Жезқазған

Әріптестік нығаюда

     Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өзара ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы екіжақты меморандум жобасы талқыланып, қол қою рәсімі өткізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарын құрметтей білмегендердің ешқашан аты озып, бәйге алмайды. Өйткені, ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры. Сондықтан, шынайы ақпарат – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Оны экономика, ғылым және мәдениетті зерделеу мен дамытудың негізгі шарты деуге толыққанды негіз бар. Ал, ақпаратты жинау, түзу мен жариялау ісі – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызмет бабындағы бірегей міндеті. Міне, осы тұрғыдан алып қарастырғанда бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы қоғамдағы ролі аса зор. Өз кезегінде, ұлт мәдениетін дамыту, рухани құндылықтарды тарату мәселесінде мемлекеттік архивтердің де мәні мен маңызы ерекше екендігі белгілі. Сол себепті, екіжақты тиімді әрекеттерді ұтымды үйлестіру – уақыт талабы. Бүгінгі басқосу мен қол қойылуы тиісті меморандумның көздеген түпкі межесі – осы. Орнықты атқарылған істің қайтарымы аса мол боларына еш күмән келтіруге болмайды, – деді өзінің кіріспе сөзінде аталған мекеме басшысы Бағдат Байжантаев.

Меморандум жобасын қарастыру кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері, бастамашы тараптың қызметкерлері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ мәселеге қатысты туындаған сауалдарға бірлесе жауап іздеді. Тыңғылықты талқылаудан кейін қалалық мемлекеттік архив пен облыстық «Орталық Қазақстан» газеті, қалалық «Дидар» телерадио хабарларын тарату дирекциясы, Жезқазған-Ұлытау аймағын қамтитын «Сарыарқа», «Жезказганский вестник» және «Мысты өңір» басылымдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум жобалары бекітіліп, қол қойылды.

Мақсатты жиын барысында оған қатысушылардың назарына Жезқазғандағы 60 жылдық шежіре-тарихы бар архивтің қорын пайдалану мен жариялау жұмыстарына қатысты деректемелік мазмұндағы фото-слайд көрсетілімі ұсынылды. Журналистер тарапынан қойылған сан қилы сұрақтарға тиянақты әрі тұщымды жауаптар қайтарылды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button