Орталықтың «Даңқ» аллеясы

МАРТБЕК МАМЫРАЕВ

Мартбек Мамыраев Қарқаралы ауданының қазіргі М.Мамыраев ауылында 1908 жылы дүниеге келген.

 Батыр жасынан еңбекқор да алғыр болып өсті. 1921 жылы жас Мартбек Қарағанды кенішіне жұмысқа келді. Кейінде жер астында көмір шапты. Арнайы оқу бітіріп, электр монтері болды, учаске механигіне дейін өсті. 1936 жылы шахта кәсіподақ комитетіне, кейінде №3-бис шахтасының партия ұйымына жетекшілік етті.

Отанға қауіп төнген шақта ол соғысқа аттанды. 1942 жылдың мамыр айынан бастап майданға кірді. Қазақ жігітінің алғашқы от кешіп, сынға түскен жері Сталинград түбіндегі шайқастар еді. Сол жерде жараланып, 1943 жылдың қыркүйегіне дейін емделді. Қайтадан қатарға қосылып, 12-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы сапында Димитров қаласын азат ету шайқасына қатысты.

Мартбектің атқыштар ротасы әрқашан алдыңғы шептен көрінді. Бірде қалың оқтан жараланған рота командирі қансырап жатып, басшылықты Мартбекке тапсырды. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Мартбек Мамыраев  Қызыл Ту орденімен наградталды.

Беті қайтқан жауды түре қуған жауынгерлер батысқа бет алды. 1943 жылғы күзде олар Днепрге келіп, өзеннен өтуі тиіс болды. Немістер төсеген шағын көпірдің көмегімен Мамыраевтың расчеті қарсы жағаға ілікті. Сол кезде де жараланған Мартбек қатардан қалған жоқ. Ержүрек жігіттер бірінен соң бірі жараланды, көбі қаза да болды. Бірақ, қару күшін шебер пайдаланған Мамыраев әскердің өзеннен жүзіп өтуіне жағдай жасады. Осылайша үлкен операция сәтімен аяқталды.

 Днепрден өту кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін гвардия аға сержанты, 61-ші Армияның 12-ші гвардия атқыштар дивизиясының 32-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 32-ші гвардиялық атқыштар полкінің пулемет расчетінің командирі М.Мамыраевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1944 жылғы ақпанның 15 жұлдызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, медальдармен марапатталды.

Соғыстан кейін Мартбек Мамыраев Киров атындағы шахта партия ұйымын басқарды. Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, кеншілер астанасы атқару комитеті орынбасарлығына сайланды. Кейін химия-металлургия институтында еңбек етті.

Мартбек ағамыздың бейбіт өмірдегі еңбегі де лайықты бағаланып, оған «Құрмет белгісі» ордені, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы берілді.

Мартбек Мамыраев 1989 жылғы 22 қарашада дүниеден өтті.

***

АНДРЕЙ ДУДАРЕНКО

Андрей Емельянович Дударенко 1912 жылы Қарағандыда туған. 22 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Саптағы офицер ретінде ол соғыстың басынан 1945 жылғы қаңтарда оққа ұшқанға дейін бар ауыртпалықты басынан кешті.

Жалпыға мәлім, фашист командованиесі өздерінің ақтық өкше тірейтін жері Одер өзені бойындағы бекіністе жанталаса айқасты. Жау әскері осы жерге шоғырланды. 1945 жылдың қаңтарында кеңес бөлімдері өзенді бетке алып ұрыс салды. Әсіресе, Оппельн деген жерде қатты қантөгіс болды. Осындай аса қиын жағдайда командирдің орынбасары Андрей Дударенко үлкен ерлік пен тапқырлық көрсетті. Ол жауынгер топтарын бірімен бірін байланыстырып, шабуылды үйлестіріп отырды.

26 қаңтарда Дударенко соңғы рет «виллиспен» өзеннің сол жақ жағалауындағы бригада әскерлерін аралап шықты. Ертеңінде майор Дударенко мінген машина өткелге таяп қалғанда алдынан фашист барлаушылары шыға келді. Жау оны қолға түсірмекке ұмтылды. Машинадан қарғып, өзінің көмекшісі арқылы қағаздарды жөнелтіп жіберді. Осы кезде оған жаудың бірнеше оғы тиді.

Одердегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Бірінші Украина майданы 3-ші миномет дивизиясының 15-ші гвардиялық миномет бригадасындағы командирдің орынбасары, гвардия майоры Андрей Емельянович Дударенкоға қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Батыр Ленин, екі Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен наградталды.

А.Дударенко Польшадағы Рановска-Гуры қаласының маңында жерленген. Димитров қаласындағы №19 мектептің және «Красноармейсккөмір» бірлестігінің қабырғасына Батырдың есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

***

ЗАКИР АСФАНДЬЯРОВ

Закир Асфандьяров 1918 жылы Башқұрт АКСР-інің Красноуюль ауданындағы Утяк селосында туған. Ұлты – татар.

1939 жылы ол Омбы әскери училищесінің курсанты болды. Одан кейін Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде артиллерия командирі ретінде алғы шепте болды.

 Зеңбірек расчетының командирі З.Асфандьяров өзінің жауынгерлік жолын Мәскеу үшін болған шайқаста, Тихвин қаласы түбінде бастады. Жауға Курск түбінде, Днепр бойында соққы беріп, Винница, Львов қалаларын жаудан босатуға қатысты және Висла мен Одерден өтіп, соғысты Берлинде аяқтады.

Сержант Закир Лутфрахманович командир болған танкке қарсы зеңбірек расчеты соғыс кезінде фашистердің ондаған танкісін, машиналарын, зеңбіректерін, пулеметтерін және көптеген солдаттары мен офицерлерін жойды. Төрт күн ішінде, яғни, 1943 жылғы 5-9 шілде аралығында оның расчеты Курск шайқасында жаудың тоғыз танкісін жайратып, көптеген жауынгерлерін қырды. Осы ұрыстағы ерлігі мен жоғары жауынгерлік шеберлігі үшін ол Қызыл Ту орденімен наградталды.

Закир Лутфрахманович, әсіресе, Корсунь-Шевченко операциясында батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.

Жау 1944 жылы 25 қаңтарда Винница облысының «1 май» совхозы жерінде қарсы шабуылға шықты. Жаудың жаяу әскерін көптеген самолеттер мен танктер сүйемелдеді. Асфандьяровтың расчеты жаудың танктерінен тайсалмай соғысты. Расчет жаудың 10 танкісін және көптеген солдаттарын жойып, олардың шабуылын тойтарды, Міне, осы ерлігі үшін Закир Асфандьяровқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 1 шілдедегі Жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Львовты азат ету ұрысында шеберлік пен ержүректік көрсеткені үшін ол І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Берлинді алуда «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Закир Асфандьяров Польша үшін болған ұрыста да көзге түсіп, «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен, польшалық «Польшаның азаттығы және тәуелсіздігі үшін» медалімен наградталды.

Кеңес Армиясы қатарынан батарея старшинасы болып оралды. Соғыстан кейін көп уақыт Балқашта тұрып, Шығыс Қоңырат руднигінің 6-шы шахтасында тіреуші, ауысым мастері, ауысым бастығы болып істеді.

1977 жылы 4 қаңтарда қайтыс болды.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).