Бас тақырыпБасты тақырып

Пай-пай, пәтер, қымбаттауды қоймадың!

Құдайға шүкір дейік пе? Қазір Қарағандыда құрылыс компанияларының нарқы да, парқы да жоғары. Күні кешеге дейін әр жерден бір жаңа үй жылтыңдайтын. Бүгін құрылысқа көз қызығатын жағдайға жетіп қалдық. Шаң басқан сұрғылт шаһарды зәулім үйлер ұялтуға көшті. «Беті қызарған» Қарағанды ескі үйлерінің сыртын әрлеуге кіріскен-ді былтырдан. Не десек те, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК уәдесінде тұрды. «Неғылған уәде?!» дейсіз ғой. «Көптеп баспана салынады» деп еді әкімдікке келгенде. Арық сөйлеп, семіз шықты. Облыс орталығында көпқабатты үйлер кейінде жылдам-жылдам «өсіп жатыр». Жарыса-жамыраса құрылыстың белең алуы экономикада ел айтқандай, елеңдейтіндей мәселенің әзірге жоқтығынан хабар бере ме, қайтеді? Қош. Айтпағымыз – ол емес.

Аймаққа әкім боп тағайындалғанда баспана құрылысын бір жарым есеге жеткізетіндіктерін қадап айтқан. Серт етпесе де, сендірген. Сол жылы, яғни, 2019 жылы жалпы көлемі 372 мың шаршы метрлік баспана тұрғызылды. Бүтін облыста. Былтыр, Қарағандының бір басында 322 мың шаршы метрден астам баспана бой көтерді. Биылғы межесі одан көбірек. Бақандай – 402 мың шаршы метр. Өткен жылғыдан 25 пайыз көп. Бұл – облыс орталығындағы тұрғын үйдің тұрқы. Бұдан бөлек, 9 аудан мен 9 қаладағы құрылысты қосып қойыңыз. Сонда «Тұрғын үй құрылысын бір жарым есеге жеткіземіз» деген әкім сөзі пафос емес. Оның пәтуа тапқанын көреміз…

ҮЛЕСКЕРЛІК ТИІМДІ МЕ?

Жалпы, тұрғын үй ішінде, коммерциялық та, бюджеттік те, жеке тұрғын үй де бар. Әйтеуір, бәрінің түп атасы – баспана. Бәрібір бұқараға бұйырады. Шамасы жеткені шекесінен шертіп алады. Жетпегені – бюджеттік баспана. Икемі бары – үй салады. Қалай десек те, аймақта тұрғын үй құрылысының 62 тамыры соғып тұр осы күні. Тоқсаныншы жылдардан бері жаңармаған көнетоз келбетіне қан жүгірді. Жаңа ғасырдың жиырма жылын «жеп қойған» кезде кәдімгідей «жаңара» бастады.

Сонымен, Қарағанды қаласындағы баспана нарығында «бәсекеге» түскендер кім? Үлескер компаниялар қатары – қалың. Бүгінде дайын жаңа үйден гөрі іргетасы қаланбай, соған қаржы құйып қойғанның тимділігін халық та біледі. Құрылыс компанияларын жағалағандар көп.

Қарағандыда осы күні баспана нарығында жүрген 15 шақты компания бар. Қолдарында анық құрылыс жобасын ұстаған. Тұрғындар үлес құюда.

Мұның қаншалықты сенімді-сенімсіздігі сатып алушының тікелей өз жауаптылығында. Өйткені, ондай құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ының кепілдігін алуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, мемлекет ол үйлерге жауапты емес. Оның жауапкершілігі компанияға сенген әркімнің өзінде. Бейресми деректерге сүйенсек, Қарағандыда ондай кепілі бар ірі компания жоқ. Бірақ, соған қарамастан, бірқатар компаниялар мойындарына алған міндеттерін әзірге атқарып келеді. Кейінгі 5 жылдықта жаманат жағдай тіркелмеді.

«НАРЫҚ СҰРАНЫСТЫ ТОЛЫҚ ЖАБА АЛМАЙ ОТЫР»

«Қарағанды ипотекалық-консалтинг орталығы» ЖШС мамандары қазір Қарағандыда баспананың орташа шаршы метрі – 280 мың теңге екенін атайды.

«Қарағандыда пәтердің орташа шаршы метрі – 280 мың теңге көлемінде. Бүгінгі таңда баспана бағасы ай сайын қымбаттауда. Мұның бірінші себебі – нарықтағы сұраныстың артуы. Салынып жатқан пәтерлер сұранысты толық қанағаттандырмайды. Екіншіден, қоғамда үрей бар. Ол «Теңге құнсызданып кетіп, девальвация болуы мүмкін» деген. Сол себепті, қолындағы қаражатын баспанаға салып, инвестиция ретінде ұстағысы келеді. Сонымен қатар, 1-қаңтардан мемлекеттің зейнетақыдағы төлемдерді пайдалануға мүмкіндік беруі де баспана құнының өсуіне әсер етті. Алдағы уақытта баспана әлі қымбаттайды деген болжамымыз бар. Өйткені, сұраныс – көп», – дейді «Қарағанды ипотекалық-консалтинг орталығы» ЖШС директоры Айнұр Сүлейменова.

Орталық былтыр баспананың 28 пайызға қымбаттағанын айтады. Бұл әлі – шек емес. Компанияның мәлімдеуінше, келешекте үй құны әлі де көтеріледі.

Ал, екінші нарықтағы, жұрттың жалпақ тілімен айтқанда, ескі үйлердің де шаршы метрі айтарлықтай арзан емес. Мәселен, қаланың ортасында 60-70-ші жылдары салынған үйлердің шаршысы – 240-250 мың теңге. Оңтүстік-Шығыста 270 мың теңгеден кемі жоқ. Майқұдық аталған бөлікте де – 220 мыңнан. Үй сатушылардың бағаны аспаннан алып қоя салатынын мамандар жоққа шығармайды. «Құрылыс компанияларында барлық есеп-қисап бар. Жекелеген сатушылар бағаны негізсіз қояды», – дейді Айнұр Сүлейменова.

Шыны керек, қазіргі кезде жаңа үйлердің, іргетасы кеуіп үлгермеген баспаналардың базары қызып тұр. Оның кепілі бар-жоғына қарап жатқан пенде жоқ. Оңтүстік-Шығыстың орталыққа айналатын бас жоспары бекітілгелі үй іздеушілердің ынта-ықыласы сонда. Содан ба, сірә мұндағы ескі пәтерлердің өзі де басқалардан қымбатырақ.

КОММЕРЦИЯЛЫҚ ПӘТЕРДІҢ ШАРШЫ МЕТРІ – 230-240 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ЖОҒАРЫ

Құрылысы басталған коммерциялық пәтердің шаршы метрі – тап қазір 230 мың теңгеден жоғары. Тіпті, 300 мың теңгеге жетіп тұр. Дайынының шаршы метрі – 250- 270-300-330 мың.

Мұның арасында ІІІ санатты – эконом, ІІ санатты – бизнес, І санатты – люксі бар. Атауына қарай бағасы да әр түрлі. Дегенмен, 240 мың теңгеден арзанын табу қиын. Олардың тұрғындарға тапсырылуында да сан алуан жолы бар. Біреулері тиесілі келісілген шаршы метрді береді. Есік-терезесін, суын, жылуын тартып. Одан әрі қарай өзіңіз ішкі қабырғаларын қалап, бөліп аласыз. Жарығын жеткізесіз. Қабырғасын әктейсіз дегендей. Мұны «Еркін жобалы, қара лайлы (свободная планировка, черновой)» дейді ел ішінде. Одан кейінгісі – ішкі бөлмелердің қабырғасы бөлінген, электр желісі пәтердің ішінде толықтай бар, қабырғасы бір рет астарланған (грунтовка), алдын ала әрленген (предчистовой) пәтерлер. Үшіншісі – таза кәдімгі толыққанды үй. Оны жұрт та, компаниялар да «Таза әрленген (чистовой)» дейді. Бұл – коммерциялық үйлерден гөрі кепілдігі бар бюджеттік үйлерге тән. Коммерциялық үй салатын компаниялар ішкі жұмысына босқа қаржы да, тер де төккісі келмейді. Себебі, ол үй құнына ықпал етеді.

Сарапшылардың сөзіне сенсек, Қарағандыда тұрғын үй құрылысы енді қарқын алып келеді. Алайда, олардың саны сұраныстан әлі де төмен.

САРАПШЫ НЕ ДЕЙДІ?

Сарапшылар баспана алғысы келген бұқараға мейлінше жаңа үй алуға ұмтылу қажеттігін айтады.

– Жаңа үйдің аты – жаңа. Оның құрылыс материалдарынан бастап, жобалануы да заманға сай. Барлық қажетті жағдай жасалған. Сонымен бірге, нарықта баға көтерілгенде, ол үйлер өзінің құнын жоймайды. Құрылыс компанияларының бағалары – негізсіз емес. Әрқайсысының есебі бар. Сондықтан, мұндай үйлер қашанда сұранысқа да, нарық талабына да толық жауап береді, – дейді сарапшы Аслан Сейітов.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button