Сәтбаев

Полицияға ел сенбей ме, әлде…

«Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек…

Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембековтің елмен есептік кездесуі өтпей қалғанда, менің ойыма еріксіз осы сауал оралды. Мәдениет сарайына жиналған жиырма шақты адамның ширегінен басқасы – оқалы оғылан. Залдан түскен жалқы сауалға табан астында тиянақты жауап берген қалалық ПБ бастығы: «Кездесуді кейінге қалдырайық» деп, жиынды жапты. Ал, мен мақалаға тақырып болған сол сауалды полковниктің өзіне қойдым.

– Сауалдан салқын «самал» соққандай сезіледі екен (күлді). Алайда, мен ел полицияға сенбейді деген ойдан аулақпын. Халық жиналмаса, яғни, полицияға қоятын сұрағы жоқ. Әрине, мемлекеттік мекемені былай қойғанда, қаладағы 15 мектептен он шақты оқушыдан шақыртып-ақ залды толтыруға болады. Бірақ, өзін-өзі алдайтын ондай «өлермендіктің» қажеті қанша?

– Тергеуші айтатындай, «бұл жерде сұрақты мен қоямын». Өзіңіздің ойыңыз?

– Қысқа қайырсам, тұрғындарды толғандыратын тақырып таза таусылмаса да, шектен шыққаны шамалы. Кешегі кездесуде залдан бір ғана сауал түсті. Нақты жауабын сол жерде алды.

Ал, таратып айтсам, мәселе мынада: тәжірибе көрсеткендей, жалғыз жазалау шарасымен қоғамда қалыптасқан жағымсыз жәйттан арылу мүмкін емес. Демек, өкілетті, атқарушы және құқық қорғау органының үйлесімді жұмысы өз алдына, қоғамдық ұйым мен қарапайым халықтың белсенділігі қажет. Қазір 57 қоғамдық белсенді бар: тек, тізімде тұрған тұлға емес, әртүрлі жиында жергілікті биліктің кемкетігін өткір сынға алып, ақыл-кеңесін қосып жүргендер.

«Телеграмм» мессенджерінде екі чат ашылған: «Құқықтық тәртіп» және «Көршіңе қарайлас». Қоғамдық тәртіп бұзушылық, ұрлық-қарлық туралы жедел ақпарат алып, шұғыл шара қолдануда жеті мыңдай жазылушысы бар бұл екеуінің тигізіп отырған пайдасы ерен. Сондықтан, кездесу өтетінін ел естімей қалды деуге негіз жоқ. Мұның сыртында қаладағы барлық ақпарат көзі арқылы, сондай-ақ, Инстаграмм желісінде хабарлама берілген болатын.

Жылдық қорытындыға арналғаны болмаса, бұл – жұртшылықтың полициямен байланысын нығайтуды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қалың бұқараны тартуды мақсат еткен жалқы жиын емес. Былтыр әрбір шағын ауданда жалпы алғанда 108-і өтті. Учаскелік полиция қызметкері, жергілікті билік пен жекеменшік пәтер иелері кооператив өкілі және жұртшылық қатысатын одан өзім қалмауға тырыстым. Реті келмесе, бір орынбасарым міндетті түрде барды. Сосын өзім белгі- ленген кестеге қарамай-ақ, шаруамен келген адамды күнде, кез-келген уақытта қабылдай беремін. Мана кезекші қызметкер аты-жөніңізден басқа мәлімет сұрамағанын білесіз. Бізге ел ерік- кеннен келмейді.

– Ендеше өткен жылдың қорытындысын жұртшылыққа мен жеткізейін, айта отырыңыз...

– Онда статистиканы «сөйлетейік»… Бұрнағы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыс – 13,7% (797-ден 688-ге), аса ауыр қылмыс – 64,7%, орташа дәрежедегісі – 7,5%, жеңіл-желпісі – 8,0% кеміді. Біреудің мүлкін үптеп кету де біршама азайды. Мал ұрлау, автокөлік қуып кету мен ұрлау, боп- салау мен бұзақылық, қарақшылық пен зорлық сияқты қылмыс түріне жол берілмеді. Бұл – қылмыстың алдын-алу мен ашудың, тиянақты тергеудің қорытындысы.

Жиі кездесетін қылмыс — жеке мүлікті ұрлау, тіркелген қылмыстың жартысынан астамы (56,1%) осының үлесіне тиеді. Дегенмен, бұл бағытта да оң өзгеріске қол жеткіздік: бұрнағы жылғыдан 12% кеміп, әр он ұрлықтың кемі 7-8-і ашылды. Ал, пәтер тонаудың ашылмай қалғаны жоқ: арнайы атқарылған шараның арқасында пәтер тонаумен айналысқан 6 топ құрықталды, мүшелері тиісті жазасын алды.

Кәсіпорын мен мекемені төңіректейтін бірнеше топ қолға түсті. Бір айта кетерлігі, кейбір жеке кәсіпкер мүлкін сақтауға жүрдім-бардым қарайды. Бір мысал: биыл ақпанның алғашқы аптасында белгісіз біреу пластик терезеден “Алматы” дүкеніне түскен. Тексеру кезінде дүкенге бейнебақылау камерасы мен белгі беру қондырғысы, тере- зеге темір тор орнатылмағаны анықталды.

Біздің қызметтегі маңызды мәселенің бірі – жасөспірім арасындағы қылмыс. Бұл былтыр бұрнағы жылға қарағанда 45,5% кемігеніне қарамастан, осы бағыттағы жұмыс жүйелі жалғасын табуда, берік бақылауға алынған. Барлық мектепте тұрақты түрде алдын-алу шарасымен шұғылдана- тын инспектор және криминальдық полиция қызметкері бекітілген.

Жалпы қылмыс жасау мен тәртіп бұзудың алдын-алуға баса назар аударылады. Қоғамдық орында қалыптасқан жағдайды бақылаудың заманауи технологиясы жетіліп келеді. Қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету механизмі дамуда. Әрине, бұл жерде жұртшылықтың жеңіл-желпі тәртіп бұзудың өзіне ымырасыз көзқарасын қалыптастыру да маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Әлібек ӘБДІРАШ.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button