Жаңалықтар

Қош, бауырым!

Былтыр осы уақытта Сейіл бауырым кетіп еді жалғанның жарығынан. Сәттібай інімнің де бақилық болғанын естіп, қабыр­ғам қайысып отыр.

Сурет: әлеуметтік желіден алынды

Сәттібай екеуміз бір ауылдан едік. Сәттібайдың үй-іші біздің ауылдың бөлімшесі – Ескене ауылынан көшіп келген еді Үй арасында үй жоқ – көрші тұрдық. Бұл менің Қарағанды университетінде оқып жүрген кезім еді. Ауылға келгенде атасы Жүніс ақсақалға сәлем бере барып, қасында отырып әңгімелесіп қайтатынмын. Жүніс қария жас кезінде ұлы бәйгелерге қатысқан, атақты шабандоз болған, жүйрік сырын жақсы білетін көнекөз қарт еді. Мен қариядан сол кездің бәйгелерінің қалай болғанын сұрайтынмын.

Шешесі Алма марқұм біздің үйдің оң жағында тұратын Мақсұт ақсақалдың жиені болатын. Кейін сол жағымыздағы үйге ол кезде жас отбасы Темір аға мен Алма марқұм көшіп келді. Темір аға алған үйдің бұрынғы иесі – Теміртай деген ағамыз еді. Осылайша бір Темір көшіп кетіп, орнына бір Темір көшіп келген-ді.

Сәттібай мектептен соң Қарағандыға келіп, Қарағанды университетінің филфагіне оқуға түсті. Жиі ұшырасып әңгімелесіп жүретінбіз. Бірде: «Сіз осы ылғи атаммен әңгімелесіп отырушы едіңіз, сонда не жайында әңгімелесуші едіңіздер» – деді. Мен: «Өй, сен оны қайдан білесің, сен ол кезде жаңа ғана тәй-тәй басып жүрген бала болатынсың», – дегенмін күліп. «Бала болсам да, есімде қалыпты» – деп жымиып еді. Сәттібай осындай зерек, елгезек жан еді. Студент кезінде өлең жазып, мүшәйраларға қатысып жүрді. Университтен соң облыстың жастар саясаты мекемесінде өмірінің соңына дейін қызмет істеді.

Сәттібайдың қасиеті – адалдығында, арлылығында еді. Өз басым Сәттібай жайлы еш бөтен сөз естіп көрмеппін. Жаны да, жүрегі де, қолы да таза азамат еді. Даланы, жылқыны сүюші еді.

Мен ауылдан кеткелі 40 жылға таяпты. Қырық жыл деген бір адамның ғұмыры екен. Мен кеткен соң туған балалардың өзі қазір қырықтың ішінде. Бұл жылдар ішінде көзкөргендердің дені дүниеден өткендіктен бе – өз ауылыңа өзің бөтенсің…

… Қарағандыда барған кездерімде, түрлі бас қосу, жиын-мерекелерде алдымнан Сәттібай шығушы еді жылы жымиып, ауылыммен арадағы жалғыз дәнекерім боп… Қош Сәттібай бауырым, қош! Бақұл бол, Көрмеген көшеңнен жарылқасын!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button