанов.

Форумның ерекшелігі – оның ашық әрі интерактивті форматта өтуі. «Жастар үні» қоғамдық қорының директоры Аслан Смағұлов «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасын таныстырды. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, еріктілер мен студенттер қатысты. Қатысушыларға есірткі саудасы үшін сотталған азаматтардың шынайы оқиғалары негізінде әзірленген профилактикалық бейнематериалдар көрсетіліп, дропперлікке тартылудың салдары мен қаржылық алаяқтықтың түрлі тәсілдері түсіндірілді. Өңірдегі белсенді еріктілер мен қоғамдық қызметке атсалысып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Форум аясында жастардың қоғамдық өміріне белсенді араласқан, ғылым, білім, спорт және қоғамдық қызметте жетістікке жеткен бірқатар жасқа, сондай-ақ өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналарға облыс әкімі мен облыс прокурорының алғыс хаттары табысталды.
Атап айтқанда, ата-аналар қатарынан Ақкөл Айтпаева, Гүлмира Абдуғаппарова, Нұргүл Игенова, Татьяна Ким және Сәуле Төлеуменова марапатталды. Ал, жастар арасынан Жәнел Бақытова, Назира Сапараева, Шапағат Құрманғазықызы, Тұрар Расул Тұрар, Мәулен Медет және Нұрай Шәкен алғыс хаттарға ие болды. Олардың қатарында ғылыми-зерттеу байқауларының жүлдегерлері, әскери-патриоттық және шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары, студенттік өзін-өзі басқару мен қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан жастар бар.
Заң мен тәртіпті сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Ол әр азаматтың күнделікті таңдауы мен жауапкершілігінен басталады. Ал, жастардың құқықтық сауаты мен заңға құрметі – қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды негізінің бірі.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



