Отбасындағы зорлық неге көбейді?

Отбасындағы қорлық пен зорлық алдын аламыз деген сайын өршіп барады. Әсіресе, пандемия мен карантин уақытында зорлықшылар «құтырып» кеткендей. Ұрып-соғу бер жағы, пышақтау, өртеу «сәнге» айналды.

ЗОРЛЫҚ ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтын отбасы жоқ шығар. Бірақ, оның барлығы бас салып ұру, бала-шағасымен тентіреп қашу емес қой. Бұрын «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп қайыра салсақ та, қазір өйте алмайсыз. Себебі, бәрі – жария. Өміріміз – әлеуметтік желіде. Көп айтыла бергеннен зорлық көбейген сияқты. Бірақ, қылмыс былтырғымен салыстырғанда азайған деп отыр құзырлы орган мамандары.

Қарағанды облысы бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың аға инспекторы Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаеваның айтуынша, жалпы қылмыстар 30%-ға азайған. Қазір өндірісте 11 қылмыстық істің бар екенін айтты.

Мұндай қылмыстар әр кезеңде болады. 1980-1990 жылдары тіптен, көп еді. Бірақ, солар айтылмағаннан кейін халық білмейтін. Оны прокурор, тергеуші, учаскелік полиция, жақын адамдар ғана білетін еді. Қазір мұндай жағдайды «пиар» ретінде пайдаланады, – деді полиция майоры.

Бірақ, карантин уақытында шақыртулардың көбейгенін растайды.

Карантин уақытында адамдар бір-бірінен зеріге бастайды. Бірнеше күннен кейін төбелеседі. 2019 жылы 800 рет шақырту болса, өткен жылы бұл 3 есе көбейді. Мұндай шақыртулар жақсы, олар қылмыстың алдын алады. SOS102 арнайы мобильдік қосымшасы сіздің қайда екеніңізді анықтап, сөзіңізді де тыңдауға мүмкіндік береді, – деді маман.

«ЗАҢ ЗОРЛЫҚШЫ ЖАҒЫНДА»

Зорлықшыны қолдамаса да, оған жауапкершілік артып, жазаға тартатындай қауқары жоқ. Күйеуі ұрып-соққан әйел полицияға өтініш жазғанынан нәтиже шамалы. Әуелі ескерту жасайды, сосын 10 күнге дейін қамауға алады. Дегенмен, ол аты ғана, 1-2 күннен кейін қайта шығады.

Біз осындай әйелдерден күйеуі жазасыз қалмасын деп өтініш жазуын сұраймыз. Жазғанымен зорлықшы ертесіне шығады. Үйіне барып, өш алады. Сосын әйелдер бізге сенбейді, халық «полиция жұмыс істемейді» дейді. Бұл – заңның осалдығы. Біз 24 сағат қана ұстауға құқылымыз. Бұл мәселені қозғап, хаттың түр-түрін жаздық. Бірақ, нәтиже жоқ, – деп кейіді Г.Сәтбаева-Алпысбаева.

Оның үстіне қазір гуманизация талаптары бар. Көп іс кешірім беру, татуласумен аяқталады. Бірақ, бұл сол отбасының әрі қарай бақытты, берекелі болып кететіне кепіл емес. Кешірім соңында әйел мүгедек болып қалуы, тіпті, өмірімен қош айтысуы ғажап емес. Барар жер, басар тауы қалмағанда дағдарыс орталықтарын паналауға болады. Бірақ, онымен де шешілген мәселе жоқ.

ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕСІЗ

Жақыным деген адамы жарға жыққанға қолдау көрсететін облыста 11 ұйым бар. Оның 9-да қонатын 77 орын қарастырылған. Екі Ана үйі бизнес өкілдерінің қолдауымен ашылған екен.

Қазір дағдарыс орталықтарының жұмысы үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүргізіледі. Мәселенің шешілуіне мүдделі қоғам белсенділерінің ісі тендерге тікелей байланысты. Өзі 1 жылға делінген жұмыста тендер «ойнатылды» дегенше жарты жыл өтеді. Қалған жарты жылда ол орталық не істеп үлгереді? Жұмысы жолға қойыла бастағанда, жылды жауып, қорытындылау керек болады. Оның өзі облыс көлеміндегі үкіметтік емес ұйымдар ұтып алса жақсы. Айдаладағы біреу «қағып кетсе», тіпті, сорақы. Қарағандыдағы біреудің проблемасы басқа аймақтағы біреуге керек емес. Осыдан кейін кімнен қандай нәтиже сұраймыз? Көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған «Шаңырақ» орталығының директоры Ләззат Қожахметова да осылай дейді.

Мен басқаратын орталық 3 жыл жұмыс істейді. Тендері солай. Ал, бір жылдық дағдарыс орталықтарының жұмысын ешкім білмейді. Олардың не телефоны, не мекенжайы айтылмайды. Оны әйелдер қайдан іздеуі керек? Зорлық көрген әйелдер біздің орталықтан да көмек сұрайды. Алайда, біздің жұмыс бағытымыз ондай емес. Дегенмен, көпбалалы екі ананың бірін Нұра ауданына, бірін Ақтоғай ауданына жіберуге мүмкіндік таптым. Тұрғылықты жер, жұмыс, мектеп жайында ауыл, аудандармен келісе аламыз, ал, қалада бұл жүрмейді, – дейді ол.

ЖӘБІРЛЕНУШІ НЕГЕ ҚАШАДЫ?

Түптеп келгенде, неге әйел ошақ қасынан безе қашуы тиіс? Балалар неліктен тентіреуі керек? «Озарение» үкіметтік ұйымының директоры Татьяна Савицкая осыны түсінбейтінін айтады.

Күш көрсетіп, қорлық жасаған адам жайлы жерде қалады. Жәбірленуші – қашады. Аналар дағдарыс орындарында емес, үйлерінде болуы керек. Ал, зорлықшылар заңмен белгіленген орында жазасын алуы тиіс, – дейді.

Мұндай пікірді құқық орғау органдары маманы да қолдайды. Отбасына маза бермейтін еркекті мәжбүрлі жұмысқа салу керек деп есептейді. Бірақ, оның іске асып жатқаны кем де кем.

Бір апта бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі «Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Оның ішінде әйелдердің құқығы да бар. Осыдан кейін бәлкім сең қозғалар, әйел құқығы қорғалар.

Жансая ОМАРБЕК.