Рәзия ҚОҒАБЕКҚЫЗЫ: «Мұғалім» деген сөздің өзі – дардай атақ»

    Өткен жолы Қариялар күні қарсаңында Осакаров ауданында болып, мерекелік дастарқан үстінде Осакаров ауданының Құрметті азаматы, оқу ісінің үздігі, Президент Н.Назарбаевтың Алғыс хаттарының иегері, зейнеткер ұстаз Рәзия ҚАСЕНОВАМЕН сұхбаттасып қалғанбыз. Бұған дейін қаншама беделді ұстаз көрсек те, құрметті азамат атағы барын алғашқы кездестіруім екен. Оның үстіне әйел затынан. Содан бірден әңгімеге тартқанбыз…

– Рәзия апай, құрметті азамат атағы бар ұстазды алғаш кездестіруім. Ұстаздықтан бөлек қоғамдық жұмыстармен айналыстыңыз ба, әлде?

– Иә, 2006, 2011 жылдары сайлау кезінде Елбасы Н.Назарбаев штабының сенімді өкілі болғанмын. Үгітші топ құрамында. Бірақ, ауданның Құрметті азаматы атағын тек сол қызметімді ескергендіктен бермеген болар. Бұл – менің 48 жыл бойы атқарған ұстаздық қызметімнің өтеуі болса керек. 48 жылдың ішінде 36 жылы осы Осакаров ауданындағы №12 мектепке тиесілі болса, оның 15 жылында аталған мектепте директордың орынбасары болдым. Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, содан бері қаншама танымал тұлғалар түледі алдымыздан. Тарихшылардың көбі саясат жағына, ел билеу ісіне араласатынын білесіз ғой? Сол еңбегімді елеген болар. Ал, шындығына келгенде, нағыз құрметтеуге тұратын қызмет – ұстаздық деп білем!

– Бірден мұғалім болуды армандадыңыз ба, әлде?..

– Иә, әу бастан мұғалім болуды армандадым және бірден сол жолды таңдап, сол жолда еңбек еттім. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Қарағанды мемлекеттік университетін тарихшы мамандығы бойынша тәмамдай сала, туған жерім Восход совхозы, Николаевка селосында 1968 жылдан бастап ұстаздық қызметке кірістім. 1972-1980 жылдары Нұра ауданы, Киевкада мұғалім болдым. 1980 жылдан зейнеткерлікке шыққан бүгінге дейін Осакаров ауданы орталығындағы №12 мектепте ұстаздық еттім. Қазір, Аллаға шүкір, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Мамандық таңдауға келгенде мұғалімдіктен басқа арман болған жоқ менде.

– Олай сұрайтын себебім, қазір қалаған мамандығы бойынша оқуға түсе алмағандар «қарапайым мамандық» көріп, мұғалімдікті қанағат тұтатын сияқты. Оған не дейсіз?

– Ондай да кездесіп қалып жатады жастар арасынан. Бірақ, олар ұстаз болып жарытпайды. Өз жолын тауып тынады бәрібір. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиындыққа төзбеген қаншама мұғалім басқа кәсіпке бет бұрды. Оларды кінәлаудан аулақпын. Бірақ, сол жоқшылық заманда ұстаздық жолдан айнымағандар – нағыз мұғалімдер.

Әрқайсының мінезі әртүрлі әр отбасының ерке, тентектерінің тілін тауып, жұмыс жасау оңай ма? Оқушы – бәрін біліп тұрған ересек, естияр емес. Олардың ата-анасынан шағым түссе, сенің ұстаздығың да күмәнді. Бүгінгі нарық заманы, технологиялық прогрестер ұстаздықтың алдын орап кетті дегенімізбен де, мұғалімдік сол баяғы орнында тұр. Мызғымақ емес. Себебі, ғажайып өнертапқыш та, кәсіпкер де ұстаздың алдынан өтеді. Ешкім аяғы салбырап көктен түспейді.

– Демек, мұғалімдік қызметтің емес, мәртебелі мамандықты арқалай алмаған кей «мұғалімдердің» беделі ғана түсті демексіз ғой?

– Әрине! Өйткені, мемлекет пен үкімет, жалпы қоғам ұстаздық қызметті керексінбей отырған жоқ қой. Тіпті, жалақыларын көтеріп, солардың беделін көтеру мақсатында жұмыс жасап жатыр. Ұрпақ тәрбиесі қашанда маңызды. Сондықтан, мұғалімнің мәртебесі құлады деген – жаңсақ пікір. Заман жаңарып, қоғам дамыған сайын өз биігінде тұра береді бұл қызмет.

– Мүмкін қазіргі нарық заманына сай жаңа мұғалім тұлғасын қалыптастыра алмай жатқан болармыз? Білуімше, бұрынғы кеңес заманында мұғалімдердің мәртебесі тіптен биік болыпты ғой?

– Мұның қисынға келеді. «Заманына қарай амалы» демекші, бастапқыда төр мұғалімдікі болған, солай болып қала береді деуге болмайды. Ақпараттық технологиялар алға озған сайын жас мұғалімдер де жаңа игіліктерді жылдам игеріп отыруы тиісті. Жыл сайын жаңа курстар, біліктілік арттыру орталықтары неге ашылып жатыр дейсіз? Бүгінгі білім беру саласының өзі бәсекеге қабілеттілікті міндеттейді. Өз ішімізде ғана емес, әлемдік аренада. Жыл сайын жаңа заңдар, жаңа реформалар қабылдануда. Үш тілді меңгеру керекпіз деп жатыр. Мұның бәрінің сыры неде? Болашақтың қам-қарекеті бәрі. Себебі, ендігі уақытта «біз өзімізше осылай ғана дамимыз» деп есікті іштен іліп алып отыру жоқ. Ақпараттық, жаһандық саясат қоятын емес. Қашып құтыла алмайсың. Сондықтан, өзге де дамыған өнерлі елдердің тілін ұғып, олармен ғылым-білім жарыстыра алатындай дәрежеде болуымыз керек. Шетел бізбен сонда ғана санасады. Өз дегенімізді басқаларға сонда ғана өткізе аламыз. Білсем, бүгінгі білім жүйесінің түпкілікті мәні осы бағытта. Яғни, болашақтағы бәсекеге қабілеттілікті нұсқайды.

– Манадан бері ұстаздардың беделі жайында айтып отырмыз ғой. Мұғалімге атақ керек пе?

– Мұғалімнің атағы дейсіз бе? Мұғалім деген сөздің өзі дардай атақ емес пе?!

– Ұстаздың ұлы мұраты немесе түпкі мақсаты не?

– Сабақты жақсы түсіндіру ғана десек, аздық етер еді. Бар асылын шәкірт санасына сіңіріп, із қалдырып кету. «Ұстазға басқа бақыт керегі жоқ, Шәкірттің қалса болды жүрегінде» дегенге саяды.

– Уақыт бөліп, ой бөліскеніңізге рахмет! Амандықта болғайсыз!

Сұхбаттасқан Жәнібек ӘЛИМАН.  

ОСАКАРОВ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.