Қара қағаздан кейін келген хат
Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың отқа оранған сұрапыл жылдарында «хабарсыз кетті» деген жауынгердің жау тұтқынында болып, Ұлы Жеңістен кейін елге дін аман оралғаны, «қаза тапты» деп, еліне қара қағаз жіберген сарбаздың Жеңіс парадында салтанатты сапта тұрған жағдайлары туралы бұрын да естіген, оқыған боларсыздар… Иә, адамзат тарихындағы алапат соғыстың талай шаңырақты ортасына түсірген қасіреті бір бөлек те, әлгіндей жаңсақ хабарлардың жүздеген жауынгердің тағдырына әр қилы ықпал еткені – мүлде басқа әңгіме.
Майдан даласынан шатасып жіберілген қара қағаздың салдарынан «өліп-тірілген» жауынгердің бірі Семейдің Абыралысында туып, өмірінің соңғы жылдарын қазыналы Қарағандыда өткізген майдангер Салықбай (Салих) Исабеков тағдырының белгілі де, беймәлім қырлары мені қатты қызықтырды.
Сонымен, лейтенант Салықбай Исабеков кім?

Қытай шекарасындағы қырағы чекист
Осыдан бірер жыл бұрын редакцияға жиі келіп, газетке ыстық ықылас танытып жүретін Баймурзин Бейбіт есімді ағамыз маған қызыл мұқабалы оқушы дәптерін әкеліп:
– Мына дәптер менің қолыма марқұм қайын атамның жеке архивінен ертеректе түсіп еді. Майдангер жазбалары. Асықпай қарап, зерделеп көрерсің. Соңында ұрпақ қалмаған, іздеушісі жоқ ағамыз екен. Ішінде іске жарайтын дүние болса, жарыққа шығарсақ, – деген бұйымтайын жеткізді.
Болашақта жазылар деген жоспармен жинап жүретін құжаттарыма қосып қойдым да, бір қарап шығуға қолым тимеген. Оның үстіне, соңғы екі жылда жүрек дертіне шалдығып, денсаулықтың жайын күйттеп жүргенімде, есімнен шығып та кетіпті. Жақында Бейбіт ағам редакцияға арнайы келіп, қызыл дәптерді есіме салды. Дереу қолға алдым.
Майданда, оқ пен оттың ортасында жүріп жазған жазбаларынан кәдімгідей қанның иісі шығады. Әбден сарғайып, көмескілене бастаған. Қызыл дәптер жалғыз емес еді. Жанында екі-үш жұқа дәптер бар. Біреуінің мұқабасында «Книга протоколов парторганизации 1-батарей ІІІ ОИПТД» және «Мемуары л-т Исабеков.С. 1-тетрадь» деген жазулар (суретте) бар. Ал, екінші дәптер қайда? Мүмкін жазылмаған шығар. Бірақ, жазылмауы мүмкін емес. Өйткені, Салықбай Исабеков соғыстан кейінгі жылдары Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында мұғалім болып қызмет еткен. Кейбір жазбаларына «1977 ж. 7/IV. Караганда» деп қол қойған. Бейбіт ағаның айтуынша, 80-ші жылдардың аяғында өмірден озып, Костенко шахтасы маңындағы қорымға жерленген. Қазір жерленген жерін де дөп басып ешкім көрсете алмайтын көрінеді. Басына ескерткіш белгі де қойылмаса керек.
Тағы бір жұқа дәптерге бала күнінен бірге өскен досы, соғыс кезінде Иранның Мешхед қаласында Кеңес Армиясының Ирандағы тобының құрамында әскери қызметте болған Мұхаммед-Садық Жалғаубайұлы екеуінің бір-біріне жазған хаттарын көшіріп басқан екен. Өйткені, хат түпнұсқасы төте жазумен (араб қарпі) жазылған.
Салықбай досы хат жолдағанда конверттің ішіне таза қағаз салып жіберіп отырған. «Сендерде қағаз қат шығар. Осы жолы екі баспа қағаз жібердім» деген жазған хаттары бар.
Екі достың бір-біріне өлеңмен жазған хаттарын ерекше ықыласпен оқыдым. Хаттар топтамасының алғысөзі ретінде жазған кіріспесінде Салықбай ата: «Бала жастан бірге оқып, бірге өскен құрдасым Мұхаммед-Садық (Садыбай) Жалғаубайұлы екеуміз әскер қатарына бірге шақырылып, екі бөлек майданда болдық. Ол Иранға аттанды. Досымның өлеңмен жазылған хаттарын соғыс жылдарындағы патриоттық поэзияның озық үлгісі ретінде қабылдауға болар. Сондықтан да, кейінгі жастарға өнеге болсын деген мақсатпен кириллица қарпіне аударып, жинақтадым», – деп жазады.
Енді бір дәптеріндегі жазбаларын «Алатаудағы арпалыс» деп атапты.
Жазбада Салықбай Исабековтің 1930 жылы НКВД-ның Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық бөлімінде қызмет атқарып, ұжымдастыру кезінде Кеңес билігіне қарсылық танытқан бай-шонжарлармен күресте қырандай қырағылық, арыстандай айбат танытқаны баяндалады.
1930 жылғы 10 қыркүйек күні бұған дейін Қытай шекарасынан есірткі алып өтіп, Алтайдың арғы бетіндегі сыбайластарымен тамыр болып алған Алматы төңірегіндегі бай-манаптардың малын айдап, алтын-күмісін арқалап, шекара аспақ болған жоспарларының жолы кесу үшін ОГПУ-ден арнайы отряд құрылады да, оған чекист Салықбай Исабеков жетекшілік етеді. Алатау алабының байлары өз байлығын қорығанымен қоймай, ел ішінде «Колхоз деген – Кеңес Өкіметінің шоқындыру саясаты. Бәрі ортақ меншікке өтеді. Тіпті, қатындарың да колхоз мүшелеріне ортақ болады», – деген секілді қауесет таратып, кедей-кепшікті де иландырып тастаған. Салықбай басқарған отрядқа тап жауларын құрықтаумен қатар, ауыл-ауылға үгіт-насихат жүргізу жұмыстары да жүктеледі.
Іле Алатауының сай-саласын, атақты Асы жайлауының төңірегін, Сарытау жотасының қойын-қонышын, Кеген, Жіңішке, Тау-Шелек өзендерінің жағасын мекендеген Албан, Суан руларының ауылдары бір-біріне жақын қоныстанған. Халық көп, тығыз орналасқан. Отрядқа жүктелген міндетті жүзеге асыру оңайға соқпайтыны бесенеден белгілі. Байлардың босағасында жүрген жалшыларға дейін Кеңес Өкіметін жақтырмайды.
Мұздай қаруланған Исабеков отряды 12 қыркүйек күні Асы жайлауына тұяқ іліктірді. Ауыл көшіп кетіпті. Бұл төңіректің ой-шұңқырын, тау-тасын жатқа білетін аудандық милиция бөлімінің бастығы Әсет Жантаев:
– Бұл ауыл күн салқындаған бетте төменге көшеді. Сол ежелгі дағдыларымен қоныс аударып кеткен болса, оның жарасы жеңіл. Ал, бай-шонжарлардың азғырумен Қытай шекарасына қарай жылжып кетсе, мәселе – күрделі. Мүмкін, отряд шыққанын естіп, Кіндік асуының орманды сайларына жасырынған болар, – деген болжамын айтты.
Содан өзара кеңес құрып, отрядқа жолай ілескен ауыл белсенділерін осы жерден кері қайтарып, Салықбай Исабеков, Әсет Жантаев, милиционер Мұқан Малгелдин және тағы бір жас чекист төртеуі Кіндік асуын бетке алды. Жантаевтың болжамы жалған болмады. Қатар-қатар, бір-біріне жалғасып жатқан құз-жоталарды асып, Кіндік асуының бөктеріне жеткенде, арасы 200-500 метр болып, 10-15 киіз үйден қоныстанған ауылдар көрінді. Отрядтың әр қадамы, әрбір әрекеті – Салықбай Исабековтің жауапкершілігінде. Мүлт кетуге болмайды. Жауларға сезік тудырмау үшін барлығы да түйе жүн шапан, қысқа бешпент киіп алған. Ат арқасында өткізген шұғыл кеңестің шешімімен Малгелдинді ауылға аттандырды. Тапсырма – ауылда қарулы банданың бар-жоғын біліп келу. Жіберген тыңшылары біршама кешіккен соң, бұлар да сезіктеніп, ауылға жақындады. Шеткі үйдің алдында балта ұстаған Малгелдин тұр. Винтовка мен атынан айырылған. Ауылдағылар Мұқан Малгелдинді алдарқатып, әңгімеге тартады. Сөзінен де, жүріс-тұрысынан сезік тудырмағанымен әккі банда басшылары мұның қолындағы винтовкасынан күдік алады да, қымыз ұсынып, қапысын тауып қаруын тартып алады. Киіз үй ішінде басталған арпалыс кесінде чекист ошақ басындағы балтаны қолына алып, аман қалған екен.
Не керек, сол ауылда тап жауларымен ұзаққа созылған атыс болып, Жантаев оққа ұшады. Бесін ауа басталған атыс қас қарайып, түн ортасына дейін жалғасты. Өліспей-беріспеуге бекінген екі жақтың да оғы таусылар емес. Отряд командирі Салықбай Исабеков жараланса да, Малгелдин екеуі қарсы тараптың серкелерін қолға түсіреді. Бірақ, қайтар жолда Малгелдин жолдан адасып, Еңбекшіқазақ ауданына мүлде басқа жолмен келеді. «Жаныңдағы серіктеріңді жау қолына тастап кеттің» деген желеумен оны қамап тастаған екен, Исабеков келген соң, Малгелдиннің атыс кезіндегі ерліктерін дәлелдеп, серігін қамаудан босаттырады.
Міне, соғысқа дейін де қару асынып, қатерге басын тіккен қырағы чекистің ерлік жолы осылайша Қытаймен шекаралас Кіндік асуында басталған екен.

«Кебенек киген келеді»
Қызыл дәптердегі жауынгер жазбаларынан талай сыр аңғаруға болады. Неміс фашистеріне деген кек, туған жерге сағыныш, асқақ рух, темірдей төзім, болаттай беріктік… Жазбалардың әдеби мазмұны әлсіз болғанымен, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын зерттеушілер үшін таптырмас дерек көзі болар еді. Алайда, бізге аздық еткендей.
Жауынгердің жорық жолынан мол дерек бар. Бізді белгілі жауынгердің Қарағанды топырағындағы беймәлім тағдыры қызықтырды. Айтпақшы, Бейбіт аға Салықбай Исабековтің Қаракесектің Қамбар руынан екенін, Балқантаумен іргелес Абыралының тумасы екенін айтады. Бекең осы төңіректегі Қамбар ұрпақтарынан сұрау салып, ізденген екен. Ешкім елемеді ме, ешқандай нәтиже шыға қоймаған.
Бізге белгілісі сол – Салықбай Исабеков Қарағанды қаласындағы №7 мектеп-интернатта мұғалім болып қызмет атқарған. Оның өзін облыстық мұрағаттан табылған бір ғана құжат арқылы нақтыладық. Қарағанды қаласы, Киров аудандық атқару комитетінің хаттамалары тігілген папкадан «Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай соғыс мүгедектері мен майданда қаза тапқан жауынгерлердің отбасына пәтер беру туралы» шешімінде Салықбай Исабековтің аты-жөні 77-ші болып тұр. Сол жерде жазылған «Ұлы Отан соғысының мүгедегі, №7 мектеп-интернаттың мұғалімі» деген жалаң ақпараттан басқа еш дерек табылмады. Өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінің 1960-1980 жылдардағы тігінділерін де парақтап шығып, ешқандай құнды дерекке кездеспедік.
Бірде-бір фотосы да қалмаған екен. Мына жалғыз фотосуретін «Подвиг народа» сайтынан алып отырмыз.
Хош, жауынгер жазбаларына оралайық…
Салықбай Исабеков майданға 1942 жылы 18 мамыр күні Семей облысы, Мақаншы аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Алатаудағы арпалыста алған жарақаты бар, жүрегі де сыр берген. Мектепте мұғалім болып істейтін және идеологиялық жұмыстарға белсене қатысып жүрген Исабековті аудандық партия комитеті броньмен алып қалмақшы болып әрекет жасаған екен. Әскери комиссариат «Ферғанаға уақытша көшірілген Харьков артиллерия училищесіне жібереміз. Оқуы аяқталған соң, медициналық комиссиядан өтеді. Мынадай денсаулық жағдайымен комиссия міндетті түрде жарамсыз деген шешім қабылдайды. Алты айдан соң қайтып келеді», – деп, алдаусыратып, 20 мамыр күні Ташкент бағытындағы пойызбен шығарып салады.
Сарбаз күнделігінде пойыздың тоқтаған станциялары, әр сәттегі қимастық, Батыстағы жауға деген өшпенділік әсерлі әңгімеленіп, тәптіштей жазылған. Біз оның барлығын ежіктеп, уақыттарыңызды алмай, Воронеж майданына тікелей тартуды жөн көрдік.
Сөйтіп, 1942 жылы 25 қарашада медициналық комиссия сараптамасының қорытындысы бойынша «соғысқа жарамды» деп танылған лейтенант №40 Воронеж майданына қарасты 141-атқыштар дивизиясының 687-полкі құрамында взвод командирі болып майданға кіреді.
…Жауынгер күнделігінің жазбаларына қарасаңыз, Салықбай ата майданда қару мен қаламды қатар ұстағанына көз жеткізер едіңіз. Сұрапыл соғыстың әр сәті нақты баяндалып, әскери операциялардың ай-күні, тіпті, сағатына дейін жазылған. Лейтенант Исабековтің жорық жолы Дон өзені жағалауындағы Александровка селосынан басталып, Берлинге дейінгі аралықты қамтиды. Украина, Белоруссия, Польша, Чехословакия елдерін жау шеңгелінен азат етуге қатысып, ол басқарған взвод фашистердің бірнеше ауыр соққыларына төтеп берген. Өз жазбаларында құр мақтанға бой алдырмаған лейтенант 1944 жылы 15 қыркүйекте Бас қолбасшының №054 (к) бұйрығымен жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын ғана жазады. Ал, ресейлік «Подвиг народа» сайтында 1945 жылы 17 сәуірде «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен және әр жылдары жауынгерлік медальдармен марапатталғаны туралы құжаттар сақталған.
Награда парағында Салықбай Исабековтің ерліктері егжей-тегжейлі жазылған. Мәселен, 1943 жылы 18 ақпанда Курск түбіндегі Солдатское селосын жаудан азат ету кезінде неміс басқыншыларының 4 бірдей жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 4 пулемет дзоты, 2 зеңбірек ұясының күлін көкке ұшырғаны және 80 фашистің көзін жойғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға ұсынылады. Ал, «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапаттау жөніндегі құжатта жасаған ерліктері ай-күнімен нақты жазылған. Құжатта Салықбай Исабеков 1945 жылғы 18-20 сәуір күндері жаудың 2 зеңбірек, 4 пулемет ұясын талқандап, 50 неміс солдатының көзін жойғандығы, 24-27 сәуір күндері опат болған зеңбірекшінің орнына өзі тұрып, 1 зеңбірек, 5 пулемет ұясын жойып, 80 неміс сарбазын жер жастандырғаны туралы баяндалады.
Салықбай Исабеков 1943 жылы 18 ақпанда Курск түбіндегі шайқаста ауыр жараланады. Дәл жанынан жарылған жау снарядының жарықшағы екі аяғын тізеден төмен зақымдайды. Жаяу әскерге жол ашу тапсырмасы жүктелген оның взводы жанқиярлықпен жау шебін бұзып өтіп, жүздеген неміс жендеттерінің және 2 пулемет дзотының көзін жойып, әскери тапсырманы мүлтіксіз орындайды.
Жаралыларды ұрыс даласынан оқшаулау кезінде Салықбай Исабеков пен қаза тапқан зеңбірекшінің жол дорбасы (вещмешок) ауысып кетіп, лейтенант Исабеков орналасқан госпиталға зеңбірекшінің дорбасы келеді. Ал, қайтыс болған сарбаздың жанындағы дорбада Исабековтің аты-жөні жазылған күнделіктері мен училищеде жазған лекциялары бар дәптерлер болған. Соның салдарынан «Исабеков қаза тапты» деген ақпарат полкке жолданып, одан әрі Семейге қара қағаз жөнелтіледі. Ауылдағы ағайын, әке-шеше, асыл жар қара жамылып, Салықбайдың қырық күндік құдайсын беруге қам жасап жатқанда, майданнан хат келеді. Ағайын-туыс абдырап қалсын. Өң бе, түс пе, белгісіз. Жағдайдың анық-қанығын нақтылауға бүгінгідей «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» мүмкіндік жоқ. Бар үміт – хатта көрсетілген ай-күнде. Өйткені, қара қағазда Салықбайдың 18 ақпанда қаза тапқаны жазылған. Ал, хатта «24 ақпан 1943 жыл» деп, тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Хаттың түпнұсқасы (суретте) қызыл дәптердің арасынан шықты.
Дала госпиталында май шаммен жасалған ота кезінде жанкешті жауынгердің аяғындағы снаряд жарықшақтарын толық тазалауға мүмкіндік болмайды да, өкшесіне қадалған жарықшақпен қайтадан майдан шебіне аттанады. Таяққа сүйеніп жүріп, зеңбірек атып, Жеңіс күнін 161-ариллериялық полк құрамында Прага қаласында қарсы алады. 1945 жылдың маусым айының ортасына дейін Берлинді толық тазалау операцияларына қатысып, жаз ортасында елге оралған.
Қаза тапқандар тізімен еніп кеткен лейтенант таяққа сүйеніп, Воронеж маңындағы Орталық майдан дивизиясы сапына қайта қосылғанда, штабтағылар «тіріліп» келген Исабековті көріп, шалқаларынан түседі. Бұл «өліп-тірілудің» өзі әлдебір сезік тудырып, біршама уақыт тергеп-тексеруден де өтеді. Бұл кезде алты госпиталь аралап, аяғына әрең тұрған жаужүрек жауынгердің Курск түбіндегі ерен ерлігі «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылып, Бас қолбасшы И.Сталиннің арнайы «Алғыс хаты» майдан даласында өз иесін таппай жүрген еді.
…Дана қазақтың «Кебенек киген келеді» деген қанатты қағидасының түп-төркіні қарша борап, жаңбырша жауған оқ пен оттың арасынан аман келген Салықбай сынды һас батырлардың тағдырымен тамырласып жатқандай. Иә, ол батырға тән ерлік жасап, адамға тән адалдықпен ғұмыр кешті. Өзін дәріптемеді, дәріптеуге де құштар болған жоқ. Әйтпесе, «Подвиг народа» сайтынан алынған құжатта 1945 жылдың 17-28 сәуір күндері Исабеков басқарған атқыштар взводы 500-ден астам жау әскерін жер жастандырып, 40-50 пулемет ұясының күлін көкке ұшырғаны нақты жазылған. Мұндай ерлік үшін взвод командирі Кеңес Одағының Батыры атағын алуы керек еді. Алайда…
1943 жылы ақпан айында Курск түбіндегі алапат ұрыс кезінде жаудың 500 ұшағы бір тәулік бойы қаланы бомбалаған. Сол уақытта «Совинформбюро» жаңалықтарынан: «Курск маңында жағдай күрделеніп тұр. Кеше 500-ге жуық жау самолеттері қаланы толассыз бомбалады. 141-атқыштар дивизиясының зеңбірекшілер взводы бір сәтте 67 жау ұшағын атып түсірді» деген ресми ақпарат тараған екен. Бұл взвод лейтенант Исабеков басқаратын батырлар тобы болатын.
***
…Жеңілдеп қалдым. Елеусіз қалған есіл ердің есімін ұрпақ жадында бір жаңғырту мақсатым еді. Ендігі қадам – даңқты жауынгер, ұлағатты ұстаз Салықбай Исабековтің соғыстан кейінгі беймәлім тағдырын зерделеу. «Көзкөргендер қалмады» деуге әлі ертерек. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында ғана өмірден өткен майдангерді білетін, тіпті, бірге қызмет атқарған әріптестері табылып қалар деген үміт жетегінде қалам доғардық.
«Кебенек киген келеді» екен!



