Орасан игілік — отбасылық құндылықта

Дүниеге жаңадан келген сәбидің еститіні – анасының үні, көретіні – ата-анасының бір-біріне деген қарымқатынасы, сондықтан баланың ер жетіп, қалыптасуында отбасының орны ерекше. Ата мен әженің «айналайынынан» нәр алып, әке мен ананың мейіріміне бөленіп жетілген баланың көрегенді, иманды, көпшіл болып өсетіні анық.

Бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп текке айтпаған, ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңген қасиет баланың алдағы өмірінің бағдаршамындай болады.

Отбасы – ұлттық, дәстүрлі құндылықтардың бастауы. Отбасының тірегі –әке болса, берекесі – ана. Бала кішкентай кезінен көргені мен естігенін жадында сақтап қалады. «Не ексең; соны орасың» демекші, ата-ана өзінің әрбір әрекеті мен сөзіне мән берген.

Әрбір қазақ әйелінің міндеті – ғасырлар, ұрпақтар мен дәстүрлер арасына алтын көпір бола білу. Өз аналарынан үйренгенін балаларына, немерелеріне үйретіп сабақтастыра білу керек. Парасат пайымы кең, көкірек көзі ашық аналардың ақ сүтімен бойға дарыған, «айналайынымен» санаға сіңген ақыл-кеңестері өмірдің кез келген қиындықтарынан сүріндірмей, тек алға жетелейді. Ананың «…сендер менің атар таңым, қызығым да, жемісім де», – деген үмітін арқалаған ұрпақтың жаман ойы болуы мүмкін емес. «Жұрт сендерге қарап, мына бізге баға береді», – деген сөздері үлкен жауапкершілік пен сенімді ақтауға ұмтылдырды.

Қоғамның бақыты – әйелдің бақытымен сабақтасып жатыр. Әйелге жағдай жасалмаған қоғамның болашағы – бұлыңғыр, өйткені әйел-анасыз тәрбие ақсайды. Ал, тәрбие ақсаса, дүрыс ұрпақ қалыптаспайды. Болашағының кемел болғанын қалаған ел, ең бірінші кезекте, әйел-ананың жағдайына назар аудару керек. Ана мейірімін ешқандай балабақша, мектеп те бермейді.

«Өнегелі ұрпақ тәрбиелегің келсе, қыздарыңды тәрбиеле» деген сөз текке айтылмаса керек. Өйткені бүгінгі – жас ару, ертеңгі – ана. Олар жақсы болса, бір әулеттің мерейінің асқаны, ал жаман болса – қасіреті.

Барлығы отбасынан басталады деп жатамыз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенде мақал ойға оралады. Жерді, Отанды, ұлтты сүюді, қадірлеуді бала отбасынан үйренеді. «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» деген қағиданы ұстанған аналар дәстүр сабақтастығын үзбей, ер-азаматтың орны қашан да жоғарыда екенін, тамақтың да алды отағасына құйылатынын, сөзді де отағасы бастау керектігін т.б. осындай сырт қарағанда елеусіз көрінгенмен, әке беделін арттыра түсетін әрекеттерді санаға сіңіре білді. Отбасында әкені асқақтату арқылы ер-азаматтың балалары алдындағы абыройын арттырған, әкені пір тұтқан.

Бабаларымыз өнегелі дәстүрді қалыптастыру үшін әдеп заңдары мен дәстүрлі құндылықтарға аса мән берді. Оларды қадағалап, қастерлеп, сақтап, жалғастыра білді. Соның нәтижесінде ар-ұяты терең, рухы мықты, намысы биік ұрпақ өсті, ел болды. Біз ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу арқылы елдігімізді одан әрі нығайта түсеміз. Сондықтан келер ұрпаққа осы дәстүрлерді аманаттауды мақсат етуіміз қажет. Кең байтақ иен даланың болашақ ұлтжанды иелерін тәрбиелеу, кезек күттірмейтін мәселеге ел, қоғам, отбасы болып жұмылу керек, әйтпесе ертең кеш болуы ғажап емес.

Отбасылық құндылықтар – қоғамдағы құндылықтардың ең қайнар көзі. Шағын мемлекеттегі тәрбие оңалмай, үлкен мемлекеттердің, қоғамның реттелмейтіні анық. Иманды, ибалы, парасатты ұрпақ, міне нағыз байлық осы. Иманды ұрпақ – тәрбиелі, нәпсіге бой алдырмайтын, кез келген дүниеге еріп кетпейтін, барға шүкіршілік ететін ұрпақ. Әрбір отбасы имандылыққа жүгінсе, барлығы аңсайтын, жылылық пен мейірім тұнып тұратын, қиынқыстау кезде де әйелі азаматын сыйлайтын, құрметтейтін отбасылар көбейетініне сенімдіміз. Қасиетті Құран Кәрімде жәннат анаңның табанынын астында деген секілді хадистер көп. Ал байлықтың баянды болуы үшін, парыз бен қарыздың, дәстүрдің, адалдық пен арамдықтың салмағын білетін бала тәрбиелеу керек. Сонда ғана біз ынтымақты, ырысты ел бола аламыз.

С. Болатқызы,

 Мәдениеттер және діндер халықаралық орталығы Талдау бөлімінің басшысы.