Орта Азиядағы құнды валюта

Дербестіктің дара белгісі – төл теңге тарихының жалпақ жұрт жете біле бермейтін тұстары көп. Теңгені айналымға енгізу қандай күш пен қажыр-қайратты, тас жұтқан тәуекелділік пен тастүйін шешімді қажет еткенін енді біліп жүрміз, жасыратыны жоқ. Саясат аренасындағы аласапыран кезеңде келешек үшін аса тарихи қадамдарды жасауды уақыттың өзі талап еткені мәлім. Күндей күркіреген Кеңес үкіметінің керегесі қақыраған сәтте көршіміздің де өзгелерге қатысты саяси ұстанымы да өзгере бастаған тұс-тын. Елбасы «Қазақстан жолы» еңбегінде: «Мемлекеттер өз валюталарын енгізгенше рубль аймағын сақтай тұру туралы ТМД шеңберінде қол қойылған келісім-шарттың болуына қарамастан, ең басынан-ақ, Ресей бұрынғы КСРО республикаларын рубль аймағынан итеріп шығаруға тырысты» – деп жазды. Бұдан сол кезеңдегі саяси ахуалдың сипатын айқын сезуге болады.

1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қарашада теңге ресми айналымға енді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау сол жылдың 15 қарашасы күні таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қараша күні сағат 20.00-де аяқталған еді. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Алайда, кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль бағамында белгіленді. Теңге айналымға енердің алдында, үш күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығы шыққаны белгілі. Экономика тұрмақ, елдің өзі қалай күнкөрудің амалын ойлап бас қатқан кезеңде теңгені басып шығарудың өзі мұң болғанын енді естіп, біліп жүрміз. Бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың естелік жазбаларында айтылған:

«Жеті миллион доллар тауып, ақшамыздың қалған бөлігін шығаруға қажетті шығынды төледік. «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар» деп жазады естеліктерінде Елбасы.

Иә, сөйтіп, 15 қараша мен 20 қараша аралығында халық қолындағы рублін теңгеге айналдыра бастады. Алты күн ішінде 770 қапқа салынған 20 тонна рубль жиналып, өртелді.

Ең бірінші бағамы, 1 АҚШ долларына – 4,75 теңге. Сол уақыттағы міндет – теңгеміздің туын жықпау, құнын жоғалтпау еді. Ал, бұл болса, орасан күшті, тиянақты қадамды талап етті. Теңге құнын жоғалтпау үшін алғашқы екі жылда талай қиындықты еңсерді. Мәселен, деректер теңге айналымға енгізілгеннен кейін алғашқы 7 айда 8 есе құнсызданғанын көрсетеді.

Десек те, одан кейінгі жылдары теңгенің АҚШ долларына қатынасы бойынша құнсыздану қарқыны едәуір баяулаған. Мәселен, егер 1995 жылы теңгенің бағамы 17,9 пайыз болса, 1996 жылы 15,4 пайызға төмендеді, 2001 жылы теңгенің номиналдық құнсыздануы – 5,17 пайыз, ал 2002 жылы 3,25 пайызды көрсеткен. Экономиканың небір сынына төтеп берген теңге осы күні өзге бірқатар елдің валютасымен салыстырғанда құндырақ. Сарапшылар қазақтың ұлттық валютасы көршілес елдердің ішінде құнды ақша екенін айтады. Орталық Азия елдері арасында теңгенің беделі өте жоғары.

Бүгінгі таңда, арада жиырма алты жыл уақыт өткенде теңге – әлемдегі неғұрлым барынша қорғалған валюталардың бірі. Теңгені жасауда ең озық технологиялар пайдаланылады. «Дизайны жағынан да өзге мемлекеттердің валютасынан оқ бойы озық» деген пікірлер де жиі айтылады. Бұл – теңгеге әлемнің берген бағасы. Ендеше, теңгеміз тұғырдан түспесін деп тіледік.

Қызғалдақ АЙТЖАН