Отандық өнім үлесі артады
Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 22-бабында да айдан анық жазылған. Онда «азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздігінің бір бөлігі болып табылады және мемлекет тұтынуды және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейді» делінген. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігі – жаһандық қатердің бірі деп те жиі айтылады. Негізі, азық-түлікке әлем алаңдаулы. Себебі, алдағы көп жылдан соң азық-түлік тұтынудың мөлшері де артады деседі интернеттегі мәліметтер. Бұл болса, аргоөнеркәсіптің өрісін кеңейтуді, оны және бір зерделеп, зерттеуді қажет етеді. Осы бағытта елімізде Президент тапсырмасымен бірқатар бағдарламалар қабылданғаны мәлім. Одан Қарағанды аймағы да қалыс қалды деуге келмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын дамытуда агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен және ауыл шаруаларымен кеңесе әрекет етуді қолға алу қажеттігін атаған еді. Себебі, ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы мемлекет азаматтарының өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді.
Ел бойынша былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрады дейді деректер. Диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинаған-тын. Дегенмен, егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, елімізде майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жеткен екен.
– Мұндай оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының пайдасы орасан, – деп атап өткен-ді Мемлекет басшысы.
Қазіргі таңда ауылдағы шаруашылықтар ақылды технологияға жүгіне бастаған. Бие мен сиырды сауын аппараттар сауады. Күбі атаулының көбі электрокүбілер. Суармалы егін, көкөніс шаруашылығының өзі де заманауи құрылғы көмегімен жұмыс істейді. Мұның бәрі ақылды және цифрлық фермалар қатарына жатады.
Дәл осындай жүйемен облыс бойынша екі бірдей шаруашылық ісін дөңгелетуде. Оның бірі – Осакаров ауданына қарасты «Найдоровское» ЖШС болса, екіншісі – Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС. Бұл екі ферманың бірі – суармалы көкөніс шаруашылығы болса, екіншісі – дәнді дақылдар мен көкөністің элиталық тұқымын өсіруші һәм өндіруші шаруашылық. Ол жерде тұқымдар өсіріліп, бапталып, өзге шаруашылықтарға таратылады. Ал, ерекшеліктері ондағы техникалардың күніне қанша шақырым жүргені, жанармайдың мөлшері, алқапқа күніне бөлінетін су мөлшері, барлығы арнайы экраннан көрсетіліп тұрады.
Ауылшаруашылық басқармасының мамандары бұл екі ферманың облысқа берер пайдасы өте мол екендігін атап отыр. Фермалар заманауи құрылғылармен толық жабдықталған. Мұндағы жұмыстың бәрін дерлік компьютер атқарады. Шаруашылықтағы әр трактордың қозғалысы, оның жүріп өткен әр гектары және күндік жоспарға сай жұмысы арнайы құрылғылар арқылы назарда. Осыған сәйкес адам араласатын жұмыс – тек ол саналы құрылғыларды басқаруға ғана байланысты.
Бұған қоса облысымызда инвестициялық тың жобалар да іске асуда. Айталық, 2024-2026 жылдар аралығында 70-ке жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол – 162 млрд. теңгені құрайды. Биыл 11,6 млрд. теңгеге соның 26-сы іске аспақ. Оның ішінде, қазіргі таңда ең қажетті 12 жоба басты назарда. Бұл – суармалы жерлерді айналымға енгізу бағытындағы жоба.
Сондай-ақ, аймақта заманауи талаптарға сай үш климаттық бақылау жүйесі орнатылған картоп қоймалары салынып жатыр. Мұндағы екеуінің құрылысы қазір мәреге жетуге жақын. Бұйыртса, пайдалануға беріледі. Ал, үшіншісінің құрылысы осы күзге дейін тәмамдалады деп күтілуде.
Расында, жаңа технологиялар мен даму үдерісі ауыл шаруашылығына береке әкелетіні сөзсіз. Осыған сай келешекте мал шаруашылығы өніміне сұраныс артып, мал басы мен құс санының өсу қарқыны жоғары деңгейде болмақ. Нәтижесінде 2030 жылға қарай мал және құс басы 15,3 млн-ға дейін өседі деген болжам бар. Дәнді дақылдардың және мал шаруашылығының өнімділігі де сәйкесінше артады деп күтілуде.
Негізінде, арнайы мамандар есептеуі соңғы он жыл ішінде қалыптасқан саланың даму үдерісіне түзетулер қажет екенін көрсетті. Мысалы, халықтың нан өнімдерін тұтынуы көрсеткіші күннен-күнге артып келеді. Бұл Ұлттық экономика министрлігі белгілеген нормадан 25 пайызға асып түскен. Ал, дәнді дақылдар егістігі 16,6 млн. гектардан 15,4 млн. гектарға дейін қысқарған. Яғни, бір-біріне қайшы келетін тенденциялар байқалады. Егер жағдай осы қалпында қалса, астыққа деген ішкі қажеттілікті толық қанағаттандыру тек экспорт көлемін азайту есебінен ғана мүмкін болмақ.
Сондықтан, орын алған жағдайға байланысты дамудың кейбір тенденцияларын бәсеңдету, ал басқаларын тиісінше жеделдету ұсынылады. Мысалы, нан өнімдері мен қантты тұтынуды азайту арқылы өсімдік майларына сұранысты төмендете отырып, көкөніс-бақша өнімдерін, картопты, ет пен сүтті тұтынуды арттырған дұрыс деп саналады. Бұл бұқара денінің саулығына да, экономика дамуының бәсеңдемеуіне де үлес қосар еді.
Жалпы, ауыл шаруашылығының дамуын белгілі бір арнаға келтіру қарапайым халықтың өнімді неғұрлым тиімді тұтынуына ықпал ететіні сөзсіз. Қазірдің өзінде тұтыну нормаларының артуы, халық санының өсуі және өндірістік тұтынудың, соның ішінде азық-түлікке сұраныстың өзгеруін ескерсек, ішкі және сыртқы нарықтарда да едәуір өзгеріс орын алатыны айғақ. Бұл ретте импорт бойынша түсімдердің айтарлықтай қысқаруы болжануда. Мысалы, дәнді дақылдар импорты 416-дан (2019 жыл) 2030 жылға қарай 150 мың тоннаға дейін, көкөніс-бақша дақылдары – 371-ден 150 мың тоннаға дейін, ет – 205-тен 100 мың тоннаға дейін, сүт – 456-дан 120 мың тоннаға дейін төмендеуі мүмкін. Өйткені, отандық өнімнің үлесі арта түседі деп күтілуде.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»