Басты тақырыпОблыс әкімі

Озық сапа – отандық өнімде

Қарағандыда Қазақстанда жасалған тауарлар сатылатын алғашқы әмбебап дүкен ашылды. “Таир” сауда орталығында орналасқан дүкеннен алғашқы болып аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ киім сатып алды.

Аймақ басшысы Елордадан кейін Қарағандыда ашылған дүкен тауарларының сапасы жоғары екендiгiн айтып, келу­шілерді құттықтады. Дүкеннің алғашқы тұтынушылары атанған Қаппаровтар және Амангелді отбасыларына Қазақстан Республикасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары Қауымдастығы атынан 15 000 теңгенің тауар сертификатын табыстады.

Отандық тауар қойылған дүкен тұтынушыларының саны артып, қазақстандық басқа да компаниялар осы шараға атсалысатын болса, болашақта елімізде «УниверMAG.kz» дүкендер желісінің көптеп ашылатынына сенімдімін. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық қазақстандықтарды отандық өнімді сатып алуға шақырамын, – деді Н.Қанапияұлы.

Жалпы, «Қазақстанда жа­салған» немесе «УниверMAG.kz» аталған дүкеннің ашылуы – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен Шахтерлер күніне орайластырылған. Дүкенде қазақстандық 20-дан астам өндiруші компаниялардың өнiмдерi қойылған. Оның ішінде атап айтсақ, астана шұлық фабрикасы мен киіз комбинаты, қарағандылық аяқ киім фабрикасы, шымкенттік костюмдер тігу фабрикасы, атыраулық трикотаж өнімдер фабрикасы, семейлік жейделер тігу фабрикасы, алматылық бас киімдер фабрикасының өнімдері қамтылды.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының президенті Сәуле Шәуенова: «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясындағы реформалар елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлкен серпін береді. Отандық тауарлардың көбеюіне септігін тигізіп, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Ашылған дүкен сөрелерінде қала тұрғындарына қажетті үй тоқымасы мен балалар киімінен бастап, ерлер мен әйелдерге арналған іскерлік костюмдер топтастырылған», – деді. Оның айтуынша, бас киім мен аяқ киім, шұлық өнімдері мен спорттық киімдерді осы дүкеннен қолжетімді бағаға сатып алуға болады.

Дүкеннен көрпе-жастық қарас­тырып жүрген Әлия Кейсова, отандық тауарлардың көңілінен шыққанын айтады. «Еліміздегі өнеркәсіп орындары дайындаған отандық өнімдер дүкенінің ашылғаны қуантады. Әсіресе, тауарлар сапасының жоғары екені бірден көзге түседі. Ата-аналар үшін алдағы уақытта балаларға арналған киім-кешектерді де нарыққа шығарса дұрыс болар еді. Себебі, киімдердің тігілуі, сапасы жақсы, бағасы қолжетімді екен» дейді.

Айта кеткен жөн, дүкеннің ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Тұтынушыларға ыңғайлы болуы үшін бірыңғай кассалық жүйе іске қосылған.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button